Астролог Қазақстанды күрделі кезең күтіп тұрғанын айтады

11.11.2019
Қаралды: 180

Елімізде биылғы жыл басынан бері түрлі саяси оқиғалар болып өтті. Олар жалғасып та жатыр. Осы орайда астрологтар да өздерінің алдағы уақытқа жасаған болжамдарын жариялауда.

 

Таяуда  қазақстандық «Vіrgo» болжау астрологиясы мектебінің негізін қалаушы кәсіби астролог Ирина Абдраимова өзінің әлеуметтік желідегі жеке арнасында биылғы жыл соңы мен алдағы 2020 жылдың бірінші тоқсанына қатысты жасаған болжамдарымен бөлісті. Астролог бұл болжамдарды Сатурн-Нептун, Уран-Сатурн, Ай-Сатурн, Юпитер-Уран, Юпитер-Нептун, Юпитер-Юпитер, Юпитер-Ай ғаламшарларының өзара әсерлесу тәртібіне қарай отырып жасағанын айтады.

 

«Президент Қ.Тоқаев биылғы жыл соңына дейін қиын, күрделі кезеңді басынан өткереді, – дейді И.Абдраимова осы болжамында. – Бірнеше топтардың арасында билік үшін күрес күшейеді. Биылғы қазан айының соңынан бастап, 2020 жыл бойы саяси күрес жүреді. Әсіресе қазанның соңы, қараша айының басы және желтоқсанның соңғы онкүндігі тыныш емес. Бұл кезде саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық-саяси қозғалыстардың белсенділігі артады, коррупциялық жанжалдар, сот істері көбейеді. Бұған дейін жабық түрде жүріп жатқан құрылымдық бәсекелестіктер ашық сипат алады, элиталар арасындағы ішкі күрес ашық алаңға шығады. Тәртіпсіздіктер, митингілер болуы мүмкін. Жалпы, азаматтардың саяси бел­сенділігі артады. Осы орайда биліктің кей істерде мәмілеге келіп, жол таба білуі маңызды».

 

Астрологтың болжамынша, Қазақстанда кадрлық ауыс-түйістер, кадр дағдарысы, билік үшін, ықпал аймағы үшін күрес 2020 жыл бойы жүріп отырмақ.

 

И.Абдраимова биылғы қараша айында билік елдің алдағы бірнеше жыл бойғы дамуына серпін беретін қандай да бір маңызды шешім жасауы мүмкін екенін айтады. Оның болжамынша, өзгеріс мемлекеттік атқарушы билікті, күш құрылымдарын қамтиды, қатаң сипат алады. Президент өзінің билігін нығайтуға қатысты көп жұмыс істей­ді. Бұрынғы қалыптасқан ойын тәртіптері бірте-бірте  жойыла бастайды.

 

«2019 жылдың соңы мен 2020 жылдың басында күрделі өзгерістер бүкіл әлемді қамтиды, ол Қазақстанға да әсер етеді, – дейді ол. – Тұңғыш Президент үшін 2020 жыл көп салалар бойынша күрделі, ауыр болады. Ол осы жылдың бірінші тоқсанынан саясаттан кете бастайды. Елдегі бизнес, сот, құқық қорғау салаларында жаңа реформалар жасалады, жаңа жүйелер қалыптастыру қажеттілігі туады. Саясат, сая­саткерлер ашық алаңға, тіпті интернетке шығуға мәжбүр болады.

 

2020 жыл – жаңа әлем, жаңа экономикалық, қаржылық модель қалыптастырудағы бетбұрыс жылы. Ол 2023-2025 жылдарға дейін жалғасады. Әлемде қарулану күш алады, кей елдер арасында «экономикалық соғыс» жүріп жатады. Мұның бәрі де Қазақстанға әсер етеді. Мысалы, өмір сүру деңгейі нашарлауы, астық түсімі азаюы, теңгенің бағамы төмендеуі мүмкін. Теңге бағамы 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында, тіпті осы жылдың қараша айының өзінде-ақ әлсіреуі ықтимал. Мүлікті қайта бөлісу, коррупцияға қатысты шулы сот процестері көбейеді.

 

Егер Тоқаев өзінің позицияларын қорғап қала алса, онда 2021 жылдан оның танымалдығы арта бастайды. Оған биыл­ғы жыл соңынан 2020 жылдың наурызына дейін аса сақ қимылдау керек. Әсіресе сырттан келетін «түрлі-түсті төңкерістен» сақ болу керек, өйткені оны жасауды көксейтіндердің позициясы 2020 жылдың сәуір айына дейін күшті болады. Кейін ол бірте-бірте әлсірей бастайды».

 

Астрологтың болжамынша, 2020 жылғы сәуірге қарай құрылымдық бәсекелестік, элиталар арасындағы ішкі бәсеке ашық көріне бастайды. Бұл кезде 2019 жылдың наурызында басталған Сатурн-Нептун әрекеттесуі жүріп жатады. Түсініксіз жайлар, екі биліктің болуы, депрессия, құбылмалы тұрақсыздық кезінде жаңа нәрсені құру қиын. Екінші жағынан демократиялық, саяси үдерістер, реформалар орын алады. Жалпы, бұл екі ғаламшар әре­кеттесуі әр 30 жыл сайын қайталанып тұрады, қайта құруларға серпін береді. Ғарыш қуаты Қазақстанның алдағы 12-30 жыл бойғы дамуына жаңа серпін береді. Елдің алдына шешілуі тиіс жаңа мақсаттар қо­йылады, осының аясында мемлекеттік заң шығарушы және атқарушы билік өзгереді.

 

«2019 жылдың қараша айы тынышсыз өтеді, – дейді астролог. – Билік үшін күрес күшейеді. Әлемдік үдерістердің әсерінен Қазақстан экономикасы да нашарлай бас­тайды. Қараша-желтоқсан айларында ха­лық наразылықтары күшейеді, оны ырықтап, мәмілеге келу оңай болмайды. Мұны кей саяси партиялар мен жауласушы кландар өздерінің позициясын нығайту үшін пайдаланып қалуға тырысады. Біреу­лер билікке жетуге, біреулер биліктегі позициясын сақтап қалуға, енді біреулер елді төңкеріске жетелеуге күш салады.

 

2019 жылдың қарашасы мен 2020 жылдың наурыз айының аралығында Уран – Сатурн ғаламшарларының әрекеттесуі жүреді. Күрделі кезең. Сондай-ақ қарашаның соңы мен желтоқсанның бірінші онкүндігінде Сатурн – Ай ғаламшарларының кезеңі, ол билік пен халықтың арасындағы қарсылықты туындатады. Экономикалық проблемалар туындайды, тәртіп­сіздіктер орын алуы мүмкін. Кейбір шет мемлекеттердің елдің ішкі ісіне аралас­қысы келуі мүмкін».

 

Қысқасы, астролог И.Абдраимованың болжамынша, алдағы уақыттарда Қазақстанда көптеген өзгерістер орын алады. 2020 жылдың қаңтарында Юпитер – Уран әсерлесуі, ақпан айында Юпитер – Неп­тун, Юпитер – Юпитер әсерлесуі басталады. Ірі көлемдегі өзгерістер басталады, жаңа күштер бас көтереді. Егер негатив жағына қарай кетпесе, онда олар тиімді өзгерістер мен алға жылжуларға қуатты серпін береді.

 

Қазақстан – жері үлкен, табиғи ресурс­тары мол мемлекет. Сондықтан оған ықпалын жүргізу Ресейдің де, Қытайдың да, АҚШ-тың да тарапынан жүріп жатпақ.

 

Астролог осындай болжамдар айтады. Әрине, алдағы күнге болжам жасау қашан да қызық. Дегенмен де келешекте не боларын бір Алла біледі және оны уақыт көрсетеді.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ