Диджей апа желіні «жарды»

11.11.2019
Қаралды: 56

Алматыда 65 жастағы диджей апа пайда болды. Дүйім жұрттың назарын аз күнде өзіне аударып үлгерген «aka.kempіr» әп-сәтте желінің «жұлдызына» айналып үлгерді.

 

Арбат маңында заманауи әуе­німен бір топ жастарды жұлқынта билеткен оның есімі сол күннің ертеңіне-ақ көпшіліктің аузында жүрді. Бүгінде диджей апаның заманауи стилі мен музыкасы жастардың көңілінен шығып, қошеметке ие болуда. 

 

Арбаттағы өнерінен кейін ол кісіні диджей ретінде бірнеше клубтарға шақырған. Өзінің айтуынша, оған сол күннен соң 200-ден астам ұсыныс түсіпті. Енді «аka.kempіr» түнгі клубтарда ақылы негізде өнер көрсетіп, онымен қоймай,  хип-хоп билеп, рэп оқып жүр. Алдағы уақытта Қазақстан бойынша тур ұйымдастырмақ жоспары да бар. Оның бұл жолға келуіне және толықтай музыкамен айналысуына диджей немересі себеп болып отырған  кө­рі­неді.

 

«Зейнеткерміз ғой енді. Бала-шаға өсіп кеткен соң не істейсің үйде? Жас кезімізде талай арман қалды емес пе орындалмай? Енді қашанғы қазан-ошақтың жанында отырамыз? Мен әлі жаспын. Өмірді жаңадан бастағым келеді», – дейді диджей апа бір сұхбатында. Десе де, қазақстандықтар үшін бұл аса үйреншікті жайт болмағандықтан, диджей апаны даттап жатқандар да, мақтап жатқандар да аз емес. Екіге жарылған пікірлердің бір­қатары төмендегідей:

 

Turkestan_93: Басында жастардың көңіл-күйін көтермекші екен ғой деп жай күліп өтіп кеткен едім. Бірақ клубтарға (лас жерлерге) барып, танымал болғыңыз келгеніне ренжимін. Бір ғасырдың жартысынан көп жасап, Аллаға шүкір айтып, қолыңызға тәспі алып, маңда­йыңызды сәждеге тигізудің орнына жасап жатқан қылығыңыз не бұл, апа-ау?! Осынша өміріңіз жетпеді ме ойнап-күліп, көңіл көтергенге? Ұят емес пе мұныңыз, тым ұят! Көңіл көтеріңіз, бірақ өз ортаңызда сыйыңыз жоғалмай, солай жүруге де болады ғой.

 

Alіa_asanova: Ешқандай ұят емес. Керемет, әпке! Кім не десе о десін, балалармен біргесіз. Мен сізді қолдаймын.

 

Samenova_s: Крутая! Жүрек жас қой. Дұрыс, отырып алып, бәрін жамандап, өсек аңдығанша, одан да осылай өмір сүріңіз. Әркім әрқалай түсінеді. Кімнің миы неге жетеді, соны ойлайды.

 

Danapunkіt: Апа-ау, аман болыңыз! Қалай өмір сүру керектігін үйреткіш түк көрмегендерге назар аудармаңыз. Бала өсірдіңіз, немерелеріңіз есейді. Енді тек қана қуанып өмір сүріңіз. Өсек қуып, сериал аңдып, диванда өмір өткізгенше, өз жолыңызды тауып, қызығушылығыңызбен өмір сүргеніңіз керемет қой. Жақындарымыз аман болсын, осылай өз жолымен шуақты өмір сүрсін! 

 

Munaіtbasovaіndіra: Үлгіні үлкен кісілерден ал дейді. Үлкендеріміз мынадай болып жатса, жастар – біз не істемейміз? Үлкендер үлгі алатындай салиқалы, иманжүзді болуы керек деп ойлаймын. Әр адам өзінің жасына сай қылықты болуы керек. Сосын шығады жастарымыз тәр­биесіз, тәртіпсіз деп...

 

Sapіeva8879: Онда тұрған не бар? Арақ ішіп, темекі тартып тұрған жоқ. Дені сау, салауатты өмір салтын ұстанып жүр ғой. Темекі тартып, арақ ішіп жүрген аналар да бар ғой. Мен қолдаймын.

 

Nurlan.orunbaev.89: Бұл да бір үкіметтің қуыршағы шығар. Халықтың назарын басқа жаққа аудару үшін.

 

Daudulat: Жастарымыз болмашы бір өткінші дүниеге алданып жүр. Жастарымызды жер, ұлт мәселесі қызықтырмайды. Осындай кері тартар стратегия ойлап, митингіге шықпасын деп 100 пайыз биліктің істеп отырған әрекеті бұл.  

 

B.baqytnuruly: Өскелең ұрпаққа ақыл-кеңес айтып, бағыт-бағдар берудің орнына жер ортасы жасқа келіп, Құдайдан иман тілеудің орнына 15 жасар бозбаланың кебін кешіп, ойына келгенін істеу ақылды қарияның ісі емес.

 

Aіsyly1984: «Атың шықпаса, жер өрте» деген осыдан қалған екен ғой. Мына әжеміз атын осылай шығар­ғысы келген екен.

 

Adal_estate: Ақыл айтатын уа­қытында мына кемпірдің құтырғаны-ай!

 

Lashіn.19: Лично мен де кемпірмін. Шыны керек, қызығып отырмын. Күйбең тірлік. Балаларды жеткіздік. Енді өзіңе қарайтын жас болуы керек. Алланың алдында әркім өз кітабын жазады. Қолымнан келсе, мен де қалмас едім.

 

Kuanysh_maratkyzy: Жарайсыз! Керісінше, өзіңізге арналған өмір зейнетке шыққанда басталады. Ешкімді тыңдамаңыз. Ақыл айтқыштар өздерін дұрыстап алсын. Креативно. Тыңдармандарыңыз көп болсын!

 

Azat_arman: Қартайғанда керемет ермек тауыпсыз. Тек алға! Шаршама, тек шаршама, аяқ-қолың талса да...

 

Salіevasulu2019: Алға, құрдас! Балаңды өсірдің, немереңді бақтың. Ауыз не демейді? Деніңіз сау болсын, сіз ерсі, ұят қылық жасаған жоқсыз.

 

...Жұрт осылай деп жатыр. Жалпы, ата-апаларымыздың бұлай «жасаруы» туралы не айтуға болады?

 

М. ІЛИЯС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ