Елден кету етек алып барады

11.11.2019
Қаралды: 179

«Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған жаман екен,

Екі көзге мөлтілдеп жас келеді».

 

О, Абай! Қасиетті Абай! Өзіңе мәлім, бұл жыр – осыдан 300 жыл бұрын, сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» жеткен халықтың мұң-зары, реквиемі. Осы мұңлы әуенді тыңдағанда боз тайлақтың мойнынан құшақтап, Төлегеннің сәйгүлігіне асылған Қыз-Жібектей «Иең қайда, Ақбоз ат?!» – дегің келеді.

 

Иә, ол кез халықтың басына түскен ауыртпалық – Жоңғар шапқыншылығы болатын. Босқын елдің, ауған жұрттың көз жасы, трагедиясы осы мұңлы әнмен тарихта қалған. Одан бері 300 жыл өтті. Біз тәуелсіз, дербес, азат ел болдық. Шүкір!

 

Алайда сол көш соңғы болмаған екен. Қазір елден көшу, кету етек алып барады. Жұрттың бәрі шет елге қоныс аударуда. Қазақстаннан жыл са­йын кішігірім бір қаланың тұрғыны көшіп жатыр. Не деген сұмдық?! Не деген масқара?!

 

Олардың басым көпшілігі кәсіби мамандар. Жоғары білімді, қолынан іс келетін азаматтар. Амалсыздан аузыма «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген шумақ орала береді. Неге туған елін, туған жерін тастап мыңдаған адам қоныс аударуда? Бұл дегеніңіз күндердің күнінде генофондымыздың жоғалуына әкеп соқпай ма?

 

Есіме Иманғали Тасмағамбетов досымның Мақаш болыс жайлы айтқан әңгімесі түседі. Мақаш – ХІХ ғасырда өмір сүрген, Атырау өңіріндегі Құрман­ғазы ауданында болыс болған тұлға. Өз кезінде орыс патшасы 2-ші Николай мен император Александра Федоровнаның үйлену рәсіміне қатысқан адам. Сол Мақаш болыс болып тұрғанда ауылдың алты жігіті жылқы ұрлап, барымтамен айналысыпты. Кейін қолға түсіп, Сібірге жер аударылатын болыпты. Сонда ауылдың ақсақалдары Мақашқа  келген екен. Мақаш би алғашында ол іске араласпайтынын айтқан деседі. «Заң алдында жауап берсін», – депті. Сол кезде ішіндегі үлкен қария: «Ей, Мақаш, біз саған келгенде мына балаларға ара түссін деп келдік. Біз алты жігіт үшін емес, алпыс адамға араша сұрап келдік», – деген екен. Аң-таң болған Мақаш: «Қайдағы 60 адам?» – дейді. Қария: «Мына алты жігіттің белінде алпыс бала кетіп бара жатқан жоқ па?» – деп айтқанда Мақаш болыс алты жігітті Сібірге жібермей аман алып қалған екен. Сол сияқты мына көшіп жатқан жігіттер қаншама баланы өз Отанынан жыраққа алып бара жатыр?

 

О, Абай! Қасиетті Абай! Иә, білем… Біреулер маған: «Онда тұрған не бар? Кетсе, кете берсін. Қазақтың атын шет елде шығарады», – деуі мүмкін. Иә, солай да шығар. Бірақ «Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас» деген мақалды қайда қоямын? Оның үстіне қолынан іс келетін азаматтар кетіп жатса…

 

Осы жазда бір жұмыстармен «Қазақфильмге» бардым. Өзімнің туған шаңырағым. Өскен ортам. Менің жастығыма да, қуанышыма да, жеңісіме де, жемісіме де куә болған Ақ Ордам… Бірақ сол киностудиядан көргенім тек бөтен, мен танымайтын жандар. Біреуі кеп амандасып жатқан жоқ. Әркім өз бетімен шауып жүр. Қайран менің киностудиям! Күні кеше ғана осында жүрген Зет Бошаев, Тоққұл Бейбітов ағаларым Ресейге, Роза Цирульник, Сергей Шафир Израильге, Георгий, Ольга Гид, Алексей Берковичтер Германияға, Нина Чанкова, Са­ида Ахмедова Францияға, Марат Тоқтабакиев, Кәрім Молдахметов Бельгияға кетіпті. Ал Әйкен Куатбаева, Диляра Тасболатова, Гуля Мұқатаева, Александр Баранов, Болат Ысқақов, Людмила Трахтенберг Москваға кеткен. Тағысын тағы… Нағыз кәсіби мамандар.

 

Бүгінде бізде осы көші-қон саласын зерттеп, зерделеп отырған мекемелер бар. Олар тек келген-кеткен адамдарды есептеумен шектеледі. Ал осы проблеманың түбіне кім үңілмекші? Бір емес, жүз емес, мыңдаған адам қоныс аударып жатыр, аударып жатыр.

 

Масқара болғанда, біз қазір шет елде тұратын отандастар саны жөнінен дүние жүзінде Сириядан кейінгі екінші орында екенбіз. Сирияда жұрт соғыс, аштық, жоқшылықтан көшіп кетті делік. Ал бізге не жорық? Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда басымызға не күн туды?

 

Соңғы жылдарға ғана қарайықшы: 2015 жылы 32 мыңдай адам кетсе, 2018 жылы – 40 мың, ал 2019 жылдың 9 айында 31 мың 287 адам қоныс аударған. Бұл дегеніңіз – жыл сайын Қазақстанда бір қаланың тұрғыны азаюда деген сөз!

 

О, Абай! Қасиетті Абай! Құдіретті Абай! Қайтіп Ел боламыз? Қайтіп Мемлекет боламыз? Егер осы дерттің емі табылмаса, енді 10 жылда не болады? 20-30 жылда бізде кемпір-шал ғана қала ма? Мына ұланғайыр, Атыраудан Алтайға дейін көсіліп жатқан жерімізге кім ие болады? Кім мына жерге пана болады? Әлемдегі территория жағынан 9-шы орында тұрғанымыздан не пайда? Сонда ертең бос жатқан жерге қысық көз көршіміз қарамай ма екен? Олар ертең осы елге кірмей ме екен? Осы қасиетті жер үшін қан төккен ата-бабамызға не бетімізді айтамыз?

 

Ау, ағайын! Теңізге, мұхитқа кеткен матростарда «SOS» деген дабыл болған. SOS! Егер ел болсақ, жұрт болсақ, неге біз «SOS!» деп дабыл көтермейміз? Неге осыған депутаттарымыз, үкімет мүшелері бір шара қолданбайды? Неге осы дертті зерттеп, зерделеп мән-жайына үңілмейді? Осы тығырықтан шығудың жолын неге ойластырмайды? Егер осы мәселе осылай жабулы қазан – жабулы қалпында қала берсе, енді 40-50 жылда бұл елде тек депутаттар, үкімет мүшелері, полиция, сосын кемпір-шалдар ғана қалмайтынына кім кепіл?

 

Иә, бізге де отандастарымыз келуде, кезінде, қиын кезде қызыл большевизмнен бас сауғалаған аға­йын-туған елге оралуда. Алайда осында туған, осы жерде өскен азаматтарымыз кетсін дедік пе? Әлде бұл соның өтеуі ме?

 

«Біріңді, қазақ, бірің дос – көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзге мен де бас иген жанмын. Алайда келіп жатқан ағайынның 90 пайызы осы кеткен отандастарымыз сияқты кәсіби мамандар, ғалымдар, мұғалімдер, дәрігерлер, инженерлер, ақындар, өнер адамдарының орнын бір сәтте ауыстыра ала ма?

 

Міне, гәп қайда? Кезінде Әл-Фарабиден: «Адам үшін дүниеде ең қиын не нәрсе?» – деп сұрағанда ол: «Туған жерге сағыныш», – деп айтқан екен.

 

...Иә, солай, қазір біздің елден жүздеп-мыңдап отандастарымыз кетіп жатыр. Әркім әр жерде, әр елде қызмет ете берсін дейік. Бірақ олардың туған жерге, туған елге деген сары-ала сағынышын қайда қоямын? Олардың да «Басқа елден туған жердің түтіні артық» деп оңашада аһ ұрмайтынына кім кепіл?

 

Жан Жак Руссо: «Отан – еркіндіксіз, еркіндік – ізгіліксіз, ізгілік адамдарсыз өмір сүре алмайды. Егер азаматтарды тәрбиелей алсаңыз, сіздерде бәрі де болады. Ал мұнсыз мемлекетті басқарушылардан бастап, бәрі де бейшара құлға айналады» деп айтқан.

 

О, Абай! Қасиетті Абай! Қадірлі Абай!

«Не ол емес, не бұл емес,

Менің де күнім күн емес» деп өзің айтпақшы, менің де қазір күнім күн болмай тұр. Артық айтсам, айыптама, Абай!

 

Талғат ТЕМЕНОВ.

(Әлеуметтік желідегі жазба).

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ