Почта ғимаратының шатыры шұрық тесік, ішінде кептерлер ұшып жүр

17.08.2016
Қаралды: 1540

Кешегі аптада біздің редакцияға Оңтүстік Қазақстан  облысы, Қазығұрт ауданына қарасты Шарапхана елді мекенінің тұрғыны хабарласты. 

Өзін Балхия Манасовамын деп таныстырған бұл кісіні ауылдағы «Қазпочта» мекемесінің тозығы жеткен ғимараты алаңдатады екен.

«Біздің ауылдық округ тоғыз жолдың торабында орналасқан, құрамына Жіңішке, Талдыбұлақ, Майлыошақ, Бақабұлақ ауылдары кіреді. Яғни халық саны өзге елді мекендерге қарағанда көп, 9 мыңға жуық. Осы ауыл тұрғындарының бәрі ай сайын зейнетақы, жалақы, жәрдемақы берілер шақта орталықтағы «Қазпочта» меке­месінің ғимаратына қарай ағылады. Яғни ол жер – ауылдағы ең келім-кетімі көп мекеме. Бірақ өкінішке қарай, ғимараттың тозығы жетіп тұр. Ішіне кіру мүмкін емес. Шатыры шұрық-тесік, іші кептерлерге толып кеткен. Қыстыгүні, көктемде жауған жаңбырдың суынан қабыр­ғалары да сарғайған, көгерген. Ішінде мүлдем ауа жоқ, кептердің саңғырығынан аяқ алып жүре алмайсың. Мүмкін болса, келіп, почтамыздың қазіргі жағдайын көрсеңіздер екен», – деді ол кісі.

Осы әңгімеден кейін біз Шарапхана ауылына арнайы барып, «Қазпочта» мекемесін көріп қайттық. Оқырманымыз алдамапты,  шынында да мекеменің ішкі де, сырт­қы да көрінісі сын көтер­мейді. Әбден ескірген, тіпті тозығы жеткен десе де болады. Бірнеше жылдан бері шатыры ауыспаған-ау, төбесі опырылып түсіпті. Саңылаудан құстар емін-еркін кіріп-шығып жүр. Ішінде жұмыс істеу түгілі кіріп-шығудың өзі мұң. Өйткені ауа жоқ, кептерлердің саңғырығының иісі қолқаны қабады.

«Бұл мекеменің жөндеу көрмегеніне жиырма жылдан асып кетті, – дейді Шарапхана ауылының тұрғыны Зия­гүл Жақыпова. – Несін жасырамыз, ай са­йын осында келеміз, қыс­тыгүні кезек күтіп тұру мүмкін емес. Өйткені бұл жерде жылу болмайды, от та жағылмайды. Цементтен құйыл­ған еденнен аяғымызға сыз өткенде қатты қиналамыз. Ал жазда, міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, ішінде ауа жоқ. Кептердің саңғырығынан бөлінетін улы газдан күні кеше Шырын есімді бір  әжеміз есінен танып құлап, «Жедел жәрдем» шақыртуға тура келді. Айта берсек, бұл жердің машақаты өте көп. Ішінде жағдай жасалмаған соң почта қызмет­керлері де тұрақтамайды. Келеді, екі-үш айдан соң басқа жаққа ауысып кетеді.

Қазір бәрі дамып жат­қан жоқ па, теледидардан басшылардың сөзін естігенде гүлденген әлемде өмір сүріп жатқандай сезінеміз. Ал зейнетақымызды алайық деп почтаға келсек, көңіліміз құлазып қалады. Осы жағын мына «Қазпочта» мекемесінің басшылары, Қазығұрт ауданының басшылары ескерсе екен».

Аталған ауылдың зейнет­керлері егер басшылық тарапынан почта ғимаратына жөндеу жүргізілмесе, онда ортадан 500 теңгеден жинап, асар әдісімен өзіміз жөндетеміз деп отыр.

«Бәлкім осы газетті оқып, біздің асар жасайтынымызды білген соң «Қазпочта» мекемесінің басшылары ұялатын шығар деп ойлаймын. Өткенде осы мәселені, ұсынысты айтып ауылымыздың әкімі Әбсамат Тойшиевке кіргенмін. Ол жігіт: «Көке, Құдай қаласа, таяу уақытта бұл мәселе шешіледі. Ғимаратты жөндетеміз»,  – деп еді. Бірақ әзірге ол айтқаны орындала қойған жоқ. Алдымыз – қыс. Былтыр осы жерде кезек күтеміз деп бүрсеңдегенімізді ойласам, биыл мына почтаның маңына жолағым да жоқ», – дейді ауыл тұрғыны Мұрат ақсақал.

Шарапханалықтарды, міне, осы мәселе қатты толғандырып отыр. Расында да бұл жерге келушілердің қатары өте көп. Өйткені мұға­лімдердің жалақысы, зейнет­ақы, балалардың жәрдем­ақысы, «Қазақтелеком» қызметі – бәрі-бәрі тікелей осы мекеме арқылы жүзеге асады. Осы жағын ескеріп «Қазпочта» акционерлік қоға­мының Оңтүстік Қазақстан облысындағы филиалын бас­қарып отырғандар Шарапхана ауылындағы ғимаратты жаңартып берсе нұр үстіне нұр болар еді.

С. ИКРАМҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ