«Қарағанды оқиғасы»: сот үкімі шықты

11.11.2019
Қаралды: 78

Биылғы Жаңа жыл түнінде Қарағанды қаласында болған оқиға бүкіл елді дүр сілкіндірген болатын.

 

«Древний Рим» мейрамханасында қазақтар мен армяндар арасында болған қақтығыс­тан кейін небәрі 23 жастағы Рақымжан Жансейіт көз жұмған еді. Содан бері қаралып жатқан істің нүктесі күні кеше ғана қо­йылды.

 

Сот үкімі бойынша Нурулу Юсиф айыпты деп танылып, 19 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары колонияда өтейтін болады. Десе де, сот барысында оның анасы баласының кінәсіздігін, үкіммен келіспейтіндігін айтып қалды.

 

Ал жәбірленуші тараптың кешірімін алған және материалдық шығындарын өтеген Сохак Малхасян мен Армен Хачатрян қылмыстық жауапкершіліктен босатылса, Торгом Малхасян, Хачатур Оганнисян, Жасур Пиров, Каир Надырбеков, Давид Галкин, Васиф Нурулу есімді 6 азамат 4 жыл 6 айға шартты жазаға кесілді. Сондай-ақ сот Илья Щурок, Тигран Степанян, Армен Оганнисян және Болат Жұмамұратов атты айыпталушы төрт жігіттің әрқайсысын 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Олар жазасын өтеп болған соң Қазақстаннан шығарылып, бес жылға дейін елге кіре алмайтын болады.

 

Біз аталған сот үкіміне қатысты марқұм Рақымжан Жансейіттің әкесі Бақытжан Рахманұлымен сөйлескен едік. Ол айыпталушыларға берген үкімнің кей тұстарымен келіс­пейтінін жеткізді.

 

«Егер нақты қылмыскер Нурулу Юсиф болса, үкім дұрыс. Бірақ прокурор алты жылдан сұраған төрт жігітке небәрі үш жылдан ғана берді. Олар қазір қамауда болғандықтан үш жылдың бір жылын өткізді, енді арғы жағында 4-5 ай отырып, шартты түрде мерзімінен бұрын шығып кетуі мүмкін ғой. Соған көңілім толмады. Алдағы уақытта апелляцияға беру ойда бар, дегенмен ол жағын адвокатпен кеңесіп шешетін боламыз. Ал сот залынан босап шыққан сегіз адамға қарсы ештеңе айта алмаймын. Себебі олар төбелес кезінде ұлыма жақындамаған. Оның бәрін видеодан көріп, көзім жетті. Ресейде қашып жүрген Нарек Гурурянның да жанжал барысында менің баламның жанында болмағанын анықтадық. Ол басқа баланы пышақтаған.

 

Кейде халықты да түсіну қиын. Біраз уақыт бұрын «ешкімді соттамай жатыр» деп шулап еді, енді «неге сонша қатаң жаза берді, педофилдерге де 20 жыл бермейді ғой» деп жатыр. Біресе олай, біресе былай сөйлейтіндер бар. Елдің әкімдіктен берген пәтерді «армяндардан алды» деп шулағанын да білесіздер. Олай болса мен баяғыда бәріне кешірім берген болар едім ғой. Өзім қайғыда жүргенде сыртымнан неше түрлі өсек-аяң айтып жатады, мұның қашан бітетіні белгісіз. Армяндардан осы уақытқа дейін бір тиын да алмағанымды әліге дейін айтып келемін. Балаға тең келетін ешқандай құн жоқ қой. Соны халыққа жеткізе алмай жатқандаймыз, – дейді ол.

 

Сот Нурулу Юсифтан 3 миллион 290 мың теңге моральдық, 2 миллион 300 мың теңге материалдық шығынды өтеу туралы үкім шығарған. Ал Рақымжанның өліміне тікелей қатысы жоқтығын анықтадық деп Бақытжан мырза айтып отырған Нарек Гурурянның ісі жеке қаралатын болыпты. Сондай-ақ, сөз соңында Бақытжан Рахманұлы қоғамдық резонанс тудырған бұл оқиға өзге ұлт өкілдерінің қазаққа деген қарым-қатынастарының оңды жаққа қарай өзгеруіне себепші болғанын тілге тиек етті. 

 

Сот отырысына бастан-аяқ қатысқан қарағандылық белсенді Айсұлтан Жақыпов та Бақытжан ағаның аз мерзім арқалаған жаза өтеушілер туралы пікірін қолдап отыр.

 

– Мұнда бір адамға ғана қатаң жаза шығарылды. Оған еш қарсылығымыз жоқ. Бірақ қалғандары тым жеңіл құтылып тұр. Рақымжанның жанында ол құлап жатқанда аямай тепкілеп тұрған жігіттердің 3 жыл ғана алуы әділ емес деп ойлаймын. Оларға 6-7-8 жылдан беру керек еді. Үш жыл деген түк емес. Жазасының жартысын өтеген соң түрмеден босап шығудың түрлі амалдары бар. Толық отырды дегеннің өзінде кісі өліміне нақты қатысы бар адамдардың үш-ақ жылға сотталуы миға сыймайды, – деді ол бізге берген сұхбатында. 

 

Қарағандыдағы оқиға соңы осылай аяқталды. Ал Нарек Гурурянның елге қашан әкелінетіні, қашан жазаға тартылатыны әзірге белгісіз.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ