Пара берсе, Отанды да сата саламыз ба?

07.11.2019
Қаралды: 69

Ресей жаңалықтарынан мынадай бір мәселе жөнінде оқыдым: Монакода тіркелген бір делдал-компанияның екі белді қызметкері шет елдердің лауазымды шенеуніктеріне қомақты көлемде пара бергендерін мойындапты.

 

Сирус Ахсани және Салман Ахсани есімді бұл адамдар жұмыс істейтін компания әлемнің бірқатар елдерінде энергетикалық секторға қатысты консультациялық қызметтер көрсетумен айналысады екен. Ал әлгі Ахсанилер – Ұлыбритания азаматтары, Салманының АҚШ-та уақытша тұруға ықтиярхаты болыпты.

 

Міне, осы азаматтар Алжир, Ангола, Конго,  Ирак, Ливия, Сирия, Иран, Әзірбайжан және Қазақстанда лауазымды тұлғаларға пара беруге қатысқандарын мойындапты. Бұл жөнінде АҚШ-тың Әділет министрлігі жариялап отыр екен. Яғни АҚШ оларға қарсы қандай да бір шара қолданатын сияқты.

 

Айтайын дегенім, мен аталған елдердің қатарында Қазақстанның да тұрғанына таңқалмадым. Себебі бізде оңай олжаға бір иығын беріп тұратындар көп қой, ондайлардың күніне бірнешеуі құрықталып жатады. Ұсталмағандары, ұсталмайтындары одан да көп шығар. Мысалы, әлгі шетел азаматтарынан пара алғандар қазір қайда, олар ізделе ме, табыла ма – бұл жағы, әрине, бұлыңғыр.

 

Ең жаманы – бізде жұрттың пара алуға, ұрлық жасауға еті әбден үйреніп кеткен сияқты. «Пәленше пәлен миллион жеп қойыпты», «түгенше түген миллионды талан-таражға салыпты» дегенді күнде естиміз, күнде оқимыз, «е...» дейміз де қоямыз. «Осы бетімізбен кете берсек, қайда барып тоқтар екенбіз? Пара ұсынса, Отанымызды да сата саламыз ба?» дегенді ойлағанда жаның түршігіп кетеді.

 

Жемқорлар, парақорлар – ел дұшпаны, олар сырттан көз алартқан жаудан да қауіпті. Осыны ойлағанда: «Адал еңбекпен өмір сүруге бет бұра­йықшы, ағайын!» деп айқай салғың келеді. Бірақ оны еститін, тыңдайтын құлақ қайда...

 

Ж. ЕЛІБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ