Қай елдегі консул бұл?

07.11.2019
Қаралды: 1296

Кеше кеште Түркияның Алматыдағы бас консулы Әли Риза Акынджы Түркия Республикасының құрылуының 96 жылдығына орай «Ритц-Карлтон Алматы» қонақ үйінде дипломаттарға, кәсіпкер­лерге, дін өкілдеріне, БАҚ басшыларына Қабылдау жасады.

 

Әрине, арнайы шақырғанына Алла разы болсын! Ол жерге ешкім «ас ішіп, аяқ босату» үшін барған жоқ, бауырлас түрік халқының Азаттығына деген құрмет!

 

Шара екі елдің Әнұрандарымен тым тәуір басталған. Бірақ... Ресми жиынның бастан-аяқ түрік және орыс тілдерінде болғаны жаныма қатты батты.

 

Жүргізуші іс-шараны бастан-аяқ түрік-орыс тілдерінде хабарлады. Ал Бас консулдың түрік тілінде жасаған баяндамасының (мазақ еткендей) мәтінін әйдік экраннан орыс тілінде беріп тұрды...

 

Мінбеге СҮМ-нің Алматы қаласы өкілдігінің жетекшісі Ерлан Ысқақов мырза көтерілгенде едәуір үміттеніп едік, үміт ақталмады... «Сәлеметсіздер ме!» деп «ырымын» жасады да «жорға тілде» жолға түсіп, жортақ қағып ол кетті...

 

Оу, ағайындар! Осы біздікі неғылған ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛІК?

 

Басқаны қойып, енді орыспен ордасы бөлек, «42 минөт өткен соң тұңғыш мойындаған» түбі бір түрік ағайындар: «өздеріне керек болмаған тілін біз қайтеміз?» дегені ме, әлде...

 

Осыдан 96 жыл бұрын Мұстафа Кемал Ататүріктің «Бауырлар, ертең мемлекеттің құрылғанын жария етеміз» дейтін аруақты сөзі әрбір түрік үшін киелі, бәлкім сол тұста өмір сүрген Қазақ зиялылары да осы бір тарихи қадамға алыст­а болса да сөзсіз толқыды...

 

Ал күні кешегі Бас консулдың қадамын қалай түсінуге болады?

 

Жанарбек ӘШҮМЖАН.

 

Пікір қалдыру

1000 символ