Сіз шүкіршілік етудің не екенін білесіз бе?

06.11.2019
Қаралды: 175

Қасиетті Құран-Кәрімді толығымен қамтитын алғашқы «Фатиха» сүресінің бірінші аяты «Әлхамдүліллә Рәббил ғәләмин» деп басталады. «Әлхамдүліллә» сөзінің аудармасы – «Аллаға шүкір».

 

Бұл сөздің түбірі «хамд», яғни мақтау-мадақтау деген мағынаны береді. Барша ризық Иесі Аллаға айтылатын мадақ сөз. Мұны әрбір пенде әлдеқандай жетістікке жеткенде не мақсаты орындалғанда, яки қуанғанда, науқасынан айыққанда, қиналыстан шыққанда, қарны тойғанда ғана емес, ешбір жағдайсыз тілінің табиғи болмысына айналдырса, әбден құба-құп болар еді. Мұсылман Аллаға шүкірлік айтса, Оның мәңгілігін ұмытпайды, айтпаса, шайтан сілтеген қанағатсыздыққа, тойымсыздық пен ашкөздікке ереді.

 

Осы өмірге келудің өзі Алланың қалауындағы ұлы нәсіп. Тегінде мұны да көтере алмай, кей әлсіз пенделер ой-санасын бұрқыратып, өмірін өздері үзіп жатуы осы шүкірліктің болмауынан. Біле білсек, Алладан беріл­ген бір ғана тыныштықтың өзі Оған шүкір айтуға тұрарлық ең ұлы нығмет.

 

Таңсәріде шырылдаған қоңыраудан оянасыз, дауысын естіп тұрсыз. Жылы төсектен тұруға, жастықтан басыңызды көтеруге ерініп жатырсыз. Ойлаңызшы, бейбіт елде, өз шаңырағыңызда, мамық көрпенің астында, сау күйіңізде ояндыңыз. Өміріңіздің тағы бір таңын көру нәсіп болды. Нақ осы тұста Аллаға шүкір етіп, әлхамдүлілләні айтыңыз, ерінбеңіз. Бұл сөзден жаңылмаңыз, ешқашан ұмытпаңыз, жаттап алыңыз, нәпсіден жығылмаңыз. Бұл тірі екендігіңіз, кіші өлім төсегінен аман-есен тұрғаныңызды білдіретін белгіңіз, Ұлы Алланы дәріптегеніңіз. Өйткені дәл осы таңды атырмай, көздерін ашпастан, жатқан орнынан тұра алмай, мәңгілік ұйқыға кеткен жандар да баршылық. Ал, сіз аман-сау ояндыңыз.

 

«Сен біле білсең, әрбір дем алған тынысың үшін Алла-тағалаға екі рет шүкір ету сөзі мойныңа қарыз. Өйткені сенің әрбір алған демің – өмір, әрбір берген тынысың – өлім екенін, соңында Алланың құзырында саған бе­рілген нығметтің есебін беретініңді ұмытпа» деген ғалымның сөзінде таным бар.

 

Таң арайланды, мазалаған ештеңе жоқ. Терең тыныс алып, емін-еркін керілдіңіз. Бір сәтке болсын аяқ алысыңызды жобалап үлгердіңіз. Енді аурухананың жансақтау бөлімінде екі дүниенің ортасында жатқан науқастардың қазіргі күйін ойлаңызшы. Өліммен күресу кімнің қолынан келген, амалсыз сынаққа көніп жатыр. Жақындары жанын шүберекке түйіп, аурухананы торуылдап, науқастың хал-жағдайын білуге есігіне телміруде. Ал сіз өзге жанның қол көмегінсіз өз төсегіңізден кеудеңізді көтердіңіз. Екі аяғыңызды тіктеп, орныңыздан тұрдыңыз, жерді бастыңыз. Құдай берген он екі мүшеңіз сау. Міне, нақ осы сәт сіз қолымнан демеп отырғыза ма деп, төсекте баласы мен келініне қарайлап, ішінен шыққан өз баласына өзі жәутеңдеген жандар барын ойлаңыз. Жата-жата жауырыны, отыра-отыра жамбасы жауыр болып тесілген, басын көтерсе жата алмайтын, жатса отыра алмайтын, құр сүл­дері қалған адамдар мұндайды істей алмайды.

 

Ал сіз екі аяғыңызбен әжетке бардыңыз. Күні кеше жеп-ішке­ніңізді, мазалаған нәжісті ешбір уқалаусыз, ешқандай дәрі-дәр­мексіз шығардыңыз. Әжетханадан оң аяқпен аттап шыққан соң ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың: «Аллам! Маған азап беретін, мені қинайтын,  мазалайтын нәр­сені денемнен шығарып тастап, маған жақсы хал бергенің үшін, Аллам, Саған шүкірлер болсын» деген дұғасын іштей оқыдыңыз ба? Немесе нәжістен еш қиналыссыз құтқарған Аллаға шүкірлік айттыңыз ба? Біле білсеңіз, бүйі­рін тесіп, түтікше салып, ыдыспен жүретіндер қаншама? Олар кейде ештеңеге қарамастан, жол бо­йына тоқтай қалып дәрет алады. Себебі нәжістің қинауына шыдамайды. Ал ішіп-жегенін немесе сыртқа жіберіп қойғанын білмей, ес-түсінен айырылған меңіреу не болмаса айықпас дертке шалдығып, темір төсекке таңылғандар ше? Ол жандардың арманы айтпаса да түсінікті болар?

 

Ал сіз дәреттен кейін беті-қолыңызды жудыңыз, содан соң: «Аллам! Мына суды тазалаушы етіп жаратқаның үшін Саған шүкірлер болсын» деген дұғаның оқылатынын білдіңіз бе? Мұны да Алла Елшісі үйреткен. Сол су болмаса, қай көңіліңізбен дастарханға отырар едіңіз? Біле білсеңіз, дәретке барғанда тетігін бір басып, нәжісті шұр еткізіп шайып жіберетін бес литр суды сонау Африка елде­ріндешілер ішуге зар, әр тамшысы арман. Сонда да Аллаға шү­кірлік айтуды ойға алмайсыз ба?

 

Терезеден ішке төгілген күн шуағына еліктеген екі көзіңіз даланы бақылады. Сырттағы ауа райын бағамдадыңыз, жүргін­ші­лерді көрдіңіз. Алысқа көз тастадыңыз, арманға берілдіңіз. Енді қараңыз, көздері мүлдем көрмей­тін, таяғын жерге ұрғылап, жүрер жолында біреудің жетегіне мұқтаж соқыр жандар мұндайды көре алмайды.

 

Бір кезде әсем құстардың шиқылы, жасыл жапырақтардың сыбдыры, самал желдің лебі, ұзын көшенің шуылына құлағыңыз елең етті. Ал өмірінде ешқандай дыбысты, анасының аяулы сөзін, перзенттерінің күлкісін естімеген, әйелінің, күйеуінің, үй-ішінің сөзін ұқпайтын, құлағының мүкісі бар саңырау, сөйлеу қабілетінен айы­рылған мылқау пенделер, қоларбаға таңылған мүгедектер ше? Қалай ойлайсыз, олардың күні қалай басталады, немен аяқталады?

 

Дастарханға қарадыңыз. Ыс­тық буы бұқыраған еттен, жұпар иісі аңқыған бауырсақтан, бал тамған күлшеден, тәбет ашар құрттан жаныңыз жайнап сала береді. Сонау ғасырдағы Алла Елшісінің немесе кешегі өткен ата-бабаңыздың алдында мұндай дәмділер мен тәттілердің бірі болған емес. Олардың алдында болмаған дастарханда отырсыз, олар жемеген асты жеуге даярсыз. Алдыңызда үзілген не қат­қан нанның сынығы да жоқ, болса да жемес едіңіз. Қазақта мұндайды «Ішкені алдында, іш­пегені артында» дейді. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың неке дастарханында қой мен ешкінің терісі жайылып, құрма мен су ғана қойылған. «Бір нан яки бір тістем ет жоқ еді» деп жеткізеді сахабалары. Немесе кешегі ата-әжелеріміздің тағамы құрғаған нан мен сарғайған май еді ғой. Бір тістем қант та болмаған.

 

Ал осы дастарханыңыздағы дәмге әр түрлі рең мен дәм берген Алла емес пе? Сонда аштық пен шөлдікті көрмесін деген Жаратушыға шүкірлік айту сізге соншалықты қиын ба?

 

Жалғыз едіңіз, жаныңызға жұп берді, одан өрбітіп ұрпақ берді. Ал өмірінде жұпсыз, уақытын жал­ғыздықпен өткізетін жандар ше? Жалғыздық тек Жаратушыға ғана жарасымды.

 

Жұп құрса да жылдар бойына сәбидің иісіне зар, перзентсіз жүргендер қаншама? Ал сіз балаңыздың баласын көрдіңіз, көр­месеңіз, бұйыртса, алдағы уақытта көресіз, солардың қызығына қуанып, шыжығына күйінетін боласыз. Сізді Алла ардақтап, өміріңізге мейірімін төкті, құрметтеп, жұбайыңызды жар етті, қамқорлықпен несібеңізді молайтты, жанашырлықпен ұрпағыңызды көрсетті. Сонда да осы шалқыған бақыт үшін шүкірлік айтуға Алла лайықты емес пе, бір сөзді Оған қимайсыз ба?

 

«Дін екі бөліктен тұрады. Бірі   – шүкір, екінші жартысы – сабыр» деген ұлағатты хадис бар. Тоқетері, Аллаға шүкірлік айту ұя­тыңызды оятады, ниетіңізді құл­шындырады, тәубеге келтіреді, сабырға тәрбиелейді, қанағатшылдыққа үйретеді. Зұлымнан алыстатады, әділетке жақындатады, мейірімділікке бағыттайды, барды бағалатады, өмірдің әр сәтіне дұрыс бағдар береді. Ендеше әрбір таңда көзіңізді аш­қанда, терең дем алғанда, орныңыздан тұрғанда, айналаны барлағанда, аяғыңызды басқанда, қолыңызбен қимылдағанда, жүрегіңізді тыңдағанда, ойыңызды саптағанда, әсіресе түш­кір­генде тіліңіз осы бір көркем сөзді айтудан мақұрым қалмасын.

 

Шүкірлік – сіздің қуатыңыз!

 

Нұрлан қажы БАЙЖІГІТҰЛЫ, дінтанушы имам.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ