Арман ұстаз 1 миллион доллар сыйақысы бар әлемдік байқауда бақ сынайды

06.11.2019
Қаралды: 75

Шымкенттегі №90 жалпы орта білім беретін мектептің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Арман Орынбеков «Әлем мұғалімі» xалықаралық байқауына жолдама алды. Қазақстан бо­йынша небәрі 11 адам ғана ие болған бұл жолдаманы педагогтарға «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қорының» басшысы Ә.Назарбаева табыстады.

 

Айта кетейік, қазан айының басында ұстаздардың төл мерекесіне орай Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық «Үздік педагог – 2019» атты конкурс өткен болатын. Байқаудың аудандық және қалалық турларына 3700-ден астам білім беруші қатысып, оның 633-і облыстық деңгейге өтсе, соның ішінен 178 мұғалім ақтық мәреге іріктеліп алынған екен. Қорытынды бойынша еліміздің колледж, мектеп, балабақша орындарынан жалпы саны 64 педагог таңдалып, үздік атанды. Озат мұғалімдердің әрқайсысы арнайы дипломмен марапатталып, 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. Сондай-ақ аталған іс-шарада Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов 19 мұғалімге «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін табыстады. Жоғарыда айтып өткен «Әлем мұғалімі» xалықаралық байқауына жолдама да осы шара барысында берілді.

 

64 үздік ұстаздың қатарына шымкенттік педагог Арман Орынбеков те енді. Сонымен қатар ол 128 мемлекеттің басын қосатын «Әлем мұғалімі» дүниежүзілік байқауының халықаралық іріктеу турына өтіп отыр. Бұл халықаралық додаға Қазақстанның түкпір-түкпірінен небәрі 10 мұғалім арнайы таңдалып алынса, тағы бір педагог сайысқа арнайы шақыртумен бармақ. Осылайша Қазақстаннан бас-аяғы 11 мұғалім әлемдік додада бақ сынамақ. Сайыс жеңімпазының есімі 2020-жылдың наурыз айында Дубай қаласында өтетін әлемдік форумда анықталады. Жеңіп шыққан мұғалім 1 миллион доллар сыйақыға ие болатын көрінеді.

 

«Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Мұндай атаққа ие болу – әрбір ұстаз үшін арман. Мұны сонау 1997-жылдардан бері қарай осы салада атқарып келе жатқан еңбегімнің нәтижесі деп айта аламын. Бұл менің ғана емес,  жетістікке жеткен әрбір шәкіртімнің, мені оқытып-тәрбиелеген ұстаздарымның, өзім қызмет етіп жатқан ұжымымның жеңісі деп ойлаймын. Үздіктердің қатарынан көрініп қана қоймай, әлемдік додаға қатысуға ниет еткен қазақстандық ондықтың қатарына кірудің өзі мен үшін үлкен мәртебе», – дейді Арман Орынбековтің өзі.

 

Спортшыларымыз бен өнер иелері ғана емес, еліміздің ұстаздары да өз білімінің арқасында әлемдік деңгейге шығып жатса, нұр үстіне нұр болары анық. Арман Шымбай­ұлының бұдан да биік белестерді бағындырып, халықаралық додаларда еліміздің атын шығаруына біз де тілекшіміз.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ