Қышыма дерті күзге қарай күшейеді

06.11.2019
Қаралды: 73

Қышыма қотыр (чесотка) – тері ауруларының бірі. Оны жұқтырған адамдардың ең көп саны мектептерде, орта және жоғары оқу орындарында жаңа ұжымдар құрылғанда, яғни күзгі-қысқы уақыттарда тіркеледі.

 

Бұл тері ауруын қышыма қотыр кенесі таратады. Ұрғашысы адамның терісіне енгеннен кейін жылдам көбейеді, яғни теріге жұмыртқа салады. Бірер күннен кейін онысы құртқа айналып, бір аптадан соң ересек қотыр кенелері пайда болады.

 

Қышыма қотыр онымен ауырған адаммен тікелей қарым-қатынаста болғанда, оның пайдаланған төсек-орын, іш киім, киім-кешек, сүлгі, орамал, қолғап, басқа да заттарын пайдаланғаннан жұғады. Сондықтан тиісті тазалық талаптарын сақтау қажет.

 

Ол үй жануарларынан да жұғуы мүмкін. Қышыма кене мал денесін де жайлап, адамға көбінесе жылқыдан жұғады. Сондай-ақ тазалық тәртібін сақтамаған жағдайда қышыманы моншадан, душтан, жатақханадан, пойыздан, қонақ үйлерден, яғни кез келген жерден жұқтырып алуы­ңыз мүмкін.

 

Аурудың жасырын кезеңі 1,5 айға дейін созылуы мүмкін. Соңғы кездері оның қатты дуылдап қышып адамның мазасын алмайтын, бөрткені де онша қаптап шықпайтын жеңіл түрі жиі кездесуде. Қышыманың бұл түрінде беті қанталап қабыршақтанған бірлі-жарымды ғана бөрткендер кездеседі.

 

Белгілері: Қол саусақтарының арасында, кеуде мен іштің, санның, аяқтың терісінде бөртпелер және қышыма пайда болады. Дененің кей тұсы бой бермей дуылдап қышиды, әсіресе түнде қатты мазаны алады. Теріні үнемі қасығанда оған микробтар түсіп, қышымаға терінің іріңді жұқпасы қосылып, ауру әрі қарай асқынып кетеді. Денесін түрлі түйіншектер, көпіршіктер, қанды қабыршақтар, тырнақ ізі басады. Мұндай жағдай аяқ-қолдың буын бүгілістерінен, саусақ аралықтарынан, тіпті тұла-бойдан да байқалады.

 

Қышыманың бөрткені балалардың алақаны мен саусақтарының арасына, қарнына, шынтақтың бүгілетін тері қатпарына, балтырына, өкшесіне, табанның ішкі жағына, құйрығына, иығына, беті және басына шығады. Емшек жасындағы сәбилердің көбінесе алақаны мен құйрығының ұшына, беттеріне шығуы мүмкін.

 

Мұндай белгілер байқала салысымен-ақ дер кезінде дәрігерге көрініп, нәтижелі ем қабылдау қажет. Қышымаға қарсы арнаулы емді тері ауруының дәрігері ғана жүргізеді. Ауырған адам өзін-өзі емдеуіне болмайды. Ең бастысы – науқас тұтынған заттардағы паразиттің көзін жою керек. Қотыры бар адам дер кезінде дәрігерге көрініп емделмесе, ол созылмалы ауруға айналады.

 

Қышыма қотырға ұрынбас үшін адам таза жүруі керек. Апта сайын суға түсіп, іш киімін жиі ауыстырғаны дұрыс.

 

Қышыма қотыр жұқтырған адам ауруханаға жатпай, үйде емделсе, оның төсек-орыны, тұтынатын заттарын жеке ұстаған дұрыс. Кірлеген киімдерді де бөлек жинап, бөлек жуған жөн. Оны 1-2 пайыздық сода ертіндісі немесе кез-келген ұнтақ сабын қосылған, қатты қайнап тұрған суда 10 минуттай қайнатып жуу керек. Киімді тек үтіктеп киген жөн. Сырқат жатқан бөлмені де күн сайын 2 пайыздық сабын-сода ертіндісімен жақсылап сүрту қажет. Науқасқа күтім жасағаннан кейін немесе оның жатқан жерін жинастырған кейін міндетті түрде қолды сабынмен жуу керек. Моншаға, душқа түскен кезде отыратын орындықты, сабын, сусабын, ысқы қоятын сөрелерді және жуынатын кіршені ыстық суға хлор араластырып жуған дұрыс. Біреудің жуынатын заттарын, сыпыртқысын (веник) пайдаланбаңыз. Әр адамның жеке сүлгісі және жөкесі болғаны жөн. Жаңадан сатып алған киім-кешекті, іш киімді және төсек жаймаларын міндетті түрде үтіктеген дұрыс.

 

Қышыма қотыр ауруының белгісін байқап, күдік­тен­сеңіз, тез арада тері аурулары дәрігеріне көрініңіз. Дәрігерге дер кезінде қаралу ауруды айналасындағы адамдарға жұқтырмауын, қышыманың таралмауын және одан тез сауығуды қамтамасыз етеді.

 

М. БЕЙСЕНБАЕВ,

Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданы ТКҚСБ басқармасының басшысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ