Ресейлік сарбаз 8 қаруласын жер жастандырды

05.11.2019
Қаралды: 67

Ресейдің Қиыр Шығысындағы бір әскери бөлімде аса қайғылы жағдай орын алды. Оқиға Забайкал әскери округіне қарайтын Горный деп аталатын жабық қалашықта болған. Онда бір сарбаз өз қаруластарына қарсы автоматтан оқ атты. Оқ тиген 8 солдат сол жерде жантәсілім етті,  ауыр жараланған 2-еуі госпитальге түсті.

 

Қаруластарына оқ атқан солдаттың аты-жөні – Рамиль Шамсутдинов. Жасы небәрі 20-да, қызмет етіп жүргеніне 3 айдан енді ғана асқан екен. Ол күндізгі сағат 2-нің шамасында қарауыл ауысып жатқан кезде келген күзет бөлімшесіне оқ атқан. Көп ұзамай өзі қолға түсіпті. Р.Шамсутдинов істеген ісі үшін еш өкінбейтінін айтыпты. Оның жас солдат екеніне және осылай дегеніне қарағанда, оқиғаның орын алуына әлдебіреулердің әлімжеттік жасап, қорлауы себеп болған сияқты.

 

Ал ресми түрде солдаттың мұндай қадамға баруына әскери қызметке қатысы жоқ бір жайлар әсер етіп, жүйкесі сыр беруі себеп болған деп айтылды. Оқиға орнына жедел барған Тергеу комитеті мен арнайы комиссияның адамдары істің жай-жапсарын тексеріп жатыр.

 

Р.Шамсутдинов әскерге Батыс Сібірдегі Түмен облысынан алынған, татар ұлтының өкілі сияқты. (Батыс Сібірде 600 мыңға жуық жергілікті сібірлік татарлардың тұратыны жөнінде біз газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазған болатынбыз). Аталған облысқа қарасты Вагай елді мекенінде 9-сыныпқа дейін оқыған екен. Наталья Мухина есімді кластасының айтуынша, ол мектепте жақсы оқыған, футбол, волейбол, баскетболмен, басқа да спорт түрлерімен белсенді айналысқан, қатар-құрбысының арасында беделді, үнемі көңілді жүретін оқушы болған. Ұстаздары оны жақсы көріпті. Р.Шамсутдиновтің мінезін білетіндер оны озбырлықпен ісі жоқ, жуас, дау-жанжал туа қалса, оны бейбіт жолмен, түсіністікпен шешуге бейім бала еді деп сипаттауда.

 

Қысқасы, қатардағы жауынгер Р.Шамсутдиновтің автоматтан оқ атып, бірнеше қаруласын жер жастандырғанына оны бала кезінен жақсы білетіндер сене алар емес. Соған қарағанда, жас солдаттың мұндай оқыс қадамға баруына басқалардың оған әлімжеттік жасап, қорлауы себеп болуы мүмкін деген тұжырымға ден қоюшылар көп.

 

Ал Р.Шамсутдиновтің әкесі Сәлім кезінде ішкі істер саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан екен. Рамильден басқа тағы да екі ұлы бар, біреуі учаскелік инспектордың көмекшісі болып еңбек етеді, екіншісі Севастополь қаласында тұрады. Аналары ілгеріректе қайтыс болыпты.

 

Р.Шамсутдиновтың әскери қызметті келісім-шарт негізінде жалғастыруға ниеті болған көрінеді. Әкесі таяуда ғана оған қажетті құжаттарды түгелдеп салып жіберген екен. Солдаттың әкесі аталған оқиғаға қатысты өзіне қойылған сұрақтар­ға орай, жуырда телефонмен сөйлескенде ұлының үнінен қандай да бір жайсыздықты сезгенін, бірақ оның ешнәрсеге шағымданбағанын айтыпты.

 

Қысқасы, Ресейдің әскери бөлімінде осындай қайғылы әрі өкінішті жағдай орын алды. Қаруластарына қарсы оқ атқан Р.Шамсутдиновке қатысты «екі және одан да көп адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол 2 айға абақтыға қамалды. Оған бірнеше жылға, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ