Қайырлы Омар не үшін сотталды?

05.11.2019
Қаралды: 95

Нұр-Сұлтан қаласында қоғам белсендісі Қайырлы Омарға қатысты сот процесі болып өтті. Оған айыпталушының жүздеген жақтастары барып қатысты. №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Қ.Омарға қатысты шығарылған үкімді оқығанда жұртшылық оған өз наразылығын білдірді, судьяны қызметінен кетуге шақырды.

 

Бас бостандығы 2 жылға шектелді

 

Қайырлы Омарға алғашында «бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салған» деген айып тағылған еді. Ол өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ, мұның саяси астары бар деп мәлімдеді. Ал оның үстінен шағымданушы тарап өкілі соттың үкімі өздерін қанағаттандыратынын білдірді, «бұл мәселеде ешқандай да саяси астар жоқ» дегенді айтты.

 

Осының алдында өткен сотта айыптаушы прокурор Қ.Омарды «бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін талан-таражға салған» деп тауып, 4 жыл­ға бас бостандығынан айыруды, жазасын өтегеннен кейін 4 жылға дейін басшылық қызметпен айналысуға тыйым салуды сұраған еді. Ал судья Элизавета Атшыбаева айыпталушының бас еркіндігін 2 жылға шектеу жөнінде үкім шығарды. Яғни Қ.Омарды айыптау бабы «өкілеттікті теріс пайдалану» деп өзгертілген. Сот үкімі бо­йынша Қайырлы Омар  жазасын  қоныс колониясында өтейтін болды.

 

Мәселе неден басталған еді?

 

Қайырлы Омардың есімі көпшілікке жақсы таныс. Ол – жерді шетелдіктерге сату мен жал­ға беруге үзілді-кесілді қарсы шыққан, бұған қатыс­ты мәлімдемелер жасаған қоғам белсендісі. «Жер тағдыры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

 

Қ.Омар өзінің пікірін әрқашанда ашық айтатындығымен танылған. Жерге қатысты және бас­қа да кейбір жайларға орай орын алған оқиғалар кезінде оны полиция бірнеше мәрте ұстаған, ал өткен жылғы мамыр айында 7 күнге қамауға алған еді.

 

Қ.Омардың жасы қазір 60-та. Ол – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Осыған дейін Елордадағы «Азат шаңырағы» деп аталатын, құрамына 14 тұрғын үй кіретін жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы болған.

 

2018-жылдың ақпан айында полицияға оның үстінен өзі басқаратын кооперативке қарасты үйлердің бірінде пәтер жалдап тұрған Жанар Қозыбақова деген әйелден арыз түскен. Ол өзінің жөндеу жұмыстары үшін төлеген 4 мың теңгесінің қалай жұмсалғанын, жалпы, кооперативтің қаржылық жағдайын білмек ниетпен шағымданған. Көп ұзамай-ақ Қ.Омардың кеңсесі, есеп-қисап құжаттары тексерілді. Ақырында оны 16 миллион теңгеге жуық қаржыны талан-таражға салған деп, үстінен қылмыстық іс қозғады.

 

Қ.Омар 2018-жылы 5-шілдеде сот санкциясымен қамауға алынды. Дегенмен ол арада бірер күн өткенде кепіл қойып, «үй қамағына» шықты.Тергеп-тексерулер кезінде еркіндікте жүрді. Бірақ достарымен дәмханаға, тойға барғаны үшін сот талабын бұзды деп танылып, өткен жылғы қазан айында екі айға уақытша ұстау абақтысына қамалған еді. Содан бері оның  абақтыда отыру мерзімі бірнеше мәрте ұзартылды. Денсау­лық жағдайының күрт нашарлағанын айтып, соттан «үй қамағына» шығару жөнінде сұрағанымен өтініші қанағаттандырылған жоқ.

 

Ақырында, міне, ол «өкілеттігін теріс пайдаланған» деген баппен сотталып отыр. Ал адвокаты Василий Садыков өздерінің бұл үкіммен келіспейтіндерін білдірді, апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты. Жалпы, адам құқын қорғау­шы сарапшылар Қ.Омардың сотталуы астарында саяси себеп бар деген пікірде.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ