Сіз қандай көрпе жамылып жүрсіз?

04.11.2019
Қаралды: 90

Әлеуметтік желіде Қытай туралы әңгіме көп. Соның бірі біздің де ерекше назарымызды аударды. Ондағы аты-жөні белгісіз ер адамның әңгімесінде біраз дүние айтылыпты. Бұл аудиода былай дейді: 

 

«Мен Қазақстанға келгелі 14 жыл болды, аға­йындар! Жиырма жыл бұрын Қытайда тұрған кезімізде интернет жүйесіне тек компьютер арқылы ғана кіретінбіз. Сол кезде кешкі уақыттан таңға дейін торап көретінбіз. Сондағы бір бағдарламада Қытай мамандары, ғалымдары талқы өткізіп жатты. Онда олар ең үлкен екі нәрсені айтты. Біріншісі – «Еуропаны бағындырудың бірінші баспалдағы – Қазақстан», – деп дәп басып, нүкте қойды. «Қазақстанға қол жеткізсек, бүкіл Еуропаны билейміз», – деді. Соны дискіге көшіріп алып, мақаласын жазып, Қазақстанға келген жылы жоғарыға жолдаған болатынмын.

 

Екіншісі – жемек-ішпек заттар, сусындар. Соның бәріне тууды шектеу дәрісі қосылған. Оны қытайлардың өздері жемейді, ішпейді. Аз санды ұлттар­ға қарсы жасалған жемек-ішпектердің, сусындардың жүзден астам мемлекетке шығып кеткендігін айтып отыр. «Келешекте оны біліп қалса, бізге пәленбай айыппұл төлетіп, қарсылық болмай ма?» – дегенде: «Ол жақтарда ғалымдардың оны зерттеп кететіндей қабілеті жоқ», – деп айтты.

 

Мен сусындарынан бас тартайық, ішпейік деп, осыны көп жерде айтып жүрмін. Анау «Кока-коланың» кәдімгі кептірілген химикаты келеді. Оның бір кеседейі бір тонна суға қосылады. Егер артық болып кетсе, ішің өтіп, өліп қаласың. Бояу кәдімгі. Бірақ соның ішінде тууды шектеу дәрісі бар. Сізге ол бес жылда да, он жылда да әсер етпеуі мүмкін. Яки болмаса жүздің ішінде бір, мыңның ішінде бір бірен-саран адамдарға әсер етпеуі мүмкін. Ал қалған әлсіз, нашар тамақтанып жүрген адамдардың бәріне, қазіргі ұрпақтың бәріне әсер етеді. Мен осыны пәлен уақыттан беріп айтып келе жатырмын».

 

Бұдан кейін бұл аудиожазбада Қытай көрпелері туралы да бұрын-соңды естіп-білмеген нәрселер айтылады.

 

«Қытайдың осы керексіз заттары біздің ақшамыздың өзін құнсыздандыруға әкеп соқты. 55 мың теңге 1000 юань болды, енді көресіздер, 5-10 жылда 100 мың теңгеміз Қытайдың 1000 юанына тура келетін болады. Біз Қытайға тауар сатып емес, Қытай бізге тауар сату арқылы ақшамызды меңгеріп отыр. Егер бұрынғы кезде осы Қытайдың тауарынан бас тартқанда ақшамыз мұншалықты құнсызданып кетпес еді. Қиналып ақша табасың, қалтаңа салып базарға барасың, сол жерден оның керексіз затын сатып аласың да қайтасың. Енді 5-10 жылда ақшаның қаншалықты құнсызданатынын көресіз. Әрі олар халқымыздың ағзасын улап, денсаулығын бүлдіріп отыр.

 

Мен сізге көрпелері туралы да айтып берейін. Түйенің жүні, басқаның жүні дегеннің бәрі шошқаның жүні. Бұл – бір. Екіншісі, ешкінің жүнін Қытайға апарғаннан кейін оның түбітін айырып алады да, әскерлерге, үлкен шенеуніктерге киім тігеді. Қымбат. Бір жейдесінің өзі 300 мың доллар. Ал керексіз қылшығына дәріні бір сепкен кезде ол жұмсарып қалады. Соны түйенің жүні секілді бояп, қайтадан Қазақстанға қымбат бағада жібереді. Ол көрпелердің бағасы 18 мың теңгеден төмен емес. Ал ана шошқаның қылшығынан жасалғандар – 10 мың теңгеден, елдің тастаған, керексіз, жаман киімдерінен жасалаған көрпелердің өзі, мен сізге айтайын, 5-6 мың теңгеден төмен емес. Түрлі ауруы бар адамдардың киімі тасталады. Оларды залалсыздандырмайды, түтеді де, жуып-тазалап, көрпе жасалып, қайта келеді.

 

Керексіз қоқсықтар арқылы ақша жасап, ақшаны құнсыздандырып, өзінің керексіз тауарына құл қылып, енді жеріңді сатып алып, өзіңнің етіңнен өзіңе қуырдақ жасап беріп отырған осы Қытай туралы неге осы кезден ойланбаймыз? Ұлттың, келешек ұрпағымыздың тағдыры бізді алаңдатады», – дейді онда.

 

Мұның шындыққа жанасатын-жанаспайтынын біз білмейміз. Десе де ойландырады.

 

М. АЙДЫН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ