Айнұр ақынның астанадағы пентхаусын кім ұтып алар екен?

01.11.2019
Қаралды: 58

Елдегі баспана мәселесі көпшіліктің жанды жеріне айналып отырған шақта «жұлдыздар» да жұртқа үміт сыйлап, пәтерлерін ұтысқа қоюдан алдына жан салмай отыр.

 

Өткен қазан айының бас кезінде эстрада жұлдызы Алмас Кіш­кенбаев әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің Нұр-Сұлтан қаласындағы екі бөлмелі пәтерін ұтыс­қа қоятынын айтқан еді. Жеңімпазы желтоқсан айында белгілі болатын бұл ойынға бірнеше «Іphon X» ұялы телефонын және әртүрлі көлемдегі ақшалай сыйлықтарды ұтысқа тігіп отырған көрінеді. Аталған конкурсқа қатысуға ниет білдіргендер 10 мың теңгеге билет сатып алуы тиіс.

 

Енді айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева да лотерея ойнатуды қолға алып, өзінің Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің жағасында орналасқан, бағасы 100 миллион теңге болатын 6 бөлмелі пентхаусын ұтысқа тігіп отыр. Көпқабатты пәтердің ең биігіне жайғасудан үмітті адам «Айнұрдың мотивациялары» атты бірінші бетіне ұтыс нөмірлері жазылған 7 мың теңгелік кітабын сатып алуы шарт. Мұнда тек пентхаус емес, Ұмра қажылығына және Стамбулға жолдама, 100 мың, 50 мың, 10 мың, 5 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар да ойнатылады. Бұл ұтыс­тардың иесі осы қараша айында белгілі болмақ.

 

Мұндағы көп жұртты қызықтырып отырған бір нәрсе – айтыскер ақынның аумағы 320 шаршы метр болатын пент­хаусы. Екі қабатты бұл үйде кең зал, ас бөлме, 4 жатын бөлме, 1 кабинет, 1 қонақ бөлме, үлкен терраса бар. Барлығы да қымбат жиһаздармен жабдықталған. Шамамен 70 шаршы метрді құрайтын қонақ бөлмеден жерге төселген жібек кілемдерді, екі бірдей желдеткішті, электрлі каминді, үлкен диагональды теледидарды, заманауи люстраны көруге болады. Айнұрдың өзі бұл люстраны осыдан он жыл бұрын Үрімші қаласынан 1500 долларға ал­ғанын айтады. Ал осы бөлмедегі ыдыс қоюға арналған жиһаздың бағасы шамамен 15-20 мың долларды құрайды екен. Айтыскердің айтуынша, мұның бәрі үйді ұтып алған жанға бұйыратын көрінеді.

 

Айнұр Тұрсынбаева бұл үйге 2010 жылы көшіп келіпті. Ол содан бері шаңырағында бірде-бір рет ішімдік ішілмегенін, сондай-ақ Бибігүл Төлегенова бастаған бүкіл марқасқалар, ақындар, батырлар, әншілер қонақ болған құтты баспана екенін айтады. Алғашқы тұрғыны өзі бол­ған пентхаусын ешкімге қимаса да даңғарадай үйдің отбасыдағы үш адам үшін үлкендік ететінін, үйде тазалық жұмыстарын жүргізу де өзіне үлкен күш екенін, сол үшін арнайы адам жалдап, еденін жуғызатынын да тілге тиек етті. Сондай-ақ даңғарадай үйге айына 40 мың теңге шамасында коммуналдық ақы төлейтін көрінеді.  Соған қарағанда, Айнұр ханым шағындау пәтерге көшуді жоспарлап отырған сыңайлы.

 

100 миллиондық пентхаусын тікелей сатылымға қоймай, ұтыс ойнатудың арғы жағында нендей сыр жатқаны бізге беймәлім. Дегенмен бұл үй бір баспанаға зар болып жүрген көп балалы отбасыға бұйырса екен.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ