Мәдениет министрлігінің «мәдениетті» парақорлары

04.11.2019
Қаралды: 36

Мәдениет және спорт министр­лігінің бұрынғы жауапты хатшысы 8 жылға сотталды. Ол жазасын колония қонысында өтейтін болды. Сондай-ақ аталған министрліктің әдеп жөніндегі бұрынғы уәкілі 7 жыл­ға бас бостандығынан айырылды.

 

Олар аса ірі көлемде, нақтырақ айтқанда, 38500 доллар пара алған деп айыпталды. Бұл азаматтар параны діни әдебиет шығару бойынша мемлекеттік сатып алу келісім-шартын жасау кезінде қолдау көрсеткені үшін кәсіпкерлерден алған екен.

 

Ал сол кәсіпкерлер шығарған кітаптар қаншалықты сапалы, елге қандай пайдасын тигізіп жатыр? Осыны саралаған адам бар ма?

 

Бүгінде бізде дін саласының өзі былықпай болып кеткен жоқ па? Әрқайсысы өзінің ұстанымын дұрыс деп, өзгелерді тыңдамайтын, өздерін бөлек ұстайтын ағымдар бар. Сақалды қауғадай қылып, балақ қысқартып алған кейбіреулер ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын мансұқ етіп жүр. Бәзбіреулер әйелін болмашыға «талақ» етеді. Кей имамдар жаттап алған нәрсесін қайталаудан аса алмайды. Кейбіреулердің теріс іс-әрекеті иман­ға бет бұрған адамдардың өзін діннен шошытатындай болып барады.

 

Ал осындай кезеңде біреулер діни әдебиет бойынша мемлекеттік сатып алу өткізіп, екіншілері оны ұтып алып, сол үшін бір-біріне «сыйлық» жасап, жалғанды жалпағынан басыпты. Пара алуды үлкен күнә деп оқытатын дін мәселесін де осындайлардың қолына тапсыра салғандарға не дерсің?!

 

Апыр-ай, әркімнің-ақ түйсігінде тұруы тиіс адалдық, аманатқа қиянат жасамау деген асыл қасиеттердің, тіпті ұятты істен именудің  шынымен де адам бойынан алыстап бара жатқаны ма?

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ