Қастер мен Мұрагер Атажұртқа пана іздеп келген еді

04.11.2019
Қаралды: 40

Қазан айының алғашқы күндерінің бірінде Қытайдан Қазақстанға этникалық екі қазақ азаматының қашып өткені белгілі.

 

«Атажұрт еріктілері» ұйымының көмегімен Алматыда ұйымдастырылған арнайы баспасөз жиы­нында олар бастарынан өткен қиыншылықтар жөнінде айтып, Қазақстаннан өздеріне босқын мәртебесін беруді сұраған еді. Кейін екеуін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары Шығыс Қазақстанға әкеткен болатын.

 

Содан көп ұзамай Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының үстінен шекараны заңсыз бұзып өту дерегі бойынша қылмыстық іс қоз­ғалды. Сөйтіп олар Өскемендегі уақытша тергеу абақтысына жабылған еді.

 

Бүгінде Қытайдан қашып келген қандастарымыздың үстінен қылмыстық іс қозғалуының өзін заңсыз деп жатқандар бар. Мысалы, адвокат Ләззат Ахатова: «Босқындар туралы Женева Конвенциясының талаптарына сәйкес, қандай да бір елден зәбір көріп, жапа шеккен азаматтар шекара бұзып, басқа елге босқын мәртебесін сұрап барса, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалмауы керек. Бұл талапты БҰҰ құрамына кіретін барлық елдер орындауы тиіс», – деген пікір білдірді. Жалпы, көптеген қоғам белсенділері Қытайдан қашып келген қандастарымызға көмектесуге, оларды қорғап қалуға, бос­қын мәртебесін беруге шақыруда.

 

Ал кешегі сейсенбіде бұл екі азаматтың бұрын­ғы адвокаты Бауыржан Азановтың оларға «Пана іздеуші тұлға» куәлігі берілетіні туралы айтқаны жөнінде хабар тарады.  Яғни Шығыс Қазақстан облыстық көші-қон полициясы Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына осындай мәртебе беруді ұйғарған көрінеді. Сондай-ақ кей деректерде «АҚШ консулдығы оларға босқын мәрте­бесін беруге дайын екенін білдірді» деп те айтылуда.

 

Әрине, пана іздеуші тұлға мәртебесі мәселені түбегейлі шешпейді. Бұл – уақытша шара. Естеріңізде болса, кезінде Қытайдан қашып келген қазақ қызы Сайрагүл Сауытбайға да алғашында осындай мәртебе берілген еді. Сот процестері жүргізіліп жатқандықтан оның мерзімі бірнеше мәрте ұзартылған. С.Сауытбайға Қазақстан «Босқын» мәртебесін бере алмаған. Жанашыр азаматтардың, адам құқын қорғайтын халықаралық ұйымдардың көмегі арқасында Швеция оған және отбасына өз аумағына барып тұруға рұқсат етті. Бүгінде ол Швецияда тұрып жатыр. Қойылатын талаптардың бірі – швед тілін меңгерсе, оларға Швеция азаматтығы берілуі әбден мүмкін.

 

Енді Қытай құрығынан қашып тағы екі қандасымыз келіп отыр. Қазақстан елі оларға пана бола ала ма? Жалпы, Қытайда қысымшылық көріп жатқан жергілікті қазақтарға Қазақстан арқасүйер бола ала ма? Бүгінде жұртты осы жағы қатты ойландырып жүр.

 

А. АЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ