Оңтүстік халқы Марс Үркімбаевты ұмытпайды

04.11.2019
Қаралды: 74

Биылғы қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысының тұңғыш әкімі болған азамат, мемлекет және қоғам қайраткері, академик-ғалым Марс Фазылұлы Үркімбаев, көзі тірі болғанда, 80 жасқа толар еді. Ол кісі осыдан жеті жыл бұрын 73 жасқа қараған шағында өмірден озды.

 

Марс Үркімбаев өмірден өткенмен, оның артында көптеген игі істер мен өшпес іздер қалды. Ол туралы айтылар ерекше естеліктер, жылы сөздер, оң пікірлер аз емес.

 

Алдағы 22-қараша күні Жамбыл облысының орталығы – Тараз қаласында Марс Фазылұлының туғанына 80 жыл толуына орай ауқымды іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Іс-шараның негізгі ұйымдастырушылары – М.Үркімбаев ұзақ жылдар еңбек еткен, басшылық қызмет атқарған Тараз мемлекеттік университеті, сондай-ақ академик Үркімбаев қоры және ол кісінің отбасы мүшелері.

 

М.Үркімбаев қорының төрайымы, Марс Фазылұлының өмірлік серігі Татьяна Николаевна Үркімбаеваның айтуына қарағанда, аталмыш іс-шараға дайындық қазір жан-жақты жүріп жатыр екен. Қазақ еліне танымал қайраткердің 80 жылдығын атап өту рәсімі 22-қараша күні таңертеңгі сағат 10-да Тараз қаласындағы гидрокешен аумағында Марс Үркімбаевтың ескерткішін ашу салтанатынан бастау алмақ. Ол еңселі ескерткіштің авторлары – шымкенттік талантты суретші-мүсіншілер: Насыр Рустамов, Сұлтан Ілияев және Әбдуахат Мұратбаевтар.

 

Ескерткіштің ашылу рәсімінен соң сол маңда Марс Фазылұлының өнегелі өмір жолы мен ғылыми еңбектеріне арналған 5-ші халықаралық ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бас­тайды. Оған көптеген елдерден айтулы ғалымдар, белгілі тұлғалар қатысады деп күтілуде.

 

Ал бұл іс-шараның соңында Тараздағы «Бақсарай» дәмханасында Марс Үркімбаевтың әруағына бағышталып ас беріліп, құран оқылатын болады.

 

Таразда өткелі отырған бұл іс-шараға Оңтүстік өлкесінен шақырылып отырған азаматтар да бір қауым ел көрінеді. Олардың қатарында кезінде Марс Фазылұлымен қызметтес бол­ғандар, сыйлас-сырлас, аралас-құралас болған азаматтар бар.

 

Қазақ еліне белгілі тұлға, мемле­кетіміздің тәуелсіздігін нығайтуға өзінің лайықты үлесін қоса білген қайраткер, есімін әлем таныған академик-ғалым Марс Үркімбаевтың рухын тербетіп, атын асқақтатып отырған Тараз жұртшылығына осы орайда шынайы алғысымызды  айтқымыз келеді.

 

Еліміз өз егемендігін жариялаған тарихи кезеңде, қиын-қыстау уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының тұң­ғыш әкімі қызметін абыройлы атқарып, артында өзіндік ізін қалдырған, Оңтүстіктің Бәйдібек ауданында туып-өсіп, үлкен биіктерге көтерілген айтулы азаматты Оңтүстіктегі жерлестері де ардақ тұтып, есімін есте қалдыру жөнінде тиісінше жұмыстар атқарар деген үміттеміз.

 

«Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді?!» деп Ілияс Жансүгіров айтқандай, бұл өзі ойлануға тұрарлық мәселе деп білеміз. Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы мен еліміздегі үш мегаполистің бірі – Шымкент қаласын басқарып отырған азаматтар ұлт зиялысын ұлықтау ісінен шет қала қоймас деген сенімдеміз.

 

«Замана».

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ