Бұл ауылды қолдау ма, қанау ма?

01.11.2019
Қаралды: 50

Ел экономикасының ең негізгі саласының бірі – ауыл шаруашылығы. Өкінішке орай, азық-түлік қауіпсіздігінің стратегиялық маңыздылығын толық сезіне алмай келеміз.

 

Соның салдарынан ауыл шаруа­шылығымен айналысатын сала еңбеккерлеріне билік тарапынан кешенді көмек көрсетілмей жатыр.

 

Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында құрылған «ҚазАгро», «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» секілді құрылымдардың жұмыс істеу механизмінде кемшіліктер бастан асады. Мысалы, ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы зауыттан ша­руа қожалығына жеткенше екі есе­ге қымбаттап кететіні мүлде ақыл­ға қонбайды. Бұл ауыл еңбеккерлерін қолдау емес, қанау болып табылады.

 

Шағын шаруа қожалығы иелеріне жеңілдетілген несие алу да – дү­ниенің қияметі. Жоғарыдағы экспедитор болып табылатын құрылымдар тарапынан түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болады. Қиындатылған қағаз тасқыны, кепілге қойыл­ған мүліктің тым төменге бағалануы секілді толып жатқан кедергілерді айтуға болады. Тауы шағылған ауыл баласының осылардан кейін несие алып шаруасын өркендетуден жолы кесіледі. Егер өкімет осы мәселелерге оң көзқараспен қарап, қолдау көрсетер болса, ауылда қалып, нақ­ты іспен айналысқысы келетін қабі­летті жастар баршылық.

 

Бізде ауыл шаруашылығына бө­лін­ген қаражаттардың барлығының пайдасын алпауыт «агро-холдингтер» ғана көріп отыр. Ал олардың арғы жағындағы жасырын қожайындары кейбір ірі шенеуніктер екені айтпаса да түсінікті.

 

Биылғы жастарды қолдау жылында ауыл жастары назардан тыс қалмауы тиіс. Олардың нақты кәсіппен айналысуына, туған жерге ту тігіп, қолынан іс келетінін дәлелдеуіне  қамқорлық, кешенді жоспар қажет.

 

Парламент төріндегі кейбір депутаттар мен сенаторлардың ауыл ша­руа­шылығына берілетін несиелерге шүйлігуі ауылға деген жанашырлықтың тым төмен деңгейде екенін көр­сетеді.

 

 А. ӘЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ