Ақшаны қалай басқаруға болады?

01.11.2019
Қаралды: 88

Парламент Сенатының депутаты болып тағайындалғанына көп болмаған журналист Дана Нұржігіт жуырда халықтың қаржылық сауаттылығын көтермей несие беруге болмайтынын Сенат отырысында айтқан болатын.

 

Ол адамдардың кәсіп бастаймын деп мемлекеттен алған ақшасын үйдегі жөндеу жұмыс­тарына, болмаса құдайы беріп, құда шақырып дегендей жеке бас шаруасына жұмсап жіберетінін де жеткізген еді. Соған байланыс­ты біз де қаржылық сауаттылықты көтеруге қатыс­ты қаржы кеңесшісі Сайлау Абайділ­дановқа (суретте) екі-үш сауал қойған едік.

 

Ол адамдардың кедейлігінің себебін былай түсіндіреді:

 

«Ақшаны табу да керек, сонымен қатар үнемдей де білу қажет. Ол үшін адам қаржылық жоспар жасауы тиіс. Қаржылық жоспар дегеніміз – қанша ақша жинаймын, қанша уақыт және қалай жинаймын деген секілді сан түрлі сұрақтарға жауап бере отырып, мақсатқа жету жолында құрылатын жоспар.

 

Рас, жолын білген адамға аз ақшадан көп ақша жасауға болады. Ол үшін қаржылық сауатты ашу керек. Қазір адамдарда мұндай сауаттың жоғы рас, оған қатысты жаңа білім іздемейді, үйренуге тырыспайды.

 

Адам не үшін кедей болады? Біріншіден, ол адамның түпсанасында кедейлік бағдарламасы орнаған. Қолына қанша ақша түссе де ол оны дұрыс жұмсай алмайды, қаржыны басқаруды білмейді. Өйткені мидағы бағдарлама дұрыс емес. Бұл психологияда да айтылады.

 

Екіншіден, бұл жерде қаржылық сауатсыздық та бар, онымен қоса, үшінші дейік, адамды ақшаны көбейтудің жолында білім алып, ізденгісі келмейтін жалқаулық та жеңіп кетеді. Егер осының бәрін ретке келтірсе, адамдардың бай болуға мүмкіндігі бар».

 

Сондай-ақ қаржыгер ақшаны қалай басқаруға болатынын да айта кетті.

 

«Ақшаны тиімді басқару үшін қаржы бұлақтарын көбейту керек. Қаржы бұлақтары дегеніміз – қалтаға ақша түсіретін табыс көзі. Қаржы бұлақтары көбейген сайын адам байлыққа бір қадам жақындайды. Ал оны көбейту үшін не істеген дұрыс? Ол үшін жүйелі түрде ақша жинау керек. Яғни үнемдеу арқылы шығынды азайтып, соның нәтижесінде кез келген сомадағы артылған ақшаны ай сайын есеп-шотқа аударып отыру қажет. Жалақы түсе сала белгіленген соманы депозитке салуға дағдыланған жөн. Біршама уақыттан кейін қомақты қаржының жиналғанын адам байқамай да қалады. Бұдан кейін жиналған ақшаны көбейтуге ұмтылу керек. Осыдан соң «бұл ақшаны қандай кәсіпке құямын» деген сұраққа жауап іздеуге болады. Мұндайда тек қаржылық білімнің ғана емес, интуицияның да көмегіне жүгінген дұрыс», – дейді ол.

 

Расында да білімнің артықтығы жоқ. Мүмкін болса, меңгергенге не жетсін! Қаржыны бас­қара білген адамның айы да оңынан туатын шығар.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ