Баттастыра боянған жігіт, тақырбас қыз...

01.11.2019
Қаралды: 72

Бүгінде теледидардан небір сұмдықтарды көретін болдық. Өткенде «КТК» арнасынан берілетін «Астарлы ақиқат» бағдарламасында кірпік пен тырнақ жапсырып, маникюр мен макияж жасап алған жас жігітті көрсетті.

 

Бетінде бес батпан бояуы, әсіресе ерніндегі қып-қызыл далабы оның бейнесін қыз баласынан айнытпай қойыпты.

 

Айтуынша, ол боянуды жоғары сыныптан бастаған екен. Жастайынан опа-далапқа деген құмарлығы ақыры кәсіби визажист атануына алып келіпті. Қазіргі күні ол осы кәсібі арқылы жақсы ақша тауып отырған көрінеді. «Бұл менің образым ғана, негізі жан-дүнием – еркек», – деп ақталмақ болған жігіттің өзі де, сөзі де жиіркенішті көрінді. Әйтеуір сол жерге көйлек киіп келмегеніне шүкір деп қалдым.

 

Әлгінің біртүрлі бейнесі көз алдымнан кетпей, ес жия алмай жүргенде көп ұзамай тағы бір қызықты көзіміз шалды. Жан-жақтан жиналған қыз-жігіттер қашан көрсең тартысып отыратын «Қалаулым lіve» атты тағы бір бағдарламада Ұлдана есімді қыз бала тікелей эфирде шашын тықырлап алып тастапты. Ол осы қылығымен әлдекімге әлденені дәлелдемек болған көрінеді. Оның қисынсыз қылығын түрлі жаңалықтар сайт­тары жарыса жариялап жатты. Онсыз да шаш үлгісін ұл бала секілді етіп қиып алған бұл қыздың қып-қысқа шашынан дым да қалмады. Ұлдананың бұл әрекетінің астарында не жатқанын кім білсін, әйтеуір оған «сөзіңде тұрдың, ер екенсің» деген сынды пікір айтқандар да табылды.  

 

Ұлымыз қызға, қызымыз ұлға ұқсағысы келсе, онда жетіскеніміз шамалы. Жартылай жалаңаштанған қыздардың қылығынан күйіп едік, енді, міне, одан өткен біртүрлілер тағы шықты.

 

Өтірік емес, соңғы кезде осындай сұмпайы дүниелер көбейіп кетті. «Ұрып кетті», «соғып кетті», «сойып кетті» деген негативті жаңалықтардан кейінгі жағымсызы да осылар. Ал енді адамның эмоциясымен ойнайтын мұндай дүниелерді жаһанға жария етудің қажеті қанша? Неге осындайларды экран бетінен аластамаймыз? Ертеңгі күні оны көріп қалған балалардың санасында бұл қалыпты жағдай деген ой қалыптасуы әбден мүмкін. Мұндайларды көрсетіп, сананы улағаннан басқа ұтарымыз жоқ. Отқа май құйғандай қылып, теледидардан бір көрсетсе, әлеуметтік желіден мың көрсетеді. Одан кейін  қайда қарасаң да көз алдыңнан көлбең етіп, әлгіндейлер желінің бетін басып қалады. Сөйтіп біразға дейін «хит» болады.

 

Бұл сөзіме отырған жерінде ойына келгенді құса салатын, кезінде «Қалаулым» «жұлдыз» еткен  Зәмира секілділер дәлел бола алады.

 

«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демей ме, ендеше тәрбиені тал бесіктен бастайықшы! Әйтпесе күн өткен сайын қорқынышты болып бара жатыр.

 

Т. АСҚАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ