Хайуанаттарға арналған қонақүй ашылды

01.11.2019
Қаралды: 45

Бүгінде ит-мысық асырайтындар аз емес. Олар іссапарға, демалысқа кетерде үй хайуанаттарын қайда және кімге қалдырарын білмей қиналып қалады.

 

Хайуанаттарды жаны сүйетін осындай жандардың үйдегі қараусыз қалатын ит-мысығына байланысты уайымын жеңілдету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында таяуда «BookіngCat» деп аталатын қонақүй ашылды.

 

Еуропалық стандарттағы бұл жануарлар қонақ үйінің ашылғанына әлі ай толған жоқ. Десе де бұл жер осы уақыт аралығында бірнеше мысықты қабылдап үлгеріпті. Аталған қонақүй тек мысықтарды ғана емес, салмағы 8 килоға дейінгі ит, тотықұс, балық пен жыланды, басқа да түрлі асырандылардың барлығын қабылдайды. Мұнда жұмыс істейтінтіндер келген жануардың күтімін толықтай мойнына алса, ветеринар мамандар үй жануарларының әрбірін қабылдамас бұрын денсаулық төлқұжатының бар-жоғын, екпе салынған-салынбағанын, қандай да бір жұқпалы дертпен ауыратын-ауырмайтынын тексеріп алады екен. 

 

«BookіngCat» жануарлар қонақ үйін франшиза арқылы ашқан Ғалия Ошманова – үш баланың анасы, жасы – 29-да. Ол бұл идеяның жолдасы екеуі жұмыс барысымен Мәскеу қаласына барып, сонда бірнеше ай тұрған кезінде келгенін айтады. Айтуынша, Ресейде көптеген отбасылар ит-мысық асырайтындықтан бұл кәсіп түрі ол елде жақсы дамыған екен. Елге қайтқан ерлі-зайыптылар келгеннен кейін осы саланы біраз зерттеп көреді. Нұр-Сұлтан қаласында жоғары сапада қызмет көрсететін зоологиялық қонақ­үйінің жоқтығын байқаған соң Ғалия Ошманова бұл істі өзі қолға алады.

 

«Қазір адамдар демалысқа, іссапарға жиі шығады. Ондай кезде сүйікті жануарларын үйге тастап кетіп, уайымдап отыратындар бар. Біздің отель сондай адамдарға өте қажет. «BookіngCat» – еуропалық стандартқа негізделген елордадағы алғашқы жануарлар отелі. Біздің «передержка» деп аталатын басқа да ит-мысық ұстайтын орындардан артықшылығымыз өте көп.  Бұл қонақ үйде ең бірінші кезекте тазалыққа, гигиенаға ерекше көңіл бөлеміз. Ресейден арнайы тапсырыспен келетін құралдармен жануарлар тұратын орынды күніне екі рет дезинфекциялап, тазалап, ауасын тазартып тұрамыз. Әлгі дезинфекциялық құралдардың адамға да, жануарға да еш зияны жоқ.

 

Бізде күн тәртібі сақталады. Таңертеңгі тамақтандырудан кейін спа-процедуралар жасалады, одан кейін тазалық жұмыстары жүргізіледі. Бұдан кейінгі кезекте жануарлармен ойын жүр­гіземіз, содан соң тыныштық сағаты болады. Ол уақытта мысықтарға арналған релакс-әуендер қоямыз. Мұның әсіресе бөтен жерді жатсынып, үйренісе алмай жатқан мысықтарды тыныштандыруға пайдасы зор. Күніне бір рет жануарлардың иелеріне фото-видеоесеп жіберіп отырамыз. Біздің зоокүтушілеріміз олармен ұдайы байланыста отырады», – дейді Ғалия. 

 

Ғалияның айтуынша зооотельдегі орындар стандарт, комфорт, люкс деп үшке бөлінеді екен. Ит-мысықтар иесінің қалауына қарай орналастырылатын көрінеді. Мұндағы төлемақы да жануар түріне және жататын орнына қарай өзгеріп отырады. Мысалы, бір тәулікке мысықтарға стандарт орын үшін 2300 теңге болса, комфорт орындарға 4300 теңге, люкс орындарға 5400 теңге төленеді. Ал иттерді күніне екі рет серуенге алып шығу керек болғандықтан, оларға қымбатырақ ақы алынады екен. Мұндағы орындардың өзара айырмашылықтарын Ғалия ханым былай түсін­діріп берді:

 

«Стандарт орындар екі шаршы метрді құрайды, оған күтім жасау, тамақтандыру, дезинфекция, ойындар ойнату қызметі кіреді. Ал комфорт­та да аталған қызметтер көрсетіледі, тек артықшылығы – мұндағы орындар кең әрі биік болады. Ит-мысықтардың секіріп, мініп ойнауына жағдайлар жасалған. Ал люксте осылармен қатар иесі қайда жүрсе де бақылап отыра алатын бейнебақылау мен жануарларға арналған спа-процедуралар кіреді. Спа-процедурада иттер мен мысықтардың көзін, құлағын арнайы салфеткалармен тазалап, жүнін тараймыз, ерекше күтім жасаймыз. 

 

Мұндағы әр орын темір тордан емес, шыныдан жасалған. Біздің ерекшелігіміз де осында. Оның әрқайсысының төбесінде ауа жіберіп тұратын ашық тесіктері бар. Көбіне темір торлар жануар­ларда қорқыныш тудырады, ал шынылар, керісінше, жайлылық береді», – дейді кәсіпкер келіншек.

 

...Иә, естіген құлаққа, көрер көзге қызық болғанымен бұл да кәсіптің бір түрі. Дегенмен қызметін қажет ететін, қалтасы көтеретін жандар­ға бұл да бір жағымды жаңалық секілді.

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ