Қытай қапасында отырып шыққан қандасымызға көмек керек

01.11.2019
Қаралды: 54

Осыдан екі жыл бұрын «қауіпті мемлекетке барып келдің» деген айыппен Қытайдың саяси үйрену лагеріне қамалып, онда 1 жыл 7 ай отырып келген Гүлзира Әуелханқызы көпшіліктен көмек сұрап отыр.

 

Біз ол туралы «Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде жазған болатынбыз.  

 

Қытайда туып-өскен Гүлзира 2017 жылы отбасымен Қазақстанға қоныс аударады. Сол жылы Қытайға бір аптаға барып келемін деп кеткен оны сол жақтың сақшылары қамауға алған. Одан кейінгі түрмеде көрген қорлығы да аз болмапты. Саяси лагерьден шыққан соң оны зауытқа құлдық жұмысқа жібереді. Кейіннен елде қалған жолдасы арыз беріп, соның нәтиже­сінде Гүлзира Қазақстанға қайта оралады.

 

Біз Гүлзира Әуелханқызының өзімен тілдес­кен едік. Айтуынша, оның қазіргі жағдайы мәз емес. Лагерьде дәреттен және тамақтан қинал­ған ол шыққан соң да денсаулығының дұрыс болмай қалғанын жеткізді. Қазір айына он мың теңге төлеп, Алматы қаласынан 80 шақырым жердегі Тескенсу ауылында жолдасы және кіш­кентай қызымен үй жалдап тұрып жатыр екен. Гүлзираның өзі әлі Қазақстан азаматтығын алмаған. Ал кішкентай қызының Қытай пас­пор­ты­ның уақыты бітіпті. Құжаттың дұрыс болмауы мектеп, жұмыс мәселесінде, сондай-ақ емха­на­ға көрінуде қиындықтар туындатып жатыр екен. 

 

«Қазір денсаулығым айтарлықтай жақсы емес. Бір күн ауру, бір күн саумын. Жұмыс істе­меймін, кішкентай қызыма қарап үйде отырмын. Жолдасымның тапқаны үйдің жал ақысынан, дәрі-дәрмектерден артылмайды. Көктемде күйеуім 200 мың теңге несие алған. Соған да ақша құямыз. Оның да денсаулығы керемет емес. Азаматтыққа тапсырып қойғанмын. Әне келеді, міне келедімен уақыт өтіп жатыр. Қара ормандай халқым бар, басыма бір баспана берсе деген үміттемін. Көпшіліктен көмек күтемін. Пәтерден пәтерге көшіп жүру де оңай емес екен. Қатты қиналып кеттік. Өлсем сүйегім өз үйімнен шықса деймін.

 

Мына елдің өсегі де жақсы емес. «Қытайдың қылмысын әлемге айтқаның үшін саған не берді?» – деп жатқандар да бар.

 

Мен даңғарадай үй сұрамаймын. Осы жақтағы жанашыр жандардан, халықтан, тілші­лерден, журналистерден айналдым, осыларға алғысым шексіз! «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демей ме, маған осы үй мәселесін шешіп берсеңіздер екен», – дейді ол.

 

...Жұртым деп келген жанұяға елден жәрдем болып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Ел арасынан жомарт жандар табылып, бұл отбасыға көмек қолын созады деген үмітіміз зор. 

 

М. ЫБЫРАЙ.

Гүлзира Әуелханқызының байланыс телефоны: 8-747-893-92-69.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ