Нанды негізсіз қымбаттатқандарды аямау керек

30.10.2019
Қаралды: 100

Еліміздің барлық облыстарында ұн қымбаттады. Оны биыл бидайдан өнімнің жылдағыдан аз түсуімен байланыстыруда.

 

Әрине, ұн қымбаттағасын нан да міндетті түрде қымбаттайды. Бүгінде Шымкентте де нан бағасы көтеріле бастады. Әзірге сатушылар 5-10 теңгенің арасында қосып қойған, «жаңалықтан» құлағдар болған жұрт оны аса наразылық білдірмей-ақ алып жатыр. Бірақ көңілге уайым кірді. Мұның арты қалай болар екен деп ұнды қаптап алып жатқандар бар.

 

Осындай қарбаласты пайдаланып қалуға тырысқан кейбіреулер ұнның да,  нанның да бағасын тым асырып қымбаттатуда. Мысалы, кешегі сәрсенбі күні біз дүкеннен нанды 90 теңгеден алдық. Алдында 70 теңгеден сатылып тұрған нан неге бірден 20 теңгеге қымбаттап кетті десек, барлық жерде солай болып тұр дейді. Үйде қонағымыз бол­ған соң амал жоқ 370 теңгеге үш тандыр нан алдық. Ал ертеңіне Қырғы базарда мұндай «лепешкалардың» 70 теңгеден сатылып жатқанын көрдік.

 

Сонда мұны қалай түсінуге болады? Нан қымбаттады екен деп әркім оған ойына келген бағаны қоя берсе не болады?

 

Бүгінде еттің бағасы да қымбат екені белгілі. Осыған орай табысы аз жұрт ет жеуден қалып барады. Енді нан қымбаттап жатыр.

 

Қазір күн салқын, алдымызда қыс келеді. Ол кезде үйді жылыту керек болады. Бүгінде үйін көмірмен жылытатындар да уайымға батып жүр. Өйткені осы кезде 1 тонна көмірдің құны 20 мың теңгеге дейін жететіні белгілі.

 

Осының бәрі адамның көңіліне уа­йым салады. Сондықтан жергілікті басшылар бағаны ырықтау, қадағалау жағына көбірек көңіл бөлсе екен.

 

Халықтың күнделікті тұтынуына қа­жетті азық түрлерін, сондай-ақ көмірді негізсіз қымбаттатушыларды аямау керек. Менің бұл ұсынысымды көпшілік қолдайды деп ойлаймын.

 

С. ӘЛІПБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ