Жапонияның 126-шы патшасы таққа отырды

28.10.2019
Қаралды: 82

Кешегі аптада Жапонияның жаңа императоры – Нарухитоны ресми ұлықтау салтанаты болып өтті. Император тағында 30 жыл отырған әкесі Акихито  жасы ұлғайғанын айтып (ол кісінің жасы қазір 85-те), биылғы 30-сәуірде тақтан ресми түрде бас тартқан болатын. Нарухито таққа 1-мамыр күні отырған еді.

 

Жапонияның 59 жастағы жаңа императоры Нарухитоны ұлықтау салтанатына басқа елдерден 2 мыңнан аса адам арнайы шақырылған, олардың 40-ы – мемлекет басшылары, 180 елден басқа да өкілдер бар,  Жапонияның өзінен 1600-ден астам адам салтанатқа қатысты.

 

Жапон император әулеті – бүгінде бүкіл әлемдегі ең көне династия. Ресми түрде жапон мемлекеті біздің дәуірімізге дейінгі 660 жылы құрылған деп саналады. Биыл оның өмір сүріп келе жатқанына 2679 жыл толып отыр. Ал Нарухито – Жапонияның 126-шы императоры.

 

Кезінде императорлардың қолында шексіз билік болған, олар Күн Құдайының (Амитэрасу) ұрпағы саналған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ол тәртіп өзгерді, бұдан кейін олай саналмайтын болды. Содан бері император саясатқа араласпайды, ол тек ел мен оның бірлігінің символы іспеттес, ресми іс-шаралар­ға қатысады, басшыларды Үкіметтің ұсынысымен тағайындайды, басқа да аса маңызды емес бірқатар қызметтерді атқарады.

 

Жапония еуропалық жыл санау тәртібін 1873 жылдан бастап тұтынады. Яғни онда да қазір 2019 жыл, дегенмен бұл елде әрбір император таққа отырған сайын жаңа ұран қабылданады да, ол тарихқа сол императордың дәуірі болып енеді. Император өмірден өткен соң оны өзі тақта отырған дәуірдің атымен атайды, басқаша атаса, ол қорлау сияқты қабылданады.

 

Нарухитоның атасы Хирохитоның дәуірі (1926-1989 жылдар арасы) «Сёва» – «Білімді өмір» деп аталған. Яғни ол кісінің есімі тарихта Сёва деп жазылған. Сёва Жапония тарихындағы өте күрделі кезең болды. 1930 жылдары өкімет басына әскерилер келіп, милитаристік жолға түсті, бірқатар елдерді жаулап алды, Қытаймен соғысты, Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілді, 1945 жылы тамыз айында екі қаласы атом бомбасы тасталып, жермен-жексен етілді, Жапония Батыс елдерінің оккупациясын басынан өткерді. Бірақ ол басын имеді, «жапон ғажайыбы» деген атпен тарихқа енген ұмтылысымен бірте-бірте әлемнің ең дамыған елдерінің біріне айналды.

 

Ал Нарухитоның әкесі Акихитоның дәуірі (1989-2019 жылдар арасы) «Хэйсэй», яғни «Бейбітшілік орнату» деп аталды. Акихито да өз дәуірінің ұранына сай еңбек етті. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын тақтан бас тарту ойы барын білдірген еді, жапон Үкіметі 2017 жылы бұған қатысты заң қабылдады. Осы заңның негізінде Акихито тақты өзінің үлкен ұлы Нарухитоға табыстады. Нарухитодан кейінгі кезек ханзада Фумихитоға тиесілі.

 

Нарухито дәуірінің ұраны «Рэйва» деп аталады. Бұл «әсемдік және үйлесім», «бейбітшілікке ізгі ниет» деген сияқты ұғымдарды береді. Яғни Жапония жаңа дәуірге ресми түрде енді.

 

Жапонияда қазір 125 миллионнан аса адам тұрады, 98,4 пайызы – жапондар. Оның 30 миллионы Токио агломерациясында, яғни ел астанасы мен оның төңірегіндегі қосылып кеткен префектураларда шоғырланған. (Токионың өзінің тұрғындары 10 миллион адамнан асады).

 

Жалпы, бұл ел 6850 аралдан құралған Жапон архипелагында орналасқан. Жапон халқының 97 пайызы Хонсю, Хоккайдо, Кюсю және Сикоку аралдарында тұрады. Басқа аралдардың көбі таулы, жанартаулы болып келеді. Жапонияда жер сілкінісі, жанартау атқылауы, цунами, тайфундар жиі болып тұрады. Сондықтан онда тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар осындай табиғат апаттарына барынша төзімді етіп салынады.

 

Жапония экономикалық қуаты жөнінен әлемдегі ең алдыңғы орындардың бірінде тұр. Халқының жағдайы жақсы. Экспорт бойынша 4-ші, импорт бойынша 3-ші орынды алады. Жапония адам өмірінің ұзақтығы мен сәбилер өлімінің аздығы бойынша да әлемде алдыңғы орындардың бірінде тұр.

 

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ