Көкпарға тігілген көліктерді кім ұтты?

28.10.2019
Қаралды: 214

Қазақтың көкпар десе ішкен асын жерге қоятыны белгілі. Осы орайда қазір ел ішінде Түркістан облысының Шардара ауданында Болат Назарбаевтың Болат есімді ұлының құрметіне берген тойындағы көкпар жөнінде айтылып жүр. Біз сол көкпарда төрешілер қатарында болған Оралхан Есенбаев есімді азаматты сөзге тартқан едік.

 

Үш «Ниваны» – Түлкібастың, екеуін Сарыағаштың көкпаршылары ұтты

 

О.Есенбаев Шымкенттегі №8 қысқы спорт мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып істейді. Олар бір топ адам тойдан бір күн бұрын барып, ұйымдастыру жұмыстарын атқарған екен. Біз О.Есенбаевтан көкпарға қанша салым тігілгені және кімдердің қандай жүлде ұтқаны жөнінде сұрадық.

 

«Көкпарда барлығы 25 жұп салым салынды, – дейді Оралхан Әлиханұлы. – Оған Түркістан облысының барлық аудандарынан, еліміздің басқа облыстары мен Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен де көкпаршылар келіп қатысты. Жүлдеге 7 «Нива» автокөлігі және 300 мың, 500 мың теңгеден бірнеше салымдар тігілді.

 

«Нива» көлігінің 3-еуін Түлкібас ауданынан келген көкпаршылар ұтып алды. Жұлдызхан Дайырбеков, Бағлан Шырынбаев және Түлкібас ауданының атымен қатысқан шәуілдірлік Бағлан деген жігіт салым салды. Екі «Нива» сарыағаштық Ғалымжан деген азаматқа бұйырды. Біреуін Арман деген жігіт ұтты. Жетінші «Ниваны» тараздық Оразалы деген азамат иеленді».

 

Бұдан басқа 300 мың теңгелік – 41 салым, 500 мың теңгелік 2 салым салыныпты. Иесіне жүлде әпергендер арасында Тұмар, Сүлікторы, Тойторы, Байторы, Адмирал, Қасқа, Аққұм, Крутой, Комиссар, Снайпер атты тұлпарлардың аты аталады.

 

Атқа шаппай-ақ ақша бұйырғандар бар

 

О.Есенбаев тойға арнап 1 тонна 200 кило күріштен палау басылғанын айтады. Палау 7 мың адамға деп есептелген көрінеді. Той кезінде Б.Назарбаев Сүткенттегі тұрмысы төмен оншақты отбасыға 500 мың теңгеден және 1 миллион теңгеден ақша үлестіріпті. Ал тойға бата берген бір қарияға Б.Назарбаевтың қолынан 1000 доллар ақша бұйырыпты.

 

Бұл көкпарда оқыс жағдайлар да болмай қалмапты. Мысалы, Мұхтархан Ділдәбековтің бір тұлпары салым тастауға жақындап қалғанда сүрініп құлап мертігіпті. Көкпар шарты бо­йынша салым салынды деп есептеліп, оған 300 мың теңге жүлде берілген. Ал Мұхтарханның ол аты қатты мертіккендіктен сол жерде адал сойылып, еті таратылыпты.

 

200 мың долларға сатылмаған сәйгүлік

 

Бүгінде көзге түскен көкпар атын айтылған бағасына сатып алатындар да бар. Дегенмен мұндай додаға түсетін тұлпарын сататындар көп кездесе бермейді екен.

 

Мысалы, Түлкібастың Шардарадағы көкпарда салым салып, «Нива» автокөлігін ұтқан Досвидания деген ат иеленген сәйгүлігін кезінде 18 миллион теңгеге сұрап келгенде иесі бермеген екен. Тараздың 300 мың теңгеге, сосын «Нива» көлігіне салым сал­ған Тұмар деген атын 200 мың долларға сұрап жүргендер бар көрінеді. Мұндай көкпарға үйренген, жүйрік әрі мықты аттарды көкпарға жаны құмар, ақшасы көп адамдар алуға тырысады. Қырғызстанда Барон деген тұлпар болған, оны да иесі кезінде 200 мың долларға бермеген екен. Жалпы, бұдан да қымбатқа бағаланатын көкпар аттары болады деседі.

 

...Қысқасы, Шардарадағы көкпарға атағы алысқа жеткен көкпар аттары да келіп қатысыпты. Ал Алматы және Жамбыл облыстарынан келген бірер көкпаршылар болмаса, жүлденің басым бөлігін Түркістан облысының көкпаршылары иеленген. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан көкпаршылары арасынан салым салғандар болмапты.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ