Мектепке тәжірибе жасау қашан тыйылады?

28.10.2019
Қаралды: 77

Өткенде көкшетаулық мұғалім Әлия Ахетованың білім саласындағы қордаланған мәселелердің біразының бетін ашқаны белгілі. Дәл сол секілді жанайқай ата-аналарда да бар.

 

Кейде біздің елдің білім саласы қашан бір қалыпқа түсер екен деп ойлаймын. Әйтеуір әр министр келген сайын бір өзгеріс еніп тұрады. Осыдан біраз уақыт бұрын бірінші сыныптың «Әліппесі» алынып тасталған еді, оның орнын «Сауат ашу» деп аталатын оқу құралы басқан. Енді «Сауат ашуды» алып тастап, «Әліппені» қайта қолға алмақ екен. Ағылшын тілін балабақшадан бастап оқытып жатыр еді, енді ол мектепке дейінгі мекемелерде оқытылмайтын болыпты.

 

Министр мырзалар, мектепті экс­перимент алаңына айналдыруды қашан қоясыздар?! Тым болмаса балаларды аяйтын біреу бар ма? Бірде алады, бірде салады, әйтеуір осы салада жыл сайын бірдеме өзгермесе болмайтындай. Осының бәрі дұрыс сөзді қате қылып, қатені қайта жөндеп отыратын оқушының тірлігіне ұқсайды. Одан да алдымен оқулықтарды бала түгілі, үл­кеннің миына сыймайтын біртүрлі тапсырмалардан тазалап алайықшы.

 

Мысал да келтірейін. 4-сыныптың «Әдебиеттік оқу» пәнінің жұмыс дәптерінде мынадай тапсырма бар: «Оқы. Түсініксіз сөз тіркестерін бояп, ерекшелеп көрсет». Сөйтеді де, «ащы тіл», «шет тілі», «туған тіл», «шұбарланған тіл», «ана тілі», «өткір тіл», «бөтен тіл», «қиын тіл», «тәтті тіл» деп тізбектелген тіркестер береді. Содан соң осының жалғасы ретінде «Үлкендердің көмегімен түсініксіз сөз тіркесін сипаттап жаз» дейді. Он жастағы бала түгілі отыздан асқан менің өзім мына тапсырманы бірден түсіне алмадым. Мұның қайсысы түсініксіз? Өзі түсініксіз сөз тіркесі болса, оны қалай сипаттап жазады? Бір нәрсені сипаттау үшін адам оны алдымен түсінуі керек шығар? Ақыры сан қайтара оқып отырып, «Өзіңе түсініксіз сөз тіркесін көрсет» деп оқушыдан сұрап тұрған түрі болуы керек деп топшыладым. Демек, анау жалғасында «сол түсінбеген сөзіңді үлкендер түсіндіріп берсін» деп тұр. Сонда мұндағы «өзіңе» деген бір сөздің кемдігі оқушыдан бұрын ата-ананың миын ашытып тұр ғой.

 

Айта берсек, осындайлар жетіп артылады. Бұл секілді тапсырмаларды жаңартылған бағдарламаға сай басылған кітаптардың бәрінен табуға болады. Сондықтан ең бірінші кезекте мән-мағынасыз, баланың ойлау деңгейіне сай келмейтін тапсырмалары бар оқулықтарды тәртіпке келтірсе деймін. Басқаларын содан кейін-ақ қатыра беруге болатын шығар.

 

Білімнің ең басты құралы – оқу­лық. Ол ретке келмесе, мың реформа жасаса да пайда жоқ.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ