Тоқаевтың Жарлығы қызу талқыға түсті

28.10.2019
Қаралды: 64

Президент Қ.Тоқаев ка­др­лық саясатқа қатысты ерекше Жарлық шығарды.

 

Бұл Жарлықта Президенттің Ішкі істер, Қорғаныс және Сыртқы істер министрлерінен басқа министрлерді Қауіпсіздік Кеңесімен келісіп таға­йындайтыны туралы айтылады. Сондай-ақ Президентке тікелей бағынатын Президент Әкімшілігінің басшысын, Бас Прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттіктерінің, Ұлттық банктің төрағаларын, республикалық ұланның, Сыртқы барлау қызметінің, Президент күзетінің басшыларын, Есеп комитетінің төрағасын, Президент істері басқармасының басшысын тағайындау кезінде де Қауіпсіздік Кеңесімен келісіледі.

 

Облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдерін тағайындау да Қауіпсіздік Кеңесінің келісімімен іске асырылады. Сондай-ақ бұған дейін Президент Әкім­ші­лігінің ұсынысымен тағайындалатын болып бекітілген Қауіпсіздік Ке­ңесінің хатшысын тағайындау да Қауіпсіздік Кеңесімен келісілетін болады.

 

Осы Жарлық жарияланғасын ол ел арасында қызу талқыға түсті. Жұртшылық арасында ол Президент өкілеттіктерін шектейтін құжат деп айтылып жатыр. Бұған ұқсас көзқарасты бірқатар саясаттанушылар мен сарапшылар да білдірді.

 

Бұған қатысты журналистер қойған сұраққа орай Әділет министрі Марат Бекетаев өзінің пікірін біл­дірді. Оның айтуынша, мұның бәрі Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң қа­былданған кезде қарастырылып қойған, кей лауазымдарға тағайындау Қауіпсіздік Кеңесімен келісілетіні жөніндегі шешімді Парламент қабылдаған, кейін оған Президент қол қойған. «Маңызды саяси лауазымдарға тағайындау кезінде қандай да бір органмен, соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесімен келісу көп елдерде бар нәрсе. Мұндай келісім Президент билігін әлсіретпейді», – деді ол.

 

Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың өзі де таяуда «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында: «Тоқаев менімен келіседі, бірақ нақ­ты шешімді өзі қабылдайды», – дегенді айтқан болатын.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ