Қала көшесіне Қанай би есімі берілді

24.10.2019
Қаралды: 56

Ақмола облысының Щучинск қаласы көшелерінің біріне XVІІІ ғасырдағы Қазақстанның қо­ғам және мемлекет қайрат­кері Қанай би есімінің берілуіне орай салтанатты іс-шара болып өтті.

 

Қанай би Құттымбетұлы – шешен, батыр, Абылай ханның бас кеңесшісі. Қазіргі Ақмола облысының Зеренді ауданында туған. XVІІІ ғасырдағы Орта жүздің беделді көшбасшысы, сыртқы жауларға қарсы ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысушы және ұйымдастырушы, даңқты қолбасшы, қазақ жерін жоңғарлардан азат етуге үлкен үлес қосқан.

 

Қанай би атындағы көшенің салтанатты ашылуына Щучинск қаласының тұрғындары, Ақмола облыстық сотының, аудандық және қалалық әкімдіктің өкіл­дері, облыстық және аудандық мәслихаттың, құқық қорғау органдарының басшылары, прокуратураның, жергілікті мем­лекеттік мекемелердің, бизнес құрылымдарының өкілдері, еңбек және сот жүйесінің ардагерлері, сонымен қатар Қа­най бидің ұрпақтары мен мектеп оқу­шылары қатысты.

 

Аталған іс-шара қала, аудан және облыс үшін маңызды оқиға болды. Салтанатты іс-шарада Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев, Қанай бидің ұрпақтары – облыстық ардагерлер ке­ңесі төрағасының орынбасары Аман­гелді Ақынов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Мемлекеттік университетінің проректоры Аманбай Сейтқасымов, Щучинск қаласының Құрметті азаматы Әліби Ғазиз және Ермек Дәуітов өз лебіздерін білдірді. Олар көшенің салтанатты ашылуымен құттықтап,  бабаларының есімін жаңғырту бойынша ат­қарған еңбегі үшін судьялар қауымдастығына алғыс айтты, мектеп оқушыларына билер дәстүрінен тәлім-тәрбие алуға ақыл-кеңес берді.

 

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров өз сөзінде Қазақ хал­қының бірігуіне және мемлекеттің тұтастығын сақтауға көп еңбек еткен қайрат­керлерді өскелең ұрпақ білуі қажет екенін айтты. «Әлемдегі ешбір халықтың, еш­қандай мемлекеттің даму тарихында кез­деспейтін, тек қазақ ұлтының санасында сақталып, оның қоғамдық өміріне мінсіз қызмет еткен билер соты, олар ұстанған әділдік – біздің өнеге алар, таусылмас құқықтық байлығымыз. Сот билігінің қазақ қоғамындағы ерекшелігі сонша, кейбір кездері хан билігімен қатар, кей кездерде одан да жоғары бол­ған. Әрине, хан билігі сөзсіз басты, жоғары мемлекеттік билік болып есептелді, солай болды да. Бірақ хан билігі өзінің осы дәрежесін қамтамасыз ету үшін сот билігімен әрдайым санасып отырған, оған әркез арқа сүйеген. Би ханның ақылгөй кеңесшісі, рухани тірегі әрі ұстазы ретінде қаралды. Би әр уақытта халық атынан сөйледі және оның жанашыры болып саналды», – деді сот төрағасы.

 

Облыстық соттың төрағасы судьялар қауымдастығы мен жергілікті атқарушы органдардың қазақ халқы билерінің есімдерімен ауыл және көше атауларын өзгерту бойынша еңбектерін атап өтті. «Аталған жұмыс Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының негізгі қағидаларын жүзеге асыру мақсатында жүргізілуде», – деді Д.Әміров.

 

Іс-шара шашу рәсімімен және қала тұрғындары үшін концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ