Шымкенттің шырайын кетіретін мәселе көп

24.10.2019
Қаралды: 101

Шымкентте қазір не көп, кезекке тұру көп. Салық төлеуге барсаң, дәрігерге көрінуге барсаң, анализ тапсыруға барсаң, банкоматтан ақша алу үшін, банкке барсаң, қандай да бір басшының алдына кіру үшін де, халыққа қызмет ету орталығына барсаң да – кезек.

 

Осындай ұшы-қиыры жоқ кезектен жүйкең жұқарады. Бұл қалай, біздің елдегі басқару жүйесінде қандай да бір қатеге жол берілген бе немесе қызмет көрсету аясын кеңейтуге қаржы жетпей ме, әлде мамандар жетіспей ме?

 

Сол кезекке көбіне қолы бостау қарт­тар, яғни зейнеткерлер тұрады. Қақа­йып тұруға мұршалары келмей, отыратын орын іздейді. Ал кейбір мекемелерде, әсіресе бастықтардың алдында ондай жағдай қарастырылмаған, орындықтар қойылмаған. Көпшіліктің терезе жақтауларына, қабырғаға сүйеніп тұрғанын көресің.

 

Тағы бір айтылатын бір келеңсіздік – аялдамалар мәселесі. Мысалы, зообаққа таяу екі үлкен көшенің қиылысындағы аялдамаға көңіл аударыңыз (Бәйдібек би және Төлеметов атындағы көшелер). Аялдамалар жол қиылысынан 300 метрден астам жерде орналас­қан. «Қайнарбұлақтан», «Достық», «Ақжайық» шағын аудандарынан, «Асар» жақтан келген жолаушылар «Қайтпас-1»-дегі клиникаларға бару үшін немесе бас­қа бір шаруасы болса сол қиылыстан түсіп, көлікке ауысып мінуі керек. Егер аялдамалар қиылысқа жақындау орналасқан болса автобустан түсіп, көшеден өтіп, екінші автобусқа отырар еді. Жаңағыдай орналасқан аялдамалардың бірінен екіншісіне бару үшін кем дегенде 600 метр жол жүру керек. Күн шыжыған ыстық болса, жолаушы қарт кісі болса жағдайы қалай болатынын ойлап көріңіз. Осындай шалғай орналасқан аялдамалар қаланың басқа жерлерінде де болуы мүмкін. Осыны тиісті мекеме басшылары қолға алып, икемге келтірсе үлкен сауап іс болар еді.

 

Тойханалар туралы да айта кеткім келіп отыр. Тойханалардағы музыка барынша қатты қойылады. Аламантасыр, даң-дұң, тарс-тұрс, дүңк-дүңк еткен дыбыстардан кейде қан қысымың кө­теріліп, жүрегің айниды. Сәл жайырақ қоюға болады ғой. Тойханалардың бәрі дерлік акустикалық заң талаптарына сәйкестендіріліп салынбағаны белгілі. Кейде ығыр болып, 5-10 минут сыртқа шығып, сәл отыра тұрайын десең, кейбір тойхана алдында отыратын орындық та жоқ. Амалсыздан қайтып ішке кіресің. Тойхана басшылары осы айтылған келеңсіздіктерге көңіл аударар деген үміттеміз.

 

«Қайтпас-1» шағын ауданында орналасқан №10 қалалық клиниканың «Ақжайық» шағын ауданындағы бөлімшесі шағын ауданның шетіндегі жаңа салынған ғимаратқа, айдалаға көшірілгені де жұртқа жайсыз тиіп тұр. Ешқандай қоғамдық көлік жүрмейді. «Асар» ағаш базарынан түсіп, 500 метрдей жаяу жүріп барасыз. Егер адамның жаяу жүруге мүмкіндігі болмаса ше? Ал оонда жұмыс істейтін дәрігерлердің, тағы да басқа қызметкерлердің уа­қытында жұмысқа келуі, жұмыстан соң үйлеріне қайтуы қалай болады? Бұл жағдайлар ескерілмеген.

 

«Саяжай», «Қайнарбұлақ», «Достық», «Асар» шағынаудандарынан қалаға қатынайтын қоғамдық көліктерді «Асар» ағаш базарынан бұрылып, сол клиника бөлімшесі арқылы жүретін мүмкіндік жасау керек. Бір аялдама бұрылыс жасаған көліктердің ештеңесі кетпейді. Ал халық үшін игілікті іс болып, әжеті өтелер еді.

 

Тиісті мекемелердің басшылары көңіл аударып, осы ұсынысты іске асырар деп үміттенеміз.

 

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ