Есіркеп батыр турнирі: Түйе балуан жүлдеге «Мазда» мінді

24.10.2019
Қаралды: 51

Шымкентте қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі турнир болып өтті. Есіркеп батыр атындағы кезекті турнирді  Асқар Кенеханов басқаратын қалалық қазақ күресі федерациясы ұйымдастырды.

 

Бұл іс-шараның алғашқы күнінде қаладағы «Тұмар» дәмханасында Есіркеп батыр рухына арнап ас бе­рілді. Одан кейінгі екі күнде турнир мен оның ақтық сыны болып өтті.

 

Айта кетейік, бұл турнир осымен 20-шы рет өткізіліп отыр. Бел­гілі сазгер Жарылқасын Дәулеттің бастамасымен осыдан 20 жыл бұрын Бәйдібек ауданының Ағыбет ауылындағы Н.Крупская атындағы мектепке кезінде жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қол бастаған Есіркеп батырдың есімі берілген болатын. Кейін онда батырдың ескерткіш-бюсті орнатылған. Ал 2000 жылдан бері Есіркеп батыр атында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында турнир өткізіліп тұрады.

 

Бертінде Шымкенттегі «Жайлау» шағын ауданында бір көшеге Есіркеп батырдың аты берілді, сол жерде оған ескерткіш-тақта орнатылды. Ұйымдастырушы азаматтардың келешекте Ағыбет ауылында немесе Шаянда Тоғанас және Есіркеп батырларға ескерткіш қою ниеті бар. Ал бүгінде Есіркеп батыр атында турнир өткізіліп, ол кейінгі жылдары халықаралық деңгейге көтеріліп отыр.

 

«Алғашында турнир ауылда ұйымдастырылған болатын, аудандық деңгейде өткізіліп тұрды, оның танылуына Жарылқасын ағамыз көп еңбек сіңірді, – дейді Шымкент қаласындағы ұлттық және ат спорты клубы қазақ күресі бө­лімінің жаттықтырушысы, қазақ күресінен спорт шебері, ұлттық дәрежедегі төреші Олжас Кенехан (суретте). – 2007 жылы турнир алғаш рет облыстық деңгейде өтті, оған Бәйдібек ауданынан бөлек, Созақ, Отырар, Ордабасы аудандарынан балуандар қатысқан еді. 2009 жылы бас жүлдеге тұңғыш рет автокөлік тігілді. Ол көпшіліктің шешімімен Есіркеп батыр атындағы мектептің жаттықтырушысы Нұр­лан Қуанышбековке табыс етілді. 2013 жылдан турнир облыстық деңгейде өте бастады. Оған алғашында Қызыл­орда, Жамбыл, Алматы облыстарынан балуандар келіп қатысты, кейін қатысушылар басқа да облыстардан келді.

 

Ал бұл жолы турнир халықаралық деңгейде ұйымдастырылды, оған Қазақстан облыстарынан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен балуандар келіп қатысты. Жарыс Қажымұқан стадионындағы Жоғары спорт мектебінің спорт залында өткізілді».

 

Осылай деген Олжас бұл турнирдің өтуіне демеушілік етіп жүрген бірқатар азаматтардың есімдерін атап өтті. Яғни турнирдің өз деңгейінде өтуіне кәсіпкер Берік Әбутәліпұлы, №5 бокс мектебінің директоры Заңғар Қасқаев, ұлттық және ат спорты мектебінің директоры Нұрлан Жабаев, кәсіпкер Нұржан Әуесханұлы сынды азаматтар демеушілік етуде екен.

 

Жас та болса Олжастың өзі де турнирдің ауыл деңгейінен облыстық деңгейге көтерілуіне еңбек сіңіріпті,  Шымкентке ауыстырылуына ұсыныс айтыпты. «Негізінен бұл істе кезінде спорттық мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты болған Темірбай Шубаевтың сіңірген еңбегі көп. Ол кісі турнирдің облыстық, республикалық деңгейге көтерілуіне мол ықпал еткен», – дейді Олжас.

 

Бұл жолы турнирдің бас жүлдесіне «Мазда» автокөлігі тігілген. Оны түркістандық түйе балуан Дінмұхамед Ергешбай ұтып алды. Жүлделі орын иеленгендерге 20 мың, 15 мың және 10 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар, сондай-ақ заттай сыйлықтар табыс етілді.

 

«Есіркеп батыр атындағы қазақ күресінен өтетін турнир бас жүлдеге автокөлік тігілуімен ерекшеленеді. Елімізде жасөспірімдер арасында күрестен өтетін жарыстар көп, бірақ олардың ешқайсысында да мұндай жүлде жоқ. Бүгінде бұл турнирге қатысуға тілек білдірушілер қатары жыл санап өсіп келеді», – дейді Олжас.

 

Биылғы жарысқа еліміздің барлық дерлік облыстары мен Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан жасөспірім спортшылар келіп қатысыпты. Олжастың айтуынша, олар барлық салмақ дәрежелері бойынша күш сынасқан. Араларында салмағы 130, 150 кило тартатындары да болған. Яғни Есіркеп батыр атындағы турнир жастарды спортқа тартып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға өзіндік үлесін қосып келе жатыр деген сөз.

 

Ал қазақ күресінен Есіркеп батыр атындағы жасөспірімдер арасындағы кезекті, 21-ші турнир алдағы жылы Бәйдібек ауданындағы Ағыбет ауылында өткізілетін болып ұйғарылып отыр.

 

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ