Құжатын туралап беру үшін 50 мың теңге сұрапты

24.10.2019
Қаралды: 103

Кешегі аптада «Замана» газетінің редакциясына зейнеткер қария бас сұқты. Ол кісі алты баласы бар жалғызбасты қызының жайын күйттеп келген екен. Жетпісті ал­қымдаған ата бізге былай деді:

 

«Бір қызым Шымкент қаласында тұрады. Күйеуінен ажырасқан, өзі пәтер жалдап тұрады. Сол қызым сәуір, мамыр, маусым айларын қосқанда, атаулы әлеуметтік көмек ретінде 400 мың теңгеден астам ақша алған еді. Енді шілде, тамыз, қыркүйек айларына тағы да ақша алу мақсатында құжат өткізейін десе, құжат қабылдайтын жердегі жігіт алғашқы үш айлық ақшаны қайда жұмсағанын, не зат алғанын көрсететін түбіртек әкелуін сұрапты. Қызым: «Бала-шағаға азық-түлік, ас-ауқат алдым», – десе, «Ондай зат алуға болмайды, сіз кәсіппен айналысыңыз. Не зат алсаңыз да соның түбіртегін көрсетпесеңіз, құжаттарыңызды қабылдамаймыз. Сіз соны әкеліп көрсетсеңіз, біз сізді кәсіп жасап жатыр деп есептейміз. Олай болмаған жағдайда ақша берілмейді», – депті.

 

Мен оның бұлай түбіртек сұрауы заңды тұрғыдан дұрыс емес деп ойлаймын. Қызым: «Біз арзаншылық деп базардан аламыз, түбіртек жоқ», – деген екен: «Онда қағаздардың бәрін өзім туралаймын, ол үшін сіз маған 50 мың теңге ақша бересіз», – депті.

 

Ал енді ол ақша қызымның кәсіп ашуына жете ме, балалардың ас-ауқатына жете ме? Үкімет бұл ақшаны азық-түлікке деп беріп отыр ғой. Ал құжат қабылдайтын адам әлгіндей деп ақша сұрап отыр. Бұл дұрыс па? Ақшаны азық-түлікке емес, кәсіп ашуға жұмсайсыз деуі қаншалықты заңды?»

 

Атаның 50 мың теңге сұрапты деп отырғаны шындыққа қаншалықты жанасатынын біз білмедік. Солай болған күннің өзінде ол адам өлсе де мойындай қоймас. Ал түбіртек деп отырғаны сауда-саттық жасағанда берілетін чек қағазы болса керек. Ол кісі әлгі жігіттің мұны сұрату арқылы өз қалтасына ақша түсірудің амалын жасап отырғанын айтып ашынады. Ал осыған қатысты тиісті орындарға шағымданайын десе сөзіне дәлел болмаған соң оны мойындата алмайтынын да қоса жеткізді.

 

«Түсіріп тұрған камера жоқ, оны айтсаң, әрі-беріден кейін өзіңе жала жабуы мүмкін», – дейді ата сөз соңында.

 

Бұл – зейнеткердің бізге айтқан әңгімесі. Ал оның ақ-қарасы алдағы уақытта ашыла жатар. Біздікі тек осындай көп балалы, аз қамтылған отбасылар әлдекімдердің кесірінен тиесілі қаржыдан қағылмаса екен деген тілек. Не дегенмен біреудің қалтасынан емес, мемлекет қазынасынан жағдайы жоқтарға арнайы бөлініп жатқан ақша ғой. Барлық жерде тиісті бақылау болса, мұндай әңгіменің шеті де шықпас еді-ау...

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ