Дүнгендер - өзгелердің ортасында отырып, өз дінін сақтап қалған ұлт

24.10.2019
Қаралды: 130

Бүгінде экономикалық қуаты артқан Қытайдың әлемдегі жетекші рольге ұмтылып жатқаны мәлім. Осы орайда ол АҚШ-пен текетіресіп, араларында «сауда соғысы» жүріп жатыр.

 

Қытайдың іші қылпылдап отырған сияқты

 

Дегенмен Қытайдың ішкі ахуалы кереметтей тұрақты емес сияқты. Таяуда ғана 70 жылдығын дүркірете тойлап, әлемге әскери қуатын паш еткен ел «Коммунистік партияның басшылығы арқасында гүлдену үстінде екенін» айтып жар салғанымен де онда да іштен ірудің алғышарттары бой көрсеткенін айтып жүргендер бар.

 

Мысалы, Гонконг тұрғындарының қылмыс жасады деп танылған азаматтарды ішкі Қытайға экстрадициялауға байланысты заңға қарсы бас көтергеніне бірнеше ай болды. Орталық билік «қоймасаңдар, қырамыз» дегендей, оған әскер жақындатып сұс көрсеткен еді, халықтың наразылығы одан бетер асқынып кетті. Ақырында жұртты тыныштандыру үшін аталған заңның қабылданбайтыны айтылды.

 

Алайда орталыққа қарсы Гонконгтегі наразылық әлі басыла қойған жоқ. Кезінде Ұлыбританияның отары болған, демократияның дәмін татып қалған Гонконг орталықтың бұйдасына оңайшылықпен мойын ұсына қоймайтын сияқты.

 

Ал Шыңжаңдағы жағдай бүгінде әлем жұртшылығына белгілі. «Экстремизмнің, лаңкестіктің алдын-алу шарасы» деген сылтаумен мұнда азшылық ұлт өкіл­деріне, негізінен мұсылман дінін ұстанатын халыққа қарсы қысым жүріп жатыр. Адамдар сот шешімінсіз, нақты айып­таусыз қамауға алынып, «саяси үйрену мектептері» деп аталатын абақтыларға тоғытылуда.

 

Мұндай науқан Қытайдың Шыңжаң өңірінде 2017 жылы басталған. Қытайдың сырын білетін адамдардың айтуын­ша, бұл елде бір саяси науқан басталса, ол түбегейлі нәтижеге толық жеткенше он жыл бойы тұрақты түрде жүр­гізіледі. Демек, Қытайдағы  аталған қысым әлі де жеті-сегіз жылға созылуы мүмкін.

 

Қытай жағы бұл жөнінде құлағдар болған әлем жұртшылығын «олар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп жатыр» деп алдарқатуда. Бұған ешкім сенбейді. АҚШ осыны сылтауратып, Қытайдың бірнеше компанияларына қарсы санкция салды, осы науқанға қатысы бар деп табылған қытай шенеуніктері мен олардың отбасы мүшелерінің АҚШ-қа кіруіне визалық шектеу қойды.

 

Қорыта айтқанда, Қытайдағы ішкі саясатқа наразылар көп, ол наразылық өршіп келеді. Соның бірі ретінде соңғы кездері Қытайды мекендейтін дүнгендер­дің жайы жөнінде айтыла бастады.

 

Таяуда әлеуметтік желіде бір азамат Қытай үкіметінің енді дүнгендерге де тиісе бастағанын айтты. «Бірақ олар аз күш емес, елдің 25 өлкесінде мекендейді, оянса,  Қытайға қиын болады», – дейді ол.

 

Осыны естігесін оқырманға дүнгендер туралы танымдық мақала ұсынуды ұйғардық. Жалпы алғанда, дүнген бізге бейтаныс ұлт емес, олар өзіміздің Жамбыл, Алматы облыстарында бар. Әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Дүнген қызы» әнін де баршамыз білеміз, негізінен диқан-бағбандықпен, саудамен айналысатын бұл еңбекқор халықты іштей құрметтейтініміз де рас.

 

Қазақстанға қалай келген?

 

Дүнгендер – тарихы қызық халық. Бір деректерде олардың түбін Тан империя­сы (618-907 жылдар аралығы) кезінде Қытайға сауда-саттықпен барып тұрақтап қалған араб, парсы саудагерлеріне апарып тірейді. Теңіз жағалауындағы Қытай қалаларында тұрған олар қытай қыздарына үйленген, дүнгендер солардан тараған ұрпақ деп айтылады. Қытайда қазір дүнгендермен туыс, халық саны 10 миллионнан астам хуэйзу деген мұсылман дінін ұстанатын ұлт бар. Мұ­сылмандар үйленген қытай қыздарынан тарағанбыз деген сөз дүнгендердің де, осы хуэйзулердің де арасында айтылады. Бұл оларға ата-бабаларынан ауыз әдебиеті арқылы жеткен сыңайлы.

 

Дүнген мен хуэйзудің арасы тарихи себептермен ажырап қалған. Олар қытай тілінің диалектісінде сөйлейді. Өз тілдері қытайшаға ондағы Мин империясы кезінде (1368-1644 жылдар аралығы) ауысыпты. Бұлардың екеуі де Ислам дінінің сунниттік ағымын ұстанады. Бірақ КСРО-да тұрған дүнгендер жазуда Кирилл әліпбиін, ал Қытайдағы хуэйзулер    иероглифтерді қолданады.

 

Бір ғажабы, қазіргі Қытайды мекендеген көптеген ұлттар қытайланып кет­кенімен хуэйзулер өзінің ұлттық ерек­шеліктерін, дінін ғасырлар бойы сақтап қалған. Оларды түбегейлі қытайландыру әрекеттері нәтиже бермеген. Хуэйзулер дінге аса берік.

 

Қытайдағы Цинь империясының кезінде хуэйзулер бірнеше көтерілістер жасаған. Бірақ саны жағынан көп әрі жақсы қаруланған қытай әскерінен жеңіліп қалған. Сол кездері олардың көбін тұрғылықты жерлерінен басқа аумақтарға бөліп көшіріп тастаған.

 

Қытайдың Шэньси және Ганьсу провинцияларын, кейін Шыңжаңды қамтыған хуэйзулердің соңғы көтерілісі 1862 жылы басталып, он жылдан астам уақытқа созылған. Ол аяусыз басып-жанышталған. Кей деректерге қарағанда, Қытайдағы дүнген көтерілісі тарихқа аса қантөгісті көтерілістердің бірі ретінде енген. Қаза тапқандар саны 9 миллионнан 15 миллион адамға дейін болған деп айтылады.

 

Бүгінде Орта Азияның бірнеше елдері мен Ресейде тұратын дүнгендер – осы көтеріліс жеңіліске ұшырағасын, 1877-1884 жылдары Ресей империясына қоныс аударғандардың ұрпақтары. Орыс­тар алғашында оларды «дунган» деп атапты. Кейін, КСРО құрылып, 1924 жылы ұлттық шекаралар белгіленген соң олардың ұлт ретіндегі атауы патшалы Ресей кезінде қалыптасқандай, «дунган», яғни дүнген деп ресми бекітілген.

 

Бір деректерде «дүнген» атауының төркіні түркілерден келген деп айтылады. Оның бірінде Шыңғысхан қалдыр­ған әскерден, енді бірінде Ақсақ Темір жіберген әскерден бөлініп, Қытайда тұрып қалғандардан таралған, «тұрған» деп аталған делінеді. Тағы бір деректе ол қытайдың «тунькэнь» – «шекара аумағындағы әскери елді мекен тұрғыны» деген сөзінен шыққан деп тұжырымдалыпты.

 

Тағы бір дерек дүнгендердің түбін Қытайды билеген монғолдың Юань империясындағы сэмужень, яғни «түрлі-түсті көзділер» әлеуметтік табына апарып тірейді. Монғолдар жергілікті тұрғындардың қытайға жатпайтындарының бәрін осылай атаған деседі. Жергілікті қытайларға сенбегендіктен мемлекеттік бас­қару ісінде сэмуженьдерді көптеп тарт­қан деп айтылады. Юань империясы құлаған соң қытайлар  сэмужэньдер мен монғолдарға өз ұлтының адамымен шаңырақ құруға тыйым салған, тек қытайлармен ғана отбасын құруға рұқсат берген көрінеді. Содан сэмуженьдердің ассимиляциясы басталған деп айтылады, дүнгендердің қытай тіліне көшуін осымен байланыстырады.

 

Қытайлар хуэйзулерді емес, Ресейге кеткендерді дүнген деп атайды. Олар жер игеруге машық дүнгендерді кезінде шекара аумағындағы жерді игеру және әскерді азықпен қамтамасыз ету үшін ішкі Қытайдан көшіріп әкелген екен. Кейін олар Ресей құрамынндағы Орта Азияның шекаралас аумақтарына қоныс аударған.

 

Орта Азияға қоныс аударып, тұрақтаған дүнгендер ұрпағының жалпы саны қазір 120 мыңдай адам. Олардың басым бөлігі Қазақстан мен Қырғызстанда тұрады. Қазақстандағыларының көбі Жамбыл облысында. Сондай-ақ Алматы облысының да бірқатар аймақтарында дүнгендер бар. Олардың аздаған бөлігі Өзбекстан  мен Ресейдің бірқатар аумақтарында тұрып жатыр.

 

Ал Қытайда қалған хуэйзулер бүгінде  елдің Нинься-хуэй автономиялық ауданында негізгі ұлт саналады. Дегенмен басым бөлігі онда емес, Ганьсу, Циньхай, Гуйчжоу провинцияларында тұрады. Жалпы алғанда, хуэйзулер Қытайдың солтүстігінде, Шыңжаңнан бастап, Бейжіңге дейінгі аралықта шашырай орналасқан. Дінге берік бұл халық билік тарапынан қандай да бір қысым жасала қалса, өзін қорғайтын күшке айнала алады дейді білетіндер.

 

Батыр да, балуан да шыққан

 

Қытайлық дүнгендерден көптеген белгілі адамдар шыққан. Солардың бірі – Сеид Аджаль Шамсуддин Омар Мұхаммед пайғамбардан таралған деседі. Ол кезінде монғол империясының Бейжіңдегі (ол кезде Ханбалық деп аталған) қаржылық мәселелерімен айналысыпты, Юньнань провинциясын басқарыпты. Ал оның шөбересі Чжэн Хэ (Мұхамед қажы) Мин империясы кезінде жоғары билікте қызмет етіпті, әскери-сауда кемелерін бас­қарып, көптеген елдерге экспедиция басқарып барған екен. Бүгінде оны Малайзия мен Индонезиядағы қытай қауымдастықтары өздеріне пір тұтады. Осы елдерде оған ескерткіштер қойылған, оның атында ғибадатханалар бар. Қытайдың оқу-жаттығу кораблі соның атында. Чжен Хэнің есімі тарихқа көп ықпал еткен 100 адамның қатарында 14-ші болып аталады.

 

Дүнгендер арасынан әйгілі революционер Мағазы Масанчи шыққан. Ол Алматыда туып-өскен, Азамат соғысына, Кеңес өкіметін орнатуға белсене қатысқан, басшылық қызметтер атқарған. 1938 жылы, 43 жасында «халық жауы» деген жалаға ілігіп, атылған.

 

Сондай-ақ Қырғызстанда туып-өскен, 1943 жылы майданда қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Манзус Ванахун да – дүнген ұлтының өкілі.

 

Сол сияқты, осыдан бірер жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алып, Әлем чемпионаттары мен Олимпиадада Қазақстанның атын шығарған ауыр атлеттер, зіл­темір көтеруден Әлем және Олимпиада чемпиондары Майя Манеза мен Зүлфия Чиншанло да – дүнген ұлтының өкілдері.

 

...Шығу тегі әртүрлі тұжырымдалатын, аумалы-төкпелі талай заманды бастан өткерсе де, қаптаған қара қытайдың арасында отырса да ұлттық ерекшелігін, дінін сақтап қалған дүнген ұлты жөнінде осындай жайлар айтылады. Білгеннің зияны жоқ.

 

"Замана".

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ