Арғы беттегі ағайынның ахуалы қиын болып тұр

22.10.2019
Қаралды: 127

Қытайдан Қазақстанға қашып келген Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы деген азаматтардың айтқан әңгімелері адамның жанын түршіктіреді. Айтып отырса,  бұлардың қытайдан көрген құқайы аз емес екен.

 

Жантүршігерлік әңгімелер айтып берді

 

Шыңжаң өлкесіндегі Дөрбілжін деген шағын ауданда тұрған бұл азаматтар жолға 1-қазан күні шыққан екен. Ешқандай құжатсыз, жаяу-жалпы жүріп отырып, 5 күннен соң Шығыс Қазақстан аумағында шекарадан жасырын өтіпті. Сосын Алматыға, «Атажұрт еріктілері» ұйымының кеңсесіне жеткен. Ұйым сол күні-ақ Қазақстандағы адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросында арнайы баспасөз мәслихатын өткізді.

 

Осы жиында 25 жастағы Мұрагер Әлімұлы  өзінің қытай абақтысына үш мәрте қамалып шыққанын айтты. Айтуынша, Дөрбілжіннің өзінде бес-алты абақты бар, онда қамалғандарды сақшылар адам құрлы көрмейді екен.

 

«Қазақтардың көріп жатқан қорлығын айтуға тіл жетпейді, – дейді ол. – Қамалсаң, біттің, еркін сөйлесуге де болмайды. Қайтыс болған адамның жаназасын шығартуға, молдаға құран оқытуға болмайды. Зираттағы марқұмдардың аты жазылған белгілердегі діни сөздерді қарамен бояп тастаған. «Біссіміллә» деп айтқан жалғыз ауыз сөз үшін кемінде 5 жылға қамайды».

 

Бұл жігіттің Қытайда әйелі мен 5 жастағы ұлы, әке-шешесі қалыпты. Солардың жағдайына алаңдайды. «Елім, жерім деп, болып жатқан жағдайды жеткізуге келдік. Енді өліп кетсем де арманым жоқ», – дейді ол.

 

Ал 30 жастағы Қастер Мұсаханұлы Қытай түр­месінде жазықсыз 4 жылдан аса уақыт отырып шыққанын айтты. Ондағы азаптаулар мен қамаудағыларға көзқарас, адам өлімдері туралы әңгімесін естігенде жаның түршігеді.

 

Бұл азаматтар баспасөз мәслихатынан кейін жергілікті көші-қон полициясына барды. Арада көп өтпей Ұлттық қауіпсіздік комитетінің адамдары оларды ұстап алып, Зайсан жаққа апарды. Олардың үстінен шекарадан заңсыз өткені үшін қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл үшін оларды соттап жібере ме, әлде Қытайға қайтара ма – ол алдағы күндері белгілі болмақ.

 

Қауіпсіздік қызметінің мәлімдеуінше, Қастер Мұсаханұлы 2006 жылы жылқы ұрлығы бойынша істі болып, Қазақстан шекарасын бұзып өткен, кейін Қытайға қайтарылған көрінеді.

 

Жалпы, бұл азаматтар Қазақстаннан саяси баспана сұрап отыр. Ал ел арасында оларды Қытайға ұстап бермеу керек деп жатқандар көп.

 

Шет мемлекеттерде тұрып жатқан қандастарымыз да бұл істен құлағдар болыпты. Әлеуметтік желіде солардың бірінің Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының адамдарына қашқындарға баспана беруді сұрап өтініш түсіргені туралы аудиожазбасы жарияланды. «Халықаралық адам құқығын қорғайтын ұйымдарға хабарлағанбыз, хабары бар. Оларды жасырын түрде Қытайға қайтару ойы болса, ескертіңіз», – дейді ол кісі. Оның үнін біз бүгінде Германияның Мюнхен қаласында тұратын қандасымыз Өмірхан Алтынның дауысына ұқсаттық. Ол кісілер осыдан біраз бұрын Еуропада қазақтардың құқын қорғайтын ұйым ашқан еді. Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың жайына құлағы түрік жүретін еуропалық қандастар да өзіндік әрекеттерін жасап жатқан сияқты.

 

Қыздарды қытайларға зорлап қосып жатыр ма?

 

Дәл осы күндері әлеуметтік желіде тағы бір жайсыз видео таралды. Онда қызыл көйлек кигізілген жасөспірім қызды біреулердің «Бармаймын!» – деп бебеулей жылап, қарсыласқанына қарамастан көтере сүйрелей әкетіп бара жатқаны түсірілген. «Қазақ қыздарын қытайларға зорлап қосып жатыр», – дейді мұны желіге жүктегендер.

 

Әлеуметтік желіде кезінде Қытайдан көшіп келіп, белгілі бір себептермен Қазақстанда тұрақтай алмай, Түркияға көшіп кеткен ақын Гүлісхан Домалайқызының (суретте) осы видеоға байланысты әлдебір апамен пікір алмасқан аудиожазбасы да жарияланды. Ақын қазіргі қалыптасып отырған ахуал жайында өз толғаныстарымен бөлісіпті. Сөз сарынында ел, жер, ұлт болашағына алаңдаған уа­йым, үрей бар.

 

Өткендегі Алматы облысында қытай жұмысшыларымен болған төбелес, Қытай елшісінің оған қатыс­ты талап қоя сөйлеуі, кеше ғана бір қарақшылар қытай жұмысшысын тонап кетті деп таралған дерек – осының бәрі қосылып, жұртты бүгінде қатты алаңдатып отыр.

 

Мұның арты қайда апарып соғар екен...

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ