Қысымның 13 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын айтады

22.10.2019
Қаралды: 124

Таяуда Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қытайдың саяси лагерьлерінде этникалық қазақтардың жоқтығы туралы ақпараттың расталғанын айтқан болатын.

 

Дегенмен Қытай үкіметі тарапынан қандастарымыз­ға жасалынып жатқан қысым әлі де тоқтамаған секілді. Оған күні кеше шекараны бұзып өтіп, Қазақстанға қашып келген екі жігіттің оқиғасы дәлел.

 

Қытайдан Қазақстанға осыдан он бір жыл бұрын қоныс аударған азамат Қытайдағы аз ұлттарға қарсы қысымшылық саясаттың осыдан бірнеше жыл бұрын басталғанын айтады. «Ашыққа шыға алмаймын, оның өзіндік себептері бар», – деп әңгімесін бастаған ол бізден аты-жөнін көрсетпеуімізді сұрады. Барлық жағдайды сырттай бақылап отырғанын айтқан азамат былай дейді: 

 

«Аз ұлттарға қарата саясат жүргізу Қытайдың күн тәртібінен түскен емес, кезең-кезеңімен орындалып келеді. Ұйғырларға қаратылған саясат ертеден бар, ал қазақтарға 2005 жылдардан қолға алына бастады. Ең алғаш 2006 жылдан бастап Қазақстанға шығатын қазақтардың паспорттарын жинап алып, «алты таңба бастырып келесің» дегенді шығарды. Онда жергілікті сақшыханадан, содан соң өзің қызмет істейтін және басқа да ауылдық, аудандық мекемелерден, аудандық діни істер бөлімінен, саяси кеңес деген мекемеден рұқсат қағаздарын алу керек деген шарт қойылды. Осы кезден бастап есі бар қазақтар Қазақстанға ағылды. Ол кезде паспорттарды тартып алмаған, тек жекелеп ескерткен еді. Содан біраз уақыт өткенде, бір-екі жылдан кейін сол кездегі қазақ басшылардың мықтылығының арқасында бұл кейбір аудандарда іске асырылмады.

 

Бірақ Қытайдың қазіргі басшысы 2012 жылы билікке келген соң аз ұлттар мәселесін мықтап қолға алды. Ең алдымен ұйғыр ұлтын қыспаққа алды, оңтүстіктегі ұйғырлар 90 пайыз шоғырланған жерлерді қытайландырды, одан кейін солтүстіктегі қазақ көп шоғырлан­ған жерлерге ауыз салды. 2017 жылғы сайлауда қайта сайланған соң ол қысымды күшейтті. Аз ұлттардың өкілдерін жаппай саяси үйрену лагерьлеріне кіргізе бастады».

 

Айтуына қарасақ, қазақтар қамақтан босап шыққан күнде де оларды басына бостандық ала алды деп санау ерте секілді. «Алдында Қытайға барғанымда біздің ауданның саяси лагерьлеріндегі қазақтардың барлығының босап шыққанын сол жерде істейтін адамнан естідім, қазір ол жерде тек ұйғырлар жатыр екен. Соған қарағанда, көп қазақтың босап шығуына «Атажұрттың» ықпалы күшті болған болса керек. Оның үстіне екі ел арасында болып жатқан қаншама келісім-шарттар бар, солардың да пайдасы болған шығар. Бұнда халықаралық қысым да маңызды роль ойнайды. Оған қоса Америкамен болған «сауда соғысы» Қытайды экономикалық жақтан әлсіретті, саяси лагерьге жұмсалған орны толмас, қайтарымсыз қаржылар экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырды.

 

Рас, мен өз ауданымызда үйрену лагерінде қазақ қалмады деп естідім. Бірақ жалпы Қытайдың Шыңжаң өлкесінде жүздеген аудан бар, олардың жартысында қазақтар тұрады. Кешегі екі жігіт қашып келген Дөрбілжін деген ауданда да қазақтар көп. Олар 30-50 мыңдап лагерьде жатқан болуы керек. Ал ол адамдар лагерьден түгел шықты ма, шықпады ма, оны мен білмеймін.

 

Көбісі елге өткісі келеді, бірақ та кедергі көп. Кете алмай, бақылауда отырғандары да жетерлік. Қазір қытайлар қулыққа басып, аз ұлттарды бұрынғыдай саяси үйренуге кіргізбей, бірнеше жылға соттап, кез келген айып тағып, жазықсыздан кәдімгі түрмеге жібереді. Ендігі ойлап тапқандары – олардың мойнына қылмыс іліп, көзін құрту. Егер түрмеге «қылмысты» деген атпен кіргізсе, ол кезде басқа елдер ештеңе айта алмайды. Ең жаманы да осы болды», – дейді ол.

 

Әзірге бұл әңгіменің рас-өтірігі белгісіз, бірақ қандастарымызды «лагерьден босады» деп түрмеге тоғыта берер болса, оның арты не боларын кім білсін...

 

М. ШУАҚ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ