Арыс қаласы 60 жылдығын қалай атап өтті?

17.08.2016
Қаралды: 934

Бұдан 112 жыл бұрын қабырғасы қаланған Арыстың қала статусын алғанына 6-тамызда 60 жыл толды. Бүгінде қалада 75 мыңға жуық халық бар. 

Қала мерекесі қарсаңында  бірнеше жаңа нысандар ашылып, атқарылған жұмыстар көпшіліктің назарына ұсынылды.

Байқағанымыз, арыстықтар бұрынғыдай қыстан тоңып қаламыз деп алаңдамайтын болған. Көшелер де жөнге келтірілген. Қала басшысы облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың тапсырмасын орындап, қалаға кіре беріс тұсқа көркі көз тартарлық керемет дендросаябақ салыпты. Өткен жылы қазығы қағылған сол саябақтың құрылыс жұмыстары қысқа мерзімде аяқталып, 6-тамыздағы Қала күні қарсаңында тұрғындардың игілігіне берілді.

Бізге өзін осы қаланың тұрғынымын деп таныстырған Сапарбай Дәрібайұлы қалада соңғы кездері атқарылып жатқан жұмыстар туралы былай деді:

«Шындықты айту керек, Сейіт Мырзақұлұлы келгелі қаламыз ерекше өзгерді. Бұрын отау құрған жастар қыдырғанда баратын жер таппағандықтан қаладан шыға беріс жол жиегіндегі ескерткішке келетін. Осыны ескерген қала басшысы аумағы 12 гектарды құрайтын дендросаябақ салғанды дұрыс көрді. Біз мақтанғандай болмайық, бірақ мұндай саябақ басқа қалаларда жоқ дегенді айтып жүргендер бар.

Ең бастысы, біздің қаламыздағы жылу қазандығы жөнделіп қана қоймастан, қасына қосымша қазандық қойылды. Егер тосын жағдай бола қалса, екіншісі автоматты түрде іске қосылады. Қаншама жаңа мектептер салынды, ескілері жөнделді. Биылдың өзінде жаңадан бірнеше білім ордасы пайдалануға берілмек».

Әрине, бұл – бір ғана адамның пікірі. Бірақ біз қаланы аралағанда өз әкімдері туралы мұндай жылы сөз айтушыларды жиі кездестіруге болатынына көз жеткіздік. Себебі барлығы қалада атқарылған оң істерді көріп-біліп отыр.

Осыдан бес-алты жыл бұрын тамшылатып суғару әдісімен көшеттер егілгені есімізде. Кейін ол жер қараусыз қалды деген де сөз шыққан. Бірақ Сейіт Ертай сондай қараусыз қалған жерлердің барлығында жұмыстың жандануын  қайтадан өз бақылауына алыпты. Бүгінде «Қазына жер» ЛТД» мекемесінің жүгері алқабы жайнап тұрса, қараусыз қалды деп жүрген «Жаңа Ақдалада» егіс алқабындағы жайқалған жеміс ағаштарының көркіне көз тоймайды.

Оңтүстікте автомобиль жолының сапалылығы жөнінен басқа аймақтардың Арысқа теңесе қоюы екіталай. Биыл тағы бір маңызды жол ел игілігіне ұсынылмақ. Облыстық маңызға ие  «Арыс – Шәуілдір» тас жолының күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Алла бұйыртса, көп ұзамай ол жолмен де көліктер тоқтаусыз қатынайтын болады.

Айта берсек, Арыста атқарылып жатқан игі істер жетерлік. Бірақ оның барлығын сырттан келгендер біле бермеуі мүмкін. Сондықтан біз қала әкімі Сейіт Ертайдан қаланың 60 жылдығына қандай дайындықпен келгені туралы сұрағанымызда ол кісі былай деді:

«Атқарылған тірліктердің барлығы – жоспарлы жұмыстар. Шымкент бағытынан Арыс қаласына кірер тұстағы екі көпірдің салынғанына 30 жылдан асса да осы кезге дейін жөндеу көрмепті. Егер мұны қазір жөндемесек апаттық жағдайдың туындауы ғажап емес. Бұл облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы іссапармен келгенде талқыланды. Соның арқасында екі көпірге де жөндеу жұмыстары жүріп жатыр».

...Қысқасы, Арыстың халқы қаланың құрылғанына 60 жыл толған мерейлі мерекені жақсы қарсы алды. Ал мұндай қыруар жұмыстардың басы-қасында жақсы ұйымдастырушы мен білікті басшы жүрмесе, ойға алған істердің әрдайым сәтті орындала бермейтінін де естен шығармаған абзал.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ