Томирис ролін ойнаған Альмира Тұрсын туралы не білеміз?

22.10.2019
Қаралды: 155

Бүгінде еліміздің кинотеатрларында режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі көрсетіліп жатыр. Аздаған сын айтылғаны болмаса, жалпы алғанда, көрермен фильмді жақсы қабылдады. Әсіресе ондағы басты кейіпкердің – Сақ патшайымы Томиристің ролін сомдаған Альмира Тұрсынның есімі бүгінде жұрттың аузында жүр.

 

Кәсіпқой әртіс емес, мүлде басқа саланың маманы Альмираның өз кейіпкерінің бейнесін шынайы алып шыққанын өте ризашылықпен айтушылар көп. Сондықтан сұлулығы мен сымбатына сүйсінген жұрт «Сен – нағыз қазақ қызысың!» деп, бүгіннің өзінде атына «Шығыстың Анджелина Джолиі» деген теңеу айтылып жатқан Альмира Тұрсын кім, ол қайдан шықты, қазір не істеп жүр? – осы жөнінде айта кеткенді жөн көрдік.

 

Альмира Тұрсынның жасы қазір 28-де. Бүгінде Елордада тұрады. Отбасылы. Жолдасы – Артур бизнеспен айналысады. Олардың отасқанына 8 жыл болған, отбасында Заир есімді ұл бала өсіп келеді. Заирдің жасы қазір 6-да.

 

Альмира Алматы қаласында туып-өскен. Әкесі – жеке кәсіпкер, анасының мамандығы – экономист, қазір ол бала күтімімен үйде отыр, үй шаруасымен айналысады. Альмира 2008 жылы Қазақ Ұлттық уни­верситетінің экономика және бизнес фа­культетіне оқуға түскен, сондағы менеджмент және бизнес кафедрасында оқыған. Ол 2-ші курста жүргенінде, 2010 жылы университетте өткізілген арулар сайысында «Университет аруы» атанған. Сондай-ақ Алматыдағы бірнеше университет арулары арасында өткізілген байқауда да студенттік ару атағын жеңіп алған. Бұдан ертерек, 2009 жылы «Алматы аруы» байқауына да қатысып, алғашқы ондықпен ақтық сынға өткен. Кейін оған «Алматы аруы», «Қазақстан аруы» байқауларына түсуге  бірнеше мәрте ұсыныс айтылған екен, Альмира одан бас тартыпты. Өзі үшін ең маңыздысы қажетті мамандықты жоғары деңгейде меңгеріп шығу екенін айтқан.

 

Альмира өзінің табиғи сұлулығына жан-дүниесінің үйлесімділігімен, сондай-ақ уа­қытын босқа өткізбейтін білімқұмар ізде­німпаздығымен, мақсатқа жету жолындағы табандылығымен танылған. Қазақ Ұлттық университетін бітіргесін ол Мәскеу Мем­лекеттік университетіне түсіп, менеджмент бойынша оқыған, коучингті меңгерген. Кейінгі жылдары коуч-жаттықтырушы-кәсіби бағдар беруші болып еңбек етеді, жасөспірім қыздарға, бойжеткендерге, жас әйелдерге арнайы сабақтар, тренингтер, мастер-кластар өткізіп, оларға мамандық таңдауға кө­мектеседі, кәсіби бағытта бейімділігі, дарыны ашылып, өмірден өзінің орнын, бағыт-бағдарын табуына жол ашады. Осы арқылы да оның көптеген жандарға жәрдемі тиіп жүр. Альмира Тұрсын сондай-ақ бүгінде Іскер әйелдердің ортаазиялық конгресі ұйымдастыру комитетінің директоры қызметін де қатар алып жүр.

 

Альмираның ерекше бір қасиеті – ол өзін қызықтырған нәрсені тез меңгеріп алуға күш салады екен. Мамандығын, кәсібін өзгерту оған аса қиын емес. Өмірінде тұңғыш рет киноға түскенде-ақ бірден биіктен көрінуі осы қасиетінің арқасында болса керек. Сондай-ақ онда жөнсіз қызғаныш, өзгені күндеу деген жоқ, зейінін өзін жан-жақты жетілдіре түсуге бағыттап отырады. Ашық-жарқын мінезімен баурап алатын қасиеті бар. Фильмге түсе қояйын деп аса ұмтыла қоймаса да кино түсірушілердің оны көпшілік арасынан таңдап алуының өзі жайдан-жай емес. Ол – Томирис роліне шын мәнінде лайық жан. Көрермендердің көбі бүгінде осылай деп жа­тыр.

 

Альмира Тұрсын қазіргі күндері өзінің коуч-кәсіби бағдар беруші жұмысын жалғастырып жатыр. Бір ғана фильмге түсіп, онда да басты кейіпкердің ролін сәтті алып шыққан Альмираға қазір киноға түсуге ұсыныс білдіріп жатқандар да бар. Дегенмен ол әзірге киноиндустрия саласына түбегейлі ауысамын дегенді айтқан жоқ. Ойланып, үйдегілермен ақылдасамыз дегендей байсалды ұстанымын көрсетті.

 

...Ал «Томирис» фильмі Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен 2017 жылдың сәуір айынан түсіріле бастаған еді. «Қазақфильм» және «Сатайфильм» студиялары бірлесіп екі жарым жыл бойы түсірген фильмге 2 миллиард 500 миллион теңге қаржы жұмсалған. Қазіргі беталысына қарағанда, фильм өзіне шығындалған қаржыны аса қиындықсыз өтейтін сияқты. Өйткені оны тамашалаушылар қатары әлі де азайған жоқ.

 

Бұл фильмдегі жіберілген кейбір кем­шіліктерге қатысты сын  айтып жатқандар да бар, әрине. Дегенмен жұрттың басым бөлігі фильмге жоғары баға беріп отыр. Оның жақсы баға алуына, әрине, басты рольді сомдаған Альмира Тұрсынның да мол үлес қосқаны сөзсіз. Осы орайда жұрт бүгінде есімін сүйсіне айтып жүрген Альмира Тұрсынның бұдан да биіктерден көріне беруіне тілек­тестігімізді білдіреміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ