Қашып келген қазақтарды Қытайға қайтаруға қарсымын

21.10.2019
Қаралды: 47

Алматыда Қытайдан тарихи Отанына қашып келуге мәжбүр болған екі азаматты ҰҚК шекара қызметі ұстады.

 

Бұл екі қандасымыз да Сайрагүл Сауытбай сияқ­ты бастарына қара бұлт төнген соң қазақ еліне келуге мәжбүр болған. Қатал заң тұрғысынан ал­ғанда, әрине, олардың әрекеті заңсыз. Қасаң қағидаға жүгінсек, әрине, оларды соттап, кейін өздері азаматы болып табылатын мемлекетке қайтарып жіберу керек.

 

Бірақ... бұл екі азамат біздің қандасымыз емес пе?! Барар жер, басар тауы қалмағанда, исі қазақ Қазақстанға жүгінбегенде, қазақ еліне келмегенде, қайда барады? Қалай да болсын жол тауып, тарихи Отанына қайтпағанда қайтеді? Заң бұзды екен деп оларды арыстанның апанына жемтік етуге қалай жібереміз? Егер ешқандай қатер төнбесе де, заң бұзып, тып-тыныш жатқан елден шекарамызды бұзып келсе, әңгіме бір басқа. Ал миллиондаған мұсылманды «тәрбиелейміз» деп қапасқа қамап, халықаралық қауымдастықтың өзі «концентрациялық лагерь» ретінде мойындаған Қытайдың «орталықтарынан» құтылу үшін қашқан қандастарымызды неге бауырымызға тартпаймыз? Қазақтың Қазақстаннан басқа, тарихи Отанынан басқа қандай елі бар еді? Сайрагүлдің өзін 2,7 миллион шаршы шақырым жерге сыйғызбай, алыстағы Швециядан бір шығардық. Пана бола алмадық. Қорған болмадық. Ал енді мына екі қандасымызды да сыйғызбай, Қытайдың «лагеріне» айдап жіберсек, елдігімізге сын болмай ма?!

 

Сондықтан бұл екі азаматты Қытайға қайтаруға не түрмеге қамауға қарсымын! Бірақ бұл оқиғадан сабақ та алуымыз тиіс. Билік бірінші кезекте Қытаймен ортадағы шекара қалай бұзылды, оның қандай жолдары бар – соны жіті тексеруі тиіс. Бүгін екі қандасымыз келген жолмен ертең мыңдаған шекара бұзушылар жүрмесіне кім кепіл? Осы себепті мұның алдын алудың, шекарадағы тәртіптің күшеюін қадағалау керек.

 

Екіншіден, екі қандастың қашып келгені Қытайдағы бауырларымыздың жағдайы әлі де жөн­делмегенін аңғартады. Бұл мәселені қайта қолға алып, көтеру керек. Одан басқа жол жоқ. Әлемде бір қазақтың қорлық көрмеуі, бір қазақтың зорлыққа ұрынбауы – Қазақ мемлекетіне артылған жүк, міндет!

 

Жанболат МАМАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ