Ислам Әбішевке қатысты сот жүріп жатыр

21.10.2019
Қаралды: 77

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы Ислам Әбішевтің биылғы наурыз айында пара алды деген күдікпен қамалғаны мәлім.

 

Алғашында ол су құбырын тартуға бө­лінген 6 миллиард теңге қаржының 1 пайызын, яғни 60 миллион теңгесін арадағы делдал арқылы алған деп айтылған болатын. Кейін оған «пара алуға оқталу» бабы бо­йынша айып тағылды.

 

Сотта И.Әбішевтің құқын адвокаттар Абзал Құспан мен Ерлан Мәкенов қорғауда. Сондай-ақ Ислам Әбішевті қорғау комитеті құрыл­ған, осы комитет атынан кешегі аптада Президент Қ.Тоқаевқа Ашық хат жолданды. Жұртшылық И.Әбішевті кінәсіз деп, оның ақталуын қалайтынын білдіріп жатыр.

 

Кешегі аптада астананың қалалық қылмыстық істерді қарайтын арнайы сотында қатарынан бірнеше күн бойы И.Әбішев пен оның Қазақ күресі федерациясындағы орынбасары Серік Түкеевке қатысты сот про­цестері болып өтті. Ашық түрде өткен сот отырыстарына олардың адвокаттары, туыстары мен жанашырлары, БАҚ өкілдері қатыс­ты. Сот барысында адвокаттар қылмыстық іске қатысты түсірген бірнеше өтініштерінің дұ­рыс қаралмағанын, қанағаттандырусыз қалды­рыл­ғанын айтты. Осыған орай айып­талу­шылар сотты жүргізуші судьяға сенімсіздік біл­дірді. Қысқасы, бұл соттың біразға созылатын түрі бар.

 

Жалпы, И.Әбішев өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр. Ол өзіне қарсы іс әдейі ұйымдастырылған деп санайтынын білдірді.

 

Осы сот процестері кезінде Ислам Әбішевтің аузынан айтылды деген бір сөз әлеуметтік желі арқылы таралды. Ол: «Егер мені өзіне-өзі қол салып өлді десе, оған сенбеңіздер. Бұл – әдейі жасалған әрекет», – деген көрінеді.

 

Жарияланып жатқан кей деректерге қарағанда, И.Әбішевтің қазір денсаулық жағдайы арнайы күтімді қажет ететін сияқты. Яғни абақтыда оның бірнеше мәрте қысылып қалғаны, сот кезінде буындары құрысып мазалағаны туралы айтылуда.

 

...Ислам Әбішев бүгінде 63 жаста. Ол кісінің кезінде ірі кәсіпкер болғаны, кейін Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ордабасы ауданының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Шығыс Қазақстандағы Өскемен қаласының әкімі қызмет­терін атқарғаны белгілі. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурстары жө­ніндегі комитет төрағасы болып екі мәрте тағайындалған еді. Ал 2015 жылы Дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясының қоғамдық негіздегі президенті болып сайланғаны мәлім.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ