Кәрістер Қазақстан туралы не ойлайды екен?

21.10.2019
Қаралды: 157

Бүгінде мол табыс тапқысы келетін жастарымыздың көбі Оңтүстік Кореяға барып жатқаны белгілі. Туристік жолдамамен жетіп алып, есебін тауып сол жақта қалып кетушілер аз емес. Сондай азаматтардың бірі таяуда бірінші сынып оқушысын көлікпен қағып, сол бетінде оқиға орнынан қашып кетті.

 

Абырой болғанда, бала аман. Миы шайқалып, бірнеше жері сынған ол бірталай күн жансақтау бөлімінде жатып, енді ғана есін жиды.

 

Ал кішкентай баланы қағып, оны ауыр жағдайда қалдырып қашып кеткен азамат Оңтүстік Кореяда мақта фирмасында жалданып жұмыс істейтін Павлодар қаласының тұрғыны болып шықты. Ол сол күннің ертеңіне-ақ Оңтүстік Кореядан ізін суытқан екен. Біраз күн Өзбекстанда болған, сосын Қазақстанға келген. Бұл екі арада оны Оңтүстік Кореяда да, Қазақстанда да іздеп жатты. Себебі оқиға туралы елімізге сол күні-ақ белгілі болған, ал баланың әкесі Оңтүстік Корея Прези­дентіне хат жазып, қылмыс жасаған адамды тауып, тиісті жазасын беруді сұраған еді.

 

Кешегі аптада кінәлі азамат Оңтүстік Кореяға оралды, қылмысы үшін кешірім сұрады. Бірақ кешірілуі екіталай сияқты.

 

Оны сол жақта туған қарындасы да заңсыз жүргендіктен бауырын уайымдап, өз еркімен оралды деп жатыр. Бірақ оның өз еркінсіз де оралатыны белгілі жайт еді. Себебі Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасында қылмыс­керлерді ұстап беру жөнінде келісім бар.

 

Бұл кімге де болса сабақ болуға тиіс. Оңтүстік Кореяда заң қатаң, онда жұрт заңды сыйлайды. Адамдары қылмыс жасамайды, жасаса, мойнымен көтеруден қашпайды. Біздегідей тәртіпке немқұрайды қарау, «көкесіне», ақшасына сеніп заңды бұза салу деген ол жақта жоқ. Кезінде бірнеше Президентін жемқорлық қылмысы үшін соттаған бұл елде заң алдында адамдардың бәрі бірдей, ісіне сай жауап береді.

 

Ал Қазақстаннан қаптап барып жатқан «гастарбайтерлерге», оқыс жайларға ұрынып, ешкімнен көмек ала алмай, пұшайман күйге түскендерге (ондайлар да бар), қылмыс жасап, қашып кеткен мигрантқа қарап Оңтүстік Корея жұртшылығы біздің елге қандай баға берер екен? Осы сиқымызға қарап алдыңғы қатарлы отыз елдің ортасынан ойып орын алуға лайық деп айтуға күмәнданатын шығар. Ал біз болсақ, артымыз жылтырап көрініп тұрса да «мықтылығымызды» көрсетіп, «алғалаудан» әлі де қайтпай тұрмыз...

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ