Шейхтарға дуадақ аулауға рұқсат берілді

21.10.2019
Қаралды: 93

Қазақстан Үкіметі Біріккен Араб Әмірліктері мен Катардың төрт шейхына дуадақ аулауға рұқсат берді. Бұған қатысты арнайы қаулы шықты. Шейхтар құсты еліміздің республикалық маңыздағы арнайы қорықтарынан ителгімен (сұңқар) аулайды.

 

276 құстан аспауы тиіс

 

Атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктерінің шейхы Халиф Бин Заед әл-Нахаянға Түркістан облысындағы «Арыс», «Қаратау» қорықтарынан – 43 дана, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарын қамтитын «Оңтүстік Қазақстан» қорығынан 90 бас дуадақ аулауға рұқсат.

 

Әмірліктер шейхы Сурур Бин Мұхаммед әл-Нахаян Маңғыстау облысындағы «Кендірлі-Қаясан» қорығынан 43 бас дуадақ аулай алады. Сондай-ақ шейх Сеиф Бин Мұхаммед әл-Нахаянға да осы аталған қорықтан 43 дуадақ аулауға рұқсат беріліп отыр.

 

Ал Катар шейхы  Жасем Бин Хамад Бин Халиф әл-Тани Жамбыл облысындағы «Андасай» қорығынан – 27, Алматы мен Жамбыл облыстарын қамтитын «Жусандала» қорығынан 30 дуадақ аулай алады.

 

Ауланған әр дуадақ үшін Қазақстан бюджетіне 260 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақы төленеді. Яғни ауланған әр дуадақ үшін төленетін ақша 656 мың 600 теңге (1700 доллар) болмақ.

 

Шейхтардың дуадақ аулауы 10-қазаннан басталды, ол алдағы 15-қарашаға дейін жалғасады. Осыған орай Үкімет Алматы, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарының әкімдеріне оларға қажетті жәрдем көрсетуді тапсырды. Ал шейхтар әкелетін және әкететін ителгілерді тиісті тәртіп бойынша рәсімдеу кеден қызметіне тапсырылған.

 

Алғашқы саятшылық бұдан 25 жыл бұрын басталған

 

Дуадақ – құрып кету қаупі төніп тұрғандықтан Қазақстанның «Қызыл кітабына» ендірілген құс. Жергілікті тұрғындарға оны аулауға тыйым салынған. Ал араб шейхтарына рұқсат берілуінің себебі олардың Қазақстан аумағында дуадақ өсіретін питомниктер салып, оны қаржылай қолдап отырғанына байланысты. Бұған қатысты арнайы түзілген келісім-шарт бар. Яғни шейхтар жоғарыда аталған республикалық маңыздағы қорықтардың жұмысына қаржылай демеушілік жасайды. Осы қорықтарда жылына мыңдаған дуадақ өсіріліп, еркіндікке жіберіледі. Араб шейхтары да жыл сайын дуадақ аулауға келіп тұрады. Қазақстан Үкіметі оларға белгілі бір мөлшерде дуадақ аулауға рұқсат етеді. Құс аулауға арнайы рұқсатты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығын және жануарлар әлемін қорғау комитеті береді және іс барысын қадағалап отырады.

 

Жалпы, араб шейхтары бұдан бөлек, Қазақстан аумағындағы көптеген нысандарға инвестиция салған. Мысалы, Түркістан облысындағы Арыс қаласында перзентхана салған, Шымкент әуежайына компьютерлер әперген. Қорық­тар­ға жол талғамайтын ондаған қымбат көліктерді сыйға тартқан.

 

Қазақстан дуадақ аулауға рұқсатты алғаш рет 1994 жылы Сауд Арабиясының шейхы Мохамед Бин Бадер Бин Мохамед Бин Абдул Рахман әл-Саудқа берген. 2000 жылдардан бері Біріккен Араб Әмірліктерінің шейхтары тұрақты түрде құс аулауға келуде.

 

Ал сұңқармен құс аулау дәстүрі араб елдерінде ежелден бар. Осының салдарынан Араб түбегінде дуадақ азайған. Қазіргі кездері оның қатарын толықтыру үшін арнайы бағдарламалар жасалып, іске асырылуда.

 

Қазақстан мен Қырымды қолайлы көреді

 

Бір кездері араб шейхтары дуадақ аулау үшін Иранмен, Ауғанстанмен келісімдер жасап, құс аулау ұзақ жылдар бойы сол елдерде жүргізіліпті. Кейін Иран мен Ауғанстанда ішкі ахуал нашарлап, Ислам төңкерісі, Азамат соғысы болып кеткесін Пәкстанға ауысқан. (Дуадақтар Пәкстанға қыстап шығуға барады екен). Пәкстанда құсты квотадан асыра аулау оқиғалары болып, халық наразылықтары орын алғасын араб шейхтарының назары Қазақстанға ауған. Бүгінде олар  дуадақты негізінен Қазақстан мен Қырым түбегінен аулайды. Басқа елдерге қарағанда Қазақстан мен Қырымда дуадақ аулау қауіпсіз әрі арзанға түседі екен. Бұған байланысты арнайы мемлекеттік келісім-шарттар жасал­ған.

 

Ал араб шейхтарының құс аулауға неліктен сұңқарларды пайдаланатынына келер болсақ, бұл – өзі шағын ғана, жемтігін алыстан көретін өте алғыр құс, оны әуеде де, жерде де оңай іледі. Төңіректі жіті шолып, әуеде бір орнында біраз уақыт бойы қалқып тұра алатын да ерекшелігі бар.

 

Араб елдерінде мұндай құстардың біреуінің өзі бірнеше мың доллар тұрады, тіпті 100 мың доллардан асатындары бар. Араб шейхтарының жергілікті тұрғындардан мықты, үйретілген сұңқар сатып алған оқиғалары да болған. Әсіресе ақсұңқар аса жоғары бағаланады, құны 400 мың долларға дейін жететіндері болады. Мысалы, кезінде арабтың бір шейхы Пәкстанда осындай бір алғыр құсты иесінен 120 мың долларға ойланбай-ақ сатып ал­ғаны туралы дерек бар.

 

Топырлаған нөкерлерін ерте келеді

 

Шейхтардың кейбірінде 100-ге дейін алғыр құстар болады. Олар сұңқарларға аса қамқорлықпен қарайды. Тіпті өз елдерінде оларға арнап клиникалар да ашып қойған, арнайы дәрігерлер ұстайды. Олар құс аулауға шыққанда жанында осындай дәрігерлері, құсты баптаушылар, басқа да нөкерлері қаптап жүреді. Құс ауланатын елге ұшақпен, тікұшақпен адамдарын, қажетті құрал-саймандарын, көліктерін, шатырларын жеткізеді. (Түркістан облысының Отырар ауданында шейхтар үшін арнайы ұшып-қону алаңы салынғаны туралы біз газетімізде кезінде жазғанбыз).

 

Ал арабтар дуадақ аулауға неге құмар дегенге келсек, бұл туралы алыпқашпа сөздер көп. Соның бірі – дуадақ етінде еркектің бел қуатын арттыратын афродизиактар мол болады деседі. Дегенмен мұның рас-өтірігі белгісіз. Ал негізінен сұңқармен құс аулау – араб шейхтарының атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрі.

 

...Қысқасы, араб шейхтары Қазақстанға жыл сайын күзде арнайы келіп, дуадақ аулайды. Ауланған құстар арнайы көліктерде сақталып, елдеріне жеткізіледі.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ