Шардарада той өтті дүркіреген

21.10.2019
Қаралды: 149

«Замананың» таяуда жарық көрген нөмірінде біз Түркістан облысының Шардара ауданында ерекше бір той өтетіні жөнінде жазғанбыз. Елбасының інісі Болат Назарбаев Болат есімді ұлының туған күніне әрі сүндеттелуіне орай ұлан-асыр той ұйымдастырып, көкпар бергелі жатқанын айтқанбыз.

 

Аталмыш мереке кешегі бейсенбі, 17-қазан күні Шардара ауданында дүркіреп өтті. Осы тойдан түсірілген әуесқой бейнежазба бүгінде әлеуметтік желіде таралып жатыр.

 

Бұл бейнежазбада мерекені өткізуге таңдалған жердегі ақшаңқан киіз үйлер мен шатырлар, қаптаған үлкенді-кішілі көліктер, аттылы-жаяу адамдар көрінеді. Бір тұста «МАИ» автокөлігі тұр. Алаңқайға тарылдаған дауысы жер жара үлкен бір тікұшақ келіп қонуда. Қаптаған адамның шет-шегі көрінбейді. Той иелерін жеткізген болса керек, арада көп өтпей екінші бағыттан тағы да бір тікұшақ келіп қонып жатыр.

 

Біраздан соң қаптаған жұрттың ортасымен бір топ адамның келе жатқаны көрінеді. Олардың алдына түскен бірнеше азамат ентелеген адамдарды жасқап, жол ашып барады. Одан кейін арнайы жасақтың бірер сарбаздары, оққағарлар көрінеді, ортасында Болат Назарбаев келеді. «Міне, той өткізетін бас палуанның өзі келе жатыр», – дейді видеоны жүктеуші азамат.

 

Арғы жақта эстрада жұлдызы Мақпал Жүнісованың: «Өмір, өмір, өмір деген там-а-ша!» – деп өзіне тән мәнермен екпіндете әндетіп жатқаны естіледі.

 

«Не деген қиямет тірлік мынау! – деп әңгімесін қыздыра түседі видеоны жүктеуші азамат. – Мынау бас жағы, аяғы көрінбейді. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әңгіме жоқ!

 

1 тонна палау басылып жатыр. Өзім арнайы барып көріп келдім. 20 қазанға 1 тонна күріш басылуда. Басқа да тамақтар бар, кәуап бар.

 

«Шардара – Шымкент» тас жолын жауып тастаған ғой. Әртістердің бәрі көшіп келген.

 

Бас-аяғы көрінбейді түсіруге. Теңіз жақтан бері қарай аяқ алып жүру қиын. Келіңіздер, көріңіздер, керемет той болып жатыр!»

 

Осы аралықта Мақпал Жүнісованың: «Ел аман, жұрт тыныш болсын! Той тойға ұлассын, құрметті ағайын!» – деген дауысы естіліп жатыр. Видеоны жүктеуші азаматтың айтуынша, М.Жүнісова бұл кезде өзінің алтыншы әнін орындап біткен екен.

 

Құран оқыған адамның Назарбаевтар әулетінен өмірден өткен марқұмдар рухына арнап дұға бағыштағаны естіледі. Сөз арасында Гүлбану Шыңқанқызы, Төлен Тәшұлы деген кісілердің де аттары аталуда. (Бұл той иесінің ата-енелерінің немесе басқадай туыстарының есімдері болса керек). Шеті көрін­бейтін аумақта  құранға алақан жайып, бет сипаған адамдар көрінеді.

 

Тағы бір тұста ұзыннан-ұзақ тізіліп «Нива» көліктері тұр. Олар той құрметіне берілген көкпарда салым салғандарға, ақындар айтысында озып шыққандарға бұйырмақ.

 

...Міне, Шардарада өткен Болат Назарбаев берген тойға қатысты желіге жүктелген, қысқа ғана уақытты қамтитын бейнежазбадан біз осындай жайларды көрдік. Кей азаматтардың айтуынша, бұл тойға 60 мың адам жинал­ған көрінеді, аттылы адамдардың саны 10 мың болды, көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен де адамдар келді деп айтылуда. (Бүгінде Шардара ауданының өзінде 80 мыңдай халық тұрады).

 

Естеріңізде болса, Б.Назарбаевтың биылғы жазда да осындай бір той өткізгені туралы жазғанбыз. Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданына қарасты Көктерек деген ауылда болған тойға 45 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған, 7 «Лада Гранта» автокөлігі мен көптеген тұрмыстық заттар тігілген лотерея ойнатылған болатын. Ол кезде той иесі сол елдің күйеу баласы деп таныстырылған, ал той оның Еркежан есімді қызының тұсау­кесеріне арналған еді.

 

Енді Б.Назарбаев кезекті тойын Түркістан ауданының Шардара ауданында өткізді. Ес­туімізше, ол кісі осы жақтағы Сүткент ауылына да күйеу бала болып келеді екен.

 

Бұл тойда аламан көкпар берілді. Оған  қазағы қалың Оңтүстік өңірінің білегі жуан, тақымы мықты жүздеген жігіттерінің барып қатысқаны туралы естудеміз. Сәтін салса, біз сондай азаматтардың бірімен болған әңгімені газетіміздің келесі нөмірінде жариялауға ниеттеніп отырмыз.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ