Бесікті қараусыз қалдыруға болмайды

18.10.2019
Қаралды: 116

Үйдің кіре берісінде сәби жататын бесік-арбаларды жиі көремін. Аналар балаларын салып келіп, есік аузына қалдырады.

 

Бұл көріністі көпқабатты үйлердің бәрінен байқауға болады. Тіпті кейде ішінде баланың үстінен жабатын көрпе­шелерін де тастап кетіп жатады.

 

Қазақ ешқашан сәби жататын бесікті, сәбидің жуылған кірін далаға тастамаған. Бесікті қасиетті санаған, аяқпен баспаған, иесіз тастамаған, қатты ескірген кездің өзінде жерге тастамаған, биік жерге іліп қойған. Өйткені бесікпен ұрпағың өседі, әулетің көркейеді. Өмірге келген жас нәрестені періштеге балаған, сондықтан да бесікті таза ұстаған. Жын-шайтан жоламасын деп аластап, қас­қырдың тісін, тырнағын іліп, үкі қадаған. Бесіктің керек жабдықтарын кірлетпеген.

 

Былтыр үйіміздің кіре берісінде ішкі жабдығымен, иесіз жатқан бесікті көріп шошып кеткенмін. Сұмдық-ай! Баяғыда аналарымыз, әжелеріміз: «Бесікті, бала жататын бесік-арбаны далаға иесіз қалдырмаңдар. Иесіз жатқан затқа жын-пәле үйір болады», – деуші еді. Мына жағдайды көріп, біздің ұлтымыздың өз дәс­түрінен, ділінен алшақтап бара жатқаны­на күйін­дім. Бабаларымыз киелі санаған, олардың көзіндей болып жеткен асыл мұрамыздан жерініп, қасие­тімізді жоғалтып жат­қанымыз жаныма батты.

 

Қазақ үшін бесік – киелі, қасиетті зат. Оған қатысты ырымдар мен тыйымдар көп болған. Әрқайсының өз мән-мағынасы, орны бар. Бос бесікті тербетпейді. Наным-сенім бойынша бос бесікке ібіліс баласын жатқызады деп айтылады. Сондай-ақ бос бесікті ешуақытта жабусыз қал­дырмаған. Үстіне ақ мата жауып, ең болмағанда ұршығына орамал байлап қою қажет. Бала өскен соң бесікті міндетті түр­де төрге, маңдайшаға іліп қой­ған.

 

Бесіктің теріс жағына отырмайды. Бе­сікті саудаламайды. Айтқан бағасына сатып алады. Бесік жасайтын шеберлер ынсапты болуы тиіс. Киелі дүниенің бағасын көтермеген, саудаласпаған. Сондай-ақ халқымыз баласының бесігін біреу сұраса, арнайы ырым-жоралғы жасап, жақсылыққа балап, тек содан кейін ғана жақын туыстарына ғана беретін болған.

 

Қазақ халқы шаңырақты, бесікті, табалдырықты қасиет тұтқан. Бұл үшеуін ешқашан аяқпен баспаған. Бұл үшеуі қашанда бірімен бірі байланысып, ұштасып жатады. Сондықтан біз, үлкендер бесіктің киелі екенін, оны далаға, иесіз жерге қалдыруға болмайтындығын ұмы­та бастаған ұрпаққа жеткізейік.

 

Ал жас аналарға айтарым, қазіргі бесік ролін атқарып жүрген бала жататын арбаларды иесіз қалдырмаңыздар. Аппақ періштедей сәбиді иесіз, бір түн үйіңізден тыс жерде тұрған арбаға алас­тамай салу – жаман ырым.

 

«Арба бесік емес, оған бала жатпайды, тек серуендейтін құрал» дейтін­дер де болады. Оларға айтарым, сәби пәк, періште, адам баласы үшін ұрпағынан артық, одан қымбат еш нәрсе жоқ. Сол қымбатыңды бір түн болса да қараусыз қалған арбаға қалай жатқызуға болады?

 

Ал қараусыз, кіре берісте қалған сәби арбасына шаң-тозаң түседі, шыбын-шіркей қонады, түрлі жәндіктер түсіп кетеді, кіре берісте түнде неше түрлі бөгде адамдар кіріп жүруі де мүмкін. Тіпті ырымға сенбесеңіздер де, гигиеналық тұрғыдан да қараусыз қалдыруға болмайды.

 

Ал жалпы, халық айтса, қалт айтпайды. Қазақтың ырымдарының артында үлкен тәрбие жатқанын ұмытпағайсыздар!

 

Тұрар ШӘКЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ