Өмір бойы қой соңында келеді

18.10.2019
Қаралды: 147

Қырық жыл мұғалім болғандарды немесе шопырлықты кәсіп еткендерді дәріптеп, бүге-шігесіне дейін жазып жатамыз кейде. Ал жарты ғасырға жуық шопан болған адамды естігеніміз болсама көрмеген едік.

 

Осы күні Шымкент қаласының Тұрлан экспедициясы шағынауданының маңындағы бұрынғы саяжай алабында тұратын 81 жастағы Алпысбай Мұқаевтың шопандық еңбек өтілі 46 жыл. Біз қарияны әңгіме тартып, ерекше еңбек жолы жайлы сұрадық.

 

–  Созақ ауданының Жартытөбе ауылында өстім, – деді байырғы қойшы ата. –  Біздің балалық шағымыз соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тура келді.  Тұралап қалған шаруашылықты қалпына келтіру уақыты ғой, еңбекке жастайымыздан араластық. Ойын, сабақ оқу деген нәрселерден бұрын жұмыс бірінші кезекте тұрды. Өйткені жұмыс күші жетпейтін. Бізге бұғанамыз қатпай жатып толыққанды еңбек адамы ретінде қарайтын. Содан он жетіге толар-толмасымда колхоз басшылығы мені алдымен қойшының көмекшісі етіп рәсімдеп, жұмысқа қойды. Ол уақытта ана жұмысты істеймін, мына жұмысты істемеймін деген таңдау жоқ еді. Қалаға барып оқуды ойлағанымызбен, оның мүмкіндігі де болмады. Менің қатарластарымның ішінде арбакеш, орақшы, атқосшы деген жұмыстарды атқарғандар да бар.

 

Сонымен 1954 жылы, он жетімде еңбек жолымды қой бағудан бастадым. Қазір таң қаламын, сол қиын уақытта жауапкершілігіміз мықты екен. Қайнаған еңбекке кірісіп кеттім. Менің әрекетім аға шопанға ғана емес, туыс-бауырларыма да, колхоз басшылығына да ұнағанын іштей сезіп, марқайып жүрдім. Қойды жаю, суатқа қою, күрекпен қора тазалау, үй тігу, оны жығу, қой қырқу, қой тоғыту, креолинмен құртын жою, төлдету деген сияқты жұмыстың бәріне епті болып алдым. Көп ұзамай жұмыста жоғарыладым, менің жауапкершілігіме қарап өз алдына бөлек отар бөліп, жаныма бір көмекші бала тағайындады, ат пен мылтық берді. Енді мен қойшылықтың қыр-сырын меңгерген тәжірибелі жас шопан болып шыға келдім. Жайылымды тиімді пайдаланып, қойды ит-құстан аман ұстап, күйін арттырудың арқасында мал басының санын түсірмей, көбейтуге күш салдым. Мектепті жарытпасам да есепке жүйрік едім. Қой санақ деген болады. Отарды қорадан шығарып тұрып-ақ біртіндеп санап алатынмын. Ал жайылып жүрген отарды сыртынан үңіле бай­қап, саны қанша екенін дөп басып айтатын едім. Мұндай-мұндайды алғашқы кезде өзімнің аға шопанымнан үйрендім.

 

Ол кездің қойы басқаша еді. Таза қазақы қой, қазақы ешкілер болды. Мүйіздері сексеуілдей орағытыла шапшыған тайыншадай текелер отарды бастап жүреді. Қоңы жақсы қой да ірі жоталы, дөң тұмсықты келуші еді. Ондай қойлар қазір кемейіп кеткен, тұқымы майдаланды.

 

Қойды жаюдың да өз тәсілі бар. Қой шеңбер бойымен айналып жүріп жайылады. Отарды оқтын-оқтын сағат тіліне қарсы бағытпен айналып шығады. Сонда қой осы бағытпен айнала жылжып отырып жайылады.

 

Біз қой жүнінің сапалы болуын ойластырамыз. Оның құпиясы жоқ. Қойды күн астында көп жүргізбейді, сонда жүні мықты болады. Күнұзақ ашық далада ұстаса күннен күнге жүнін күн қақтап, қызартып-сарғайтып, қуатын жояды. Мен түнгі он-он бірге дейін жайып, таң алдында қайта өргіземін. Сәскеге жеткізбей көлеңкеге иіріп тастаймын. Содан күн еңкейгенде қайта өргіземін-дағы бес-алты сағат жаямын. Қойымның жүні қап-қара болып, желмен жібекше ойнап тұрады. Ал қырқымға айдар жолда өзенге тоғытамын. Осылай тап-таза, жоғары сапалы жүн беретінмін. Қытайдан келген қандастарымыздың арасында қойшылар болды. Олардың қойының жүні күнге күйіп, өңі кетіп, бос келетінін көріп жүрдім. Сөйтсем, күнұзақ ашық далада ұстап, күннің астына иіреді екен. Кейін оларға өзімнің тәжірибемді үйреттім.

 

Ғұмырымда 46 жыл өкіметтің қойын бақтым, атақты шопан атандым. Ол уақытта мемлекеттік жоспар деген бар. Шаруаға ұқыптылықтың арқасында жылда жоспарды орындаймын, көп еңбектенемін. Алты бала-шаға бар, отбасын асырау керек. Бала-шағам ешкімнен кем болмасын деп тынбай жұмыс істедім, атақ-дәреже дегенге қызықпадым. Жұбайым дүниеден ертерек, қырық жасында өтіп, балаларды өзім жетілдірдім. Басшылыққа жарамсақтанып, орден сұрамадым. Жаман болғанымыз жоқ, отбасым аман. Өзім оқымасам да балалар оқыды, маман болды.

 

...Жарты ғасырға жуық өмірі Созақтың қыраттары мен тау-тасында және бетпақ даласында шопандықпен өткен Алпысбай атаға зейнеткерлікке шыққаннан кейін совхоздан игіліктер бұйырмапты. Таратылып біткен совхозда ештеңе қалмаған да болар ол кезеңде. Қария тағдыр айдап балаларының жанына Шымкентке келген. Мұнда Созақтың даласындай кең дүние қайдан болсын. Ұлының есігінің алдына оншақты қой қамап, соны бірмезгіл төңірекке жаяды. Оған қоса сауындағы үш сиырына қарайды. Мал жайғап, жем-шөбі мен суын беруді ермек етпесе жайсызданады, көңілі пәсейеді. Айналасындағы көршілеріне шаруаның қыр-сырын үйретіп, кеңес беруден шаршамайды. 26 немере мен 32 шөбересінің ішінде кейбірі ата кәсіпке жақын екен. Немере-шөберелер Алпысбай атаның жанында оншақты қойды жайғауға, сиырлардың жағдайын жасауға дағдыланып жүр.

 

С. НАҒАШЫБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ