Энергетикалық сусындардың зияны қандай?

18.10.2019
Қаралды: 122

Осы күні энергетикалық сусындардың түрі ғана емес, оны тұтынушылардың да қатары артып кетті. Тіпті көпшілік жасөспірімдер де осындай сусындарға әуес.

 

Әдетте бұл сусындар адамға 3-4 сағатқа дейін сергектік сыйлайды екен. Осы уақыт аралығында мидың белсенділігін арттырып, көңіл-күйді көтеретін, шаршауды жойып, ұйқыны ашатын көрінеді. Сондай-ақ бұл сусындардың ұзақ жолда жүретін жүргізушілер, спортшылар, яғни жұмысы сергектікті талап ететін жандарға да көмегі бар. Бірақ қазіргі таңда мұндай газдалған тәтті сулардың зияны туралы аз айтылып жатқан жоқ. Біз бұл туралы диетолог дәрігер Жанна Нұрбергеновадан сұраған болатынбыз. Ол аталған сусын түрінің адамға, расында да, пайдасыз екенін айтады.

 

«Энергетикалық сусынның бір бөтелкесін ішкен адам шынында да көп күш-қуат алғандай болады, «мына сусын жақсы екен, сергіп қалдым» деп ойлайды. Ал шын мәнісінде ол ағзадағы «запаста» жиналып тұрған энергияны алады», – дейді ол. Дәрігердің айтуынша, мұндай сусындар адамға күш-қуатты сырттан бермейді, тек бойдағы энергияны ғана жұмсайды. Уақыт өте келе жоғалған энергияның орнын ұйқысыздық, шаршаңқылық, ашушаңдық басады екен.

 

«Бір ішкенде оның зияндылығы білінбейді. Ал адам үнемі ішуді әдетке айналдырса, кері әсері бірден байқалады: күш-қуаттың орнына әлсіздік пайда болады. Ал шамадан тыс пайдалану қан қысымының кө­терілуіне, жүрек соғысының жоғарылауына, адамның ұйқысыздық пен депрессияға шалдығуына әкеледі. Өкінішке орай, әдемі безендірілген бөтелкесі мен «қанаттандырады» деген жарнамасы жап-жақсы болғанымен зиянды әсерлері еш жерде көрсетілмейді, жазылмайды.

 

Энергетикалық сусындардың барлығының дерлік құрамында кофеин болады. Мысалы, 200 граммдық сусынның шамамен 100-150 миллиграмы кофеин болып табылады.

 

Энергетикалық сусындар алдымен жүрек-қантамыр, ас қорыту жүйесіне кері әсерін тигізеді. Гастриттің, асқазан жарасының, сонымен қатар жастардың арасында жүрек ауруларының пайда болуына да бірден бір себепші нәрсе – осы сусындар. Бұлар қан құрамында қанттың жоғарылауына да әкеп соқтырады. Ескерте кететін бір жайт, мұндай сусындарды балалар мен жасөспірімдерге, жүкті әйелдерге, глаукомасы бар немесе қан қысымы жоғары адамдарға ішуге мүлдем тыйым салынады», – дейді диетолог дәрігер.

 

Украиналық жас ғалымдар да мұның зияндылығын әлдеқашан дәлелдеп қойыпты. Олар тышқандар­ға тәжірибе жасаған. Сөйтіп, бір ай бойы судың орнына энергетикалық сусын беріп отырған. Әр тұтынғанда тышқандар екі сағатқа дейін өте жоғары белсенділік танытады екен де, одан кейін ұзақ уақыт самарқау, бәріне құлықсыз қалыпта қалған. Олардың іш-құрылысын ашып қараған кезде де, тышқандардың бүйрек-бауыр, жүрек жұмысының нашарлағаны анықталыпты.

 

Иә, энергетикалық сусындардың құрамындағы кофеин жүректің соғысын жиілетіп қана қоймай, адамды оған тәуелділікке алып келетін көрінеді. Оны ұдайы тұтынатын адам аталған сусынды пайдаланбаса өздігінен сергек сезіне алмайтын күйге жететін көрінеді. Сондықтан кей мамандар мұны күніне 1-2 құтыдан артық ішуге болмайтынын айтады. Дегенмен, Австралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы секілді кей елдерде бұларды сатуға да, ішуге де тыйым салынған. Ал Дания мен Норвегияда біздегідей дүкендерде емес, тек дәріханаларда ғана сатылады екен.

 

Рас-өтірігі белгісіз, бірақ жақындарының энергертикалық сусынды шамадан тыс тұтынуынан көз жұмғанын айтып жатқандар да бар. Сондықтан денсаулыққа пайдасыз дүниелерден барынша аулақ болуға тырысайықшы.

 

М. БИБОЛ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ