ЖСДП партиясының жағдайы жақсы болмай тұр

16.10.2019
Қаралды: 73

Еліміздегі «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өз ішінде дау-дамай жүріп жатқаны мәлім.

 

Биылғы көктемде кезектен тыс өткен партия съезінде Жармахан Тұяқбай қыз­метінен өз еркімен кетіп, орнына «Дат» газеттер жобасының жетекшісі, белгілі журналист Ермұрат Бапи сайланған еді, арада төрт ай өткенде партия оған сенімсіздік танытып, төрағалықтан босатты.

 

Сол кезде Е. Бапиге партияға беймәлім адамдарды тартқан, шетелден қаржы алмақ болған деген кінә тағылған болатын. Ал таяу­да әлеуметтік желіде ол кісінің бір адамнан 200 мың доллар көлемінде қарыз ақша ал­ғаны туралы қолхаты таралды. Оны жариялаушы, журналист Ораз Әлімбеков өз сөзінде мұны партияны сатып алуға талпынған әрекет деп бағалады. Өйткені қолхат ЖСДП-ның кезектен тыс съезі өтетін күні алынған екен, онда сол күн – 2019 жылғы 26-сәуір көрсетілген.

 

Арада көп өтпей Е. Бапидің өзі де бұған қатысты мәлімдеме жасап, ақша алғаны жөнінде қолхат бергенін растады. «Бірақ ақшаны қолма-қол алмағанмын. Партияның бұрынғы қарызы еді. Бұл съезден бұрын айтылған дүние. Сатып алу, сатып жіберу үшін емес, партияның қарызын мойныма алғаным үшін берілген қолхат», – деді ол кісі.

 

Кейін осы мәселеге қатысты арнайы баспасөз мәслихатын өткізген кезде Е. Бапи жұрт таңқалардай мәлімдеме жасады. Ол партия­ны қабылдар кездегі қарыздарды жабу үшін ақша алғанын растады. Қазақстанда үстінен қылмыстық іс қозғалып, бүгінде шетелде бас сауғалап жүрген Атырау облысының бұрын­ғы әкімі Бергей Рысқалиевтан 100 мың доллар алғанын айтты. Мұны осы уақытқа дейін құпия сақтап келген себебін былай деп түсіндірді:

 

«Менің ар-ұятым таза. Ешкімнің ештеңесін ұрлап кеткен жоқпын. Егер Бергей Рыс­қалиевтің партияның демеушісі екені белгілі болған жағдайда партияға жабылып қалу қаупі төнер еді. Партияны 1990 жылдардағы криминалдық құрылымдардан келген азамат қаржыландырып жатыр деген насихат күше­йер еді, қоғамда белгісіз, түсініксіз элементтермен жұмыс істейді деген ой туындауына негіз болар еді».

 

Өзіне тағылған кінәға байланысты Е. Бапи осындай мәлімдеме жасады. «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясында туындаған дау енді басқа қырынан жалғасын тапты. Қазір «Ақиқат» ЖСДП өкілдері партия ішінде арнайы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Ал еліміздің саяси партиялар туралы заңында шет мемлекеттен немесе шетелдегі заңды тұлғалар мен ұйымдардан ақша алуға тыйым салынған. Сондықтан егер заң бұзғаны дәлелденер болса, «Ақиқат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жа­бы­лып қалуы да мүмкін сияқты.

 

2007 жылдан бері заңды түрде жұмыс істейтін оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы еліміздегі кезектен тыс өткен бірнеше Президент сайлауларына қатыспай, оған бойкот жариялаған, сайлау кезінде Парламентке де өте алмаған еді. Партия басшылары алдағы 2021 жылы өтеді деп белгіленген Парламент сайлауына жақсылап дайындалып барамыз деп мәлімдеген болатын. Қазіргі жағдайы мынадай болып тұр.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ