Жағымсыз хабарлардан қашу керек

16.10.2019
Қаралды: 126

Теледидардан кешкі жаңалықтарды қоссаң болды, әңгіменің басын «өлтіріп кетті», «зорлап кетті», «өртеп кетті», «ұрып кетті» деген сарындағы жағымсыз жаңалықтардан бастайды.

 

Зорлық-зомбылық, жауыздық, қатігездік сипаттағы ақпараттарды жарыса көрсетіп жатады.

 

Әлеуметтік желіні ашсаң да сол жағдай. Сан түрлі сипаттағы видеолар да желіден келіп жатады. Бұдан кейін бұл әңгімелер біразға дейін адамдардың аузында жүреді. Бірақ осындай негативті ақпараттардың адамның санасына қаншалықты әсер ететінін біріміз білсек, біріміз біле бермейміз.

 

Адамдар жағымсыз жайларды естіп-білген соң әлгі негативті қабылдап, өз бо­йынан өткізеді екен. Мұның арты стреске, депрессияға, неврозға, қорқынышқа әкелуі немесе адамның көңіл-күйінің күні бойына бұзылуына әсерін тигізуі мүмкін. Адамдар жайсыз жаңалықтарды ести бере олардың бойында қатігездеу, қаталдау мінез пайда болып, біреудің қайғысына салқын­қанды, жеңіл қарайтын жағдайға жететін көрінеді. Израильдік психологтар жағымсыз жаңалықтарға адамның бойы үйреніп кететінін айтады. Тіпті уақыт өте келе адам оны елемейтін де болады екен.

 

Психолог Ләззат Нұрпейісова да мұндай оқиғалардың адамға пайдасынан гөрі зия­ны көп екенін алға тартады. 

 

«Күнделікті бізге жететін жаңалықтардың шамамен 90 пайызы жағымсыз ақпараттар десек, қате­леспеспіз. Се­бебін түсіндіру қиын, бірақ осындай жаңалықтар тез тарайды. Тез тараған соң мұндай жағдайлар одан са­йын көбейе түседі. Мысалы, көлік апаты туралы көбірек айтылса, соған ұқсайтын жағдай тағы да басқа жерде орын алуы мүмкін. Сол ақпаратты көріп отыр­ған балаларда да негативті ой көп болады. «Менде де осындай жағдай болып қалса қайтемін?» деген айдаладағы қор­қынышты өзіне шақырып алады. Жағымсыз ақпаратты естіген сайын ол түпсанаға жазыла береді.

 

«Жағдайым жоқ, жұмысым ауыр» деген сияқты өзінің жағдайына көңілі толмайтын шағымданғыш адамдар бар және «анау адам былай істеп жатыр, неге ол олай істейді» деп ұдайы өзгелердің ісін сөз ететін адамдар тобы бар. Осындай жандар әлгіндей жағымсыз ақпараттарды көбірек айтқанды, таратқанды жақсы көреді. Біреу туралы жағымсыз нәрсе айтқан кезде де айызы қанып, рахаттанып жеткізуі мүмкін. Бұл соны айтушылардың өзінің ішкі дүние­сінің таза еместігінен хабар береді. 

 

Бұл жағдайлардың алдын-алу үшін «былай не былай істеу керек» деген нақты бір ұсыныс айту немесе тоқтату мүмкін емес. Себебі әлеуметтік желінің күші орасан зор», – дейді шымкенттік маман. Ләззат ханым адамдарға мұндай дүниелерден гөрі позитивті, пайдалы ақпараттарды қарауға кеңес береді.

 

Расында да, денеңді дір еткізетін қылмыстық оқиғаларды айқайлата бергенді азайту керек шығар. Қоғамдағы қатігездік пен зорлық-зомбылықтың күн өткен сайын көбейіп бара жатқанының бір себебі де осында жатқан болар...

 

М. ӘМІР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ