Жәрдемақы мен ипотекаға қатысты айтарым бар

16.10.2019
Қаралды: 78

Кешелі бергі екі тақырыпқа да айтарым бар. Табыс деңгейіне қарамай көпбалалы отбасындағы әр балаға жәрдемақы тағайындау және алғашқы жарнасыз ипотека – нағыз қазақтілді көпшілікке өтімді тақырыптар. Халық қолдап жатыр.

 

Бірақ бұл – көпбалалы отбасыларды қолдау болғанымен, бір, екі, үш баласы бар ата-ананы қорлау. Сонда үш бала мен төрт баланың айырмасы не? Ең дұрысы, 18-ге толмаған баласы бар ата-ананың бәрін табыс салығынан босату керек. Сонда жеңілдік көргісі келген адам ашық (легально) жұмыс істейтін болады.

 

Ақыры мемлекеттің саясаты халықты еңбек етуге ынталандыру екен, осылай болғаны дұрыс. Әйтпесе үш баласы бар ата-анадан алған салықты төрт баласы бар ата-анаға беру болады.

 

Оның үстіне бұл – әлсізді әлдіге жығып беріп, жем қылу. Біреу денсаулығын сарп етіп, бір-екі баланы әрең туады. Ал қиналмай-ақ бес-алты бала туған әйел сол әлсіз әйелдің сүйретіліп жүріп тапқан табысынан төлеген салығынан жәрдемақы алады. Меніңше, бұл әлеуметтік алалау, адам құқығын таптау! Мен өзімнің жалақымнан ай сайын алатын 15-20 мың теңге салықтың 15 теңгесін де ондай адамға бергім келмейді.

 

Менің жазығым жамалған жүрекпен (жүрегіме операция жасалған) екі-ақ бала тапқаным ба? Мүмкін мен тағы да мемлекет пен қоғам алдында қарыз, кінәлі шығармын?

 

Ал бастапқы жарнасыз ипотекаға келер болсақ. Ипотеканың тиімсіздігі бас­тапқы жарнаның көптігінен емес, бағаның қымбаттығынан екенін шешім қа­былдайтын адамдардың өздері білетіні анық. Бірақ фокусты басқа жаққа аударып келеді. Соңғы «7-20-25» бағдарламасы соның айғағы еді. Бірақ бір жыл өтпей сол бағдарламаға өзгеріс ен­гізіліп, алғашқы жарнаны 20 пайыздан көп салуға болатын болды. Өйткені жаңа салынып біткен үйлерде баға қымбат. Неге? Себебі ол нысандардың бәрі жеке сектордың ұсынысы, шаршы метрі 330 мың теңгенің айналасында.

 

Ал мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасында бекітілген шаршы метрі 180 мың (аймақтарда  – 140 мың) теңгелік үйлерді неге жеткілікті етіп салмайды? Тұрғын үй нарығындағы бағаның өсе түсуіне кім мүдделі?

 

Мысалы, бір шаршы метрі 180 мың теңгелік 1 бөлмелі пәтер 7 миллион теңгенің айналасында болады. Оның 20-30 пайызы бастапқы жарнасы емес, тіпті жарты ақшасын Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінде 4-5 жылда айына 45-50 мың теңгеден салып жинауға болады. Мемлекет депозитке 20 пайыз сыйақы береді, банктің 2 пайызы тағы бар. Сонда сол үйдің қарызын тағы 5-6 жылда аса қиналмай жүріп төлеп тастауға болады.

 

Сәл пысықтау адамдар банкке тағы қосымша ақша жинап, әлгі бір бөлмелі пәтерін екі-үш бөлмелі пәтерге ауыстыра алар еді. Сонда елімізде өз өміріне жауапкершілікпен қарай алатын кез келген азамат 35 жасқа дейін баспана мәселесін шешіп қояр еді.

 

Бірақ соны түсінетін жан қайда?..

 

Айгүл МЫҢЖАСАР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ