Көп балалы санатына кірмейтін жанұялар да жәрдемақыдан қағылмаса екен

16.10.2019
Қаралды: 116

Келесі жылдан бастап бала басына қарай 42500 теңгеден жоғары жәрдемақы төленеді деген жаңалық біраз жұртты қуантып тастады.

 

Бірақ, мұның тек көп балалы отбасыларға қатысты екенін естігенде кей адамдардың қуанышы су сепкендей басылды. Министрдің бұл мәлімдемесіне көңілі толмай отырғандардың қатарында жетісайлық Фатима Жұмаханқызы да бар. Бұл келіншек туралы біз «Замана» газетінің өткен нөмірлерінің бірінде жазған болатынбыз.

 

Фатима – үш баланың анасы. Бес жылдан бері пәтер жалдап тұратын жал­ғызбасты келіншектің АӘК-тен басқа кірісі жоқ. Ол жәрдемақы жайлы былай дейді:

 

- Жаңадан тағайындалғалы жатқан жәрдемақы бала санына қарамай аз қамтылған отбасылардың барлығына берілуі керек деп ойлаймын. Мәселен, мен жұмыссызбын. Балаларым кішкентай болғандықтан оларға өзім қарап отырмын. Мемлекет тарапынан атаулы әлеу­меттік көмек аламын, соны үнемдеп, келесі ақша тигенге дейін жеткізуге тырысамын. Одан басқа кіріс көзі жоқ, алимент те алмаймын. Осы ақшамен ғана күн көріп отырғанымды жасырмаймын. Мектеп формасын да осының арқасында алдым. Енді бұл да мәңгілік емес қой, бір күні АӘК тоқтаса не істейтінімді білмеймін. Мен секілді қаншама отбасылар бар. Олар қайтеді? Пәтер жалдап күн кешіп отырған жал­ғызбастылар қаншама! Сонда үш бала тапқан жазығымыз ба? Ары қарай қалай күн көреміз? – дейді ол.

 

Фатима қазіргі жалдап отырған үйінің құлағалы тұрғанын айтады.

 

- Былтыр қысты көмірсіз өткіздім. Мұздай үйде отырдым. Қысымен балаларым ауырды. Биыл да қалай болатынын білмеймін. Үйдің ауызғы бөл­месіндегі терезелерінде әйнек жоқ, тормен ғана жабулы. Пеші де дұрыс жанбайды. Алдымыз – қыс. Уайымдап жүрмін. Басымда баспанам, істеп жат­қан жұмысым болса мемлекеттен ештеңе сұрамас едім. Біреу, екеу, үшеу болсын, бәрі де бірдей бала ғой, жәрдем­ақы барлығына берілсе деймін. Бала мектеп бітіргенше мемлекет тарапынан осындай тұрақты қаржымен қамтылса, ары қарай өздері жұмыс істеп, аяққа тұрып кетер еді.

 

Өткенде перзенттерін балалар үйіне тапсырып жатқан әйелді теледидардан көрсетті. Ол да қиналғаннан сондай әрекетке барып отыр ғой. Әйтпесе кім баласын жек көрсін?! – дейді ол.

 

Жаңа форматтағы жәрдемақы жайлы айтып жатқан жалғыз Фатима емес. Әлеуметтік желіде де мұнымен келіспей, ашынып отырған талай адам бар. Дегенмен мемлекет аз да болса аналардың қамын ойлайын деген секілді ме, қалай?! Тек кешегі әр отбасының тауығын санаған 21 мың секілді тиер қолға жеткенше жыр болмай, шаруасы оңай бітіп жатса болғаны. Әйтпесе аналар да сандалудан шаршады. Енді жоғарыдағылар көп бала, аз бала демей, Фатима секілді жалғызбасты жандардың да жайына бір мезет мән беріп қойса нұр үстіне нұр болар еді.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ