Қызылкөпірде Тілеуке батырдың ескерткіші ашылады

16.10.2019
Қаралды: 108

Алдағы сенбі, 19-қазан күні Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданына қарасты Қызылкөпір ауылында «Сіргелі Тілеуке – Қарабатыр» ескерткіші ашылып, ас берілгелі жатыр. Ескерткіш батырдың 325 жылдығы мерейтойына арнап орнатылған.

 

Біз осы іс-шара қарсаңында ұйымдастыру алқасының мүшесі, «Сіргелі Тілеуке батыр» қоғамдық қайырымдылық қорының президенті Шыңғысхан Қожабаймен хабарластық. Ол кісі  Сіргелі Тілеуке батыр туралы бірқатар деректермен бөлісті.

 

«Мен өзім мамандығым бойынша құрылысшымын, – дейді Ш.Қожабай. – Қазір зейнеткермін. Осыдан үш жылдай бұрын «Сіргелі Тілеуке батыр» қоғамдық қа­йырымдылық қорын құрғанбыз. Тілеуке батыр туралы тарихи ақпарат көздерінде көп айтылмайтындықтан ол жөнінде зерттеуді мақсат еттік. Оқулықтардан, түрлі кітаптар мен Ташкенттегі архивтен қарастырып, бабамыздың түменбасы, яғни қол бастаған батыр болғанын анықтадық.

 

Тілеуке батыр 1694 жылы Бөген өзенінің бойында өмірге келген. 16 жасында қалың қамыс арасындағы жолбарысқа жалғыз барып, оны өлтіріпті, батыр аты алғаш рет сол кезде шыққан. Жоңғарлармен шайқаста ерекше көзге түсіп, Қара батыр атанған. «Қара батыр» деген – атақ, дәреже. Кейін ол кісі солай аталып кеткен, бүтіндей бір руға аты берілген. Қарабатырлар бүгінде Бәйдібек ауданының көптеген жерлерін мекен­дейді.

 

1723 жылы жоңғарлар Шудан өтіп, Таразды, Құмкент, Шолаққорған, Созақты басып алған. 1724 жылы 30 мың қолмен Түркістанға шабуыл жасаған. Сол кезде Түркістанды қорғаған 10 мың сарбаздың құрамында Тілеуке бабамыз бастаған сіргелі жасағы да болған. Бір жарым айға созылған шайқаста қазақтар 5 мың адамынан айырылғасын сол кездегі Ташкент әмірі Төле бидің ақылымен Түркістанды тастап, Ташкент жаққа шегініпті. Ташкентте сол кездері «Сіргелі қамалы» салынған. Бұлай аталған себебі ондағы әскердің негізгі бөлігін Тілеуке батыр бастаған сіргелілер құраған. Кейін оған Арал бойынан Кіші жүз рулары, Сыр бойынан қоңыраттар, Ташкент маңынан шанышқылы, қаңлылар, тағы басқа рулар келіп қосылған. Сол қамал 1922 жылға дейін тұрды, кейін ол аумақ «Сіргелі ауданы» деп аталды. Қазір ол жақта 100 үйден астам сіргелілер тұрады.

 

Әлгі «Сіргелі қамалында» қазақ сарбаздары бір жыл мықтап қаруланып, дайындалып, 1725 жылдың жазында жауды Түркістаннан бастап, Таразға дейін қуған».

 

Осылай деген Ш.Қожабай бізге бұл деректердің Ташкент архивінен табылғанын айтты. «Архивте Ташкентті Төле би басқарғаны, сіргелі қолының Ташкентке бар­ғаны, қамал салғаны – бәрі сайрап тұр. Жалпы, Тілеуке батыр туралы Бұқар жыраудың толғауларында, Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» деген кітабында, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романында, одан басқа да бірқатар кітаптарда қысқаша түрде айтылады», – дейді ол кісі.

 

Айтуынша, қазақ даласын жаудан азат етуде көзге түскен батырлардың аты тарихта қалуы үшін Абылай хан олардың есімдерін Түркістандағы Йассауи кесенесінде тасқа жаздырған екен.

 

«Мен бабамыздың онда жазылған атын 1975 жылы көргенмін. Ұлытаудағы граниттен жасалған ескерткіште де Сіргелі Тілеуке батыр есімі тұр. Батыр есімі Қызылжардағы (Петропавл) 1767 жылы салынған Абылай хан резиденциясында да жазылған», – дейді Ш.Қожабай.

 

Халық арасында Қарабатыр атанған Тілеуке батырдың сүйегі 1754 жылы Алматы жақтағы қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын «Ойрантөбе» деп аталатын аумақта жерленген екен.

 

«Бабамыз 60 жасына дейін аттан түспей, ел қорғаған. 1754 жылы Нарынқол жақта жоңғарлармен үлкен шайқас болып, сонда ол жекпе-жекте жоңғардың аға­йынды екі батырын өлтірген екен. Кейін шайқас кезінде санына садақтың улы жебесі қадалыпты. Батыр оны жұлып тастап, жарасын таңып қойып шай­қасты жалғастыра берген. Кейін удың әсе­рінен талықсыған екен. Арнайы бөлінген жиырма шақты сарбаз Түркістанға жеткіз­бек болып әкеле жатқанда есін жиып, өзін қай жерде жантәсілім етсе, сол жерге қоюды тапсырыпты. Батыр сол Ойрантөбе маңында қаза болыпты. Бүгінде сол жерде «Сіргелі Тілеуке батыр» деген жазуы бар ескі кесенесі тұр. Біз оны жағыртпақ болғанбыз, бірақ жұмысты кейінге қалдырдық. Себебі біраз албандар оны біздің батырымыз деген сөз айтты.

 

Ойрантөбеде негізінен сіргелі батырының кесенесі тұрғанын бізге осыдан жиырма шақты жыл бұрын Шаян ауылында Қарабатыр бабамызға арнап ас бергенде кезінде совхоз директоры, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеген сол албан руының Үмбетжан деген азаматы айтып берген еді. Жиынға арнайы келіп қатысқан болатын. Өзінің мұны көнекөз қариялардан естігенін айтып: «Екі жарым ғасырдан бері жатыр, еге болыңдар», – деген. Кейін ол кісі қайтыс болып кетті. Бізде дискіге жазылған сөздері бар, мен оны албан руы қорының президенті Нұрлан Оразалинге көрсеткенмін», – дейді Ш.Қожабай бұл жөнінде.

 

Бұл кісілер Түркістан өңірінде ескерткішін ашып, ас беріп болған соң барып Алматы жақтағы батыр кесенесін жаңартуға кіріспек ниетте екен.

 

...Ал Қызылкөпірде бой көтерген Тілеуке батыр ескерткіші темір-бетон және тастан жасалып, гранитпен қапталыпты. Тұғырымен қосқандағы жалпы биіктігі 13 метрді құрайды, ат үстіндегі батыр бейнесінің биіктігі – 5 метр. Монумент авторы – шымкенттік Ерғали Мұстафаев.

 

«Мен ескерткішке қатысты үлкен конкурс өткізгенмін. Бұл жөнінде облыстық газеттерде жарияладық. Содан Шымкент, Тараз, Алматы, Ташкент, Бішкектен 19 мүсін жобасы түсті. Солардың ішінде осы жоба бірінші орын алды. Мемлекеттік комиссия оған өте жақсы шыққан, тарихта орны бар тұлға жақсы бейнеленген деп баға берді. Ескерткіштің сәулеттік көрінісін, жан-жағын абаттандыру жобасын Сұлтан Үлияев пен Рафаэль Хабибуллин жасаған. Құрылыс жұмыстарын Ғалымжан Мырзабаев деген азамат жүргізді», – дейді Шыңғысхан Қожабай.

 

Ал ескерткішке жұмсалған шығын 50 миллион теңгені құрапты. Қаржы «Сіргелі Тілеуке батыр» қорының ұйымдастыруымен Қарабатыр ұрпақтарынан жиналыпты. Ескерткіштің Екпінді (Қызылкөпір) ауылына тұрғызылуының бір себебі – бұл ауылда Тілеуке батыр шыққан Қарабатыр руының Ақпан атасынан тараған ұрпақтар тұрады екен.

 

...Қызылкөпір ауылындағы «Сіргелі Тілеуке – Қарабатыр» ескерткіші алдағы 19-қазан күні сағат 11.00-де ашылады, сонда батыр рухына арнап ас беріледі. Оған белгілі қаламгерлер Қабдеш Жұмаділов, Марат Тоқашбаев және басқа да қайраткерлер арнайы шақырылған. Жиынға Түркістан облысы өңіріндегі батыр ұрпақтары ғана емес, елдің түкпір-түкпірінен де адамдар келіп қатысады деп күтілуде.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ