«Келдібек ата» кесенесінде бас қосты

16.10.2019
Қаралды: 66

«Шымкент – Ташкент» күре жолының бойындағы «Келдібек ата» кесенесінде республикалық «Қаңлы» қоғамдастығының кезекті бас қосуы өтті.

 

Бұл игілікті іс-шараны Түркістан облысындағы Мақтаарал, Жетісай, Шардара аудандарында тұратын қаңлы тайпасының өкілдері ұйым­дас­тырған болатын.

 

Бас қосуда алдымен бабалар рухына бағышталып құран оқылды. Қоғамдастықтың Құрметті төрағасы, қоғам қайраткері, көптеген мемле­кеттік наградалардың иегері, Түркістан облысы мен бірнеше ауданның Құрметті азаматы Нұрмағанбет қажы Әжіметов сөз сөйледі. Ол 24-қыркүйекте Алматыда өткен Ақылдастар алқасының шешімімен Елеусіз Сұлтан­ғазиевтің қоғамдастық төрағасы болып сайланғанын хабарлады.

 

Сөз орайы келгенде айта кетейік: Ақылдастар алқасының құрамында Әділбек Мұсылманқұл (Нұр-Сұлтан қаласы), жазушы Марат Тоқашбаев (Алматы қаласы), Тілләбек Мұсабаев (Шымкент қаласы), Жаппар Үмбет (Түркістан облысы), Ташман Шекеров (Шардара ауданы), барлығы 21 азамат бар.

 

Қоғамдастықтың жаңа төрағасы Елеусіз Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, алда тұрған мақсаттарға тоқталып өтті. Ел басшылығының алға қойған міндеттерін жүзеге асыру жолында жаңашылдықпен жұмыс істеуге шақырды. Жас ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге байланысты оларды білімді, мәдениетті, өнерді, спортты серік етуге үндеді.

 

Осы орайда қоғамдастықтың жаңа төрағасын қысқаша таныстыра өтейік. Е.Сұлтанғазиев – Алматы облысының тумасы. Бұрынғы Шелек ауданында агроном, бас агроном, халық депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы, кеңшар директоры, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудан әкімі, «Үлкен Алматы» каналы құрылысының бас директоры қызметтерін атқарған. Бірнеше орден-медаль иегері. 2007-жылдан бері Алматы қаласы мен облысындағы «Қаңлы» қоғамдастығы «Бәйтерек – Келдібек» қорының директоры қызметін атқарып келген.

 

Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген қадірменді қонақтардың атынан Алданазар және Әлішер деген азаматтар, тағы басқалар сөз сөйледі. Олардың бәрі де Құрметті төраға мен жаңадан сайланған төрағаға табыс тіледі. Ораз­қожа Бегімбетов жиналған қауымға бата берді. Ақын, әнші, термеші, облыстық, республикалық термешілер байқауларының жүлдегері, «Кө­ңілімнің көкжиегі» атты жыр жинағының авторы Қанат Дауылбаев «Қаңлы баба» толғауын тө­гілтті. Роза Мұратова өзінің арнауын орындады. Бас қосу барысында бір топ азаматтарға «Қаңлы» қоғамдастығы «Бәйтерек – Келдібек» қорының алтын және күміс төсбелгілері табыс етілді. «Медеу ата» мейрамханасында бабалар рухына арнап ас берілді.

 

Қоғамдастықтың кезекті бас қосуын 2020 жылы 3-қазан, сенбі күні өткізу жоспарланып отыр. Оны өзбекстандық ағайындар ұйымдастыратын болады.

 

Әбдісаттар ӘЛІП.

Құттыбай ҚАЛЫБАЕВ.

Түркістан облысы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

Пікір қалдыру

1000 символ